Бала тәрбиесіОтбасы

Баланы айқайсыз тәрбиелеудің 7 жолы

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Содан болса керек, ұлтымызда «беске дейін балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген сөз қалған. Десе де, қазіргі ата-аналар бала тәрбиесінде көп олқылықтарға жол беріп жатады. Ақылға емес, ашуға ерік беретін әке мен ана өздерін ақтап алу мақсатында түрлі сылтауларға көшеді. Олар балаларының тым шектен шығып, жүгенсіз кететіндігін айтып, сондай сәтте баланы тәртіпке шақырудың айқайдан басқа жолы болмайтындығын алға тартады. Осы орайда «Сырласу» балаға дауыс көтермей, тәртіп орнатудың тәсілдерімен бөліспек.

Бала – жауыңыз емес!

Отбасындағы татулық бір қарағанда қалыпты дүние, қарапайым көріністей көрінуі мүмкін. Алайда балаңызбен оң қарым-қатынас орнатқаннан кейін, бәрі бірден жақсы жаққа қарай өзгереді. Мәселен, отбасы мүшелерінің бәрі бақытты әрі көңіл-күйлері де әркез көтеріңкі болады.

Бүгінгі таңда ата-аналардың алдында жауапты әрі қиын міндет тұр – қатал және әділетсіз әлемде лайықты тұлға тәрбиелеу.

Әрбір ата-ана бала тәрбиесінде өздері дұрыс деп тапқан жолмен жүреді: кейбіреулер мәселені айқаймен шешеді, басқалары ашуын үнсіздікке жеңгізіп, балаларын еркіндіктен айырады, ал тағы біреулері жүйкесін жұқартпай, жай ғана балаларынан алыстай түседі. Балаларының кемшілігімен күресіп, оларды күнделікті бөлмесін тазалауға дағдыландырудың орнына ауыздарын жыбырлатып, сол жұмысты өздері жасауды жалғастыратын ата-аналар да бар. Алайда баламен қарым-қатынас орнатуда аталған әдістердің ешқайсысы да дұрыс емес.

Ең бастысы, кез келген жағдайда сабырлық танытсаңыз, балаңыздың алдында беделге ие боласыз. Дейтұрғанмен, бұл баланың барлық шала ісіне немқұрайлы қарау керек дегенді білдірмейді.

Балаңызға дұрыс ақыл-кеңес беретініңізді көрсетіңіз, бірақ ешқашан оның ішкі жан дүниесіне қол сұқпаңыз, осылайша балаға таңдау еркіндігін сыйлайсыз әрі баланың әр кез сізге құлақ асатындығына сенімді боласыз.

Есіңізде болсын: жауыңыз – бауыр еті балаңыз емес, бақыланбайтын эмоцияларыңыз!

Сабыр сақтауға арналған 7 әдіс

Егер балаңыз сізді жиі ашуландырса, мұны қалыпты дүние деп қабылдауға болмайды. Ең бастысы, бұл жағдайға бала емес, өзіңіз кінәлі екендігіңізді түсінуіңіз керек. Осы орайда мына пайдалы кеңестерге құлақ түргеніңіз жөн:

  1. Ашуыңызды туғызатын дүниеге түсіністік танытыңыз. Әрқайсысымыз қандай сөздердің жанымызға жара салатынын білеміз. Бұл туралы балаларымыздың да хабары бар. Себебі олар біздің әлсіз тұсымызды көреді. Мәселен, бала «Мен сені жек көремін!», «Жұмысың менен де артық!» деген сөздерді естігенде іштей терең дем алып, «ләм-мим» деп тіл қатпаңыз. Әрбір ана баласынан «Менің анам өзге адам болғанда ғой!» деген ауыр сөздерді естігенде барынша сабырлық танытқаны жөн.
  2. Балаңыздың жеке шекарасына кірмеңіз. Әр баланың өз үйінде жеке кеңістікке құқығы бар. Бөлек бөлме – баланың жеке басын дамытудың жолы. Балаңыздың жеке заттарын қопарып, бөлмесін таза ұстауы қажеттігін қайта-қайта еске салып, тәртіпсіздікке бола сөгетін тиран ата-ана болудың қажеті жоқ. Күндердің бір күнінде балаңыз өзі-ақ таңертең ұйқыдан оянған сәтте бөлмесін реттеуі керектігін түсінеді. Балаңызға бөлмесін тазалау қажеттігін әрдайым еске салардан бұрын өз бөлмеңізді жинастыруды ұмытпаңыз.
  3. Ортақ сұрақтарды қоймаңыз. Балаңыздың сізге шынайы жауап қатуы екіталай. Ал үстіртін жауап бергенін сезген кезде, бойыңызды реніш сезімі билейді, бұл реніштің соңы үлкен дауға айналуы мүмкін. «Қалайсың?» немесе «Өзіңді қалай сезінесің?» деген сауалдарға жауап беру қиындық туғызады. Көп адамды «қалыпты» деген жауап қанағаттандырмайды, шынтуайтында бұл жауап ешбір көңіл-күйді сипаттамайды, ол үнсіз қалумен бірдей. Егер балаңыздың жағдайы туралы білгіңіз келсе нақтырақ болыңыз және оның істерінен үнемі хабардар болуға тырысыңыз. Себебі, ол – сізге бөтен емес.
  4. Баланың сіздің ойыңызбен келіспеуіне жол беріңіз. Бұл – аса қиын. Бірақ ой еркіндігі балаңыз екеуіңіздің арасында өзара сыйластық орнатады. Баланың айтар пікіріне құлақ асыңыз және еш уақытта оның жеке көзқарасын сынға алмаңыз. Тек «ненің жақсы, ненің жаман екенін» түсіндіруге тырысыңыз әрі ақыл-кеңесіңізді айту сәтінде балаңызға артық жүк артпаңыз.
  5. Балаңыздың таңдауын құрметтеңіз. Белгілі бір жастан бастап бала бос уақытын өзі қалағандай өткізуге құқылы. Мәселен, құрбыңыздың үйіне сізбен бірге қонаққа барғаннан гөрі ол достарымен сырғанаққа баруды құп көреді, сондай сәтте оған рұқсат етіңіз. Балаға үлкендердің күнделікті жұмыс, күйбелең тіршілік туралы әңгімелеріне қарағанда достарының ортасы әлдеқайда жағымды болып көрінеді. Қалта шығындары да – маңызды мәселенің бірі. Балаға ақшаны жағдайыңызға қарай беріңіз, дегенмен оған қаржылық жағдайыңызды түсіндіріңіз әрі үнемдеуді де үйретіңіз. Есіңізде болсын, егер балаңызға ақшасын қалай және қайда жұмсау керектігін ескертетін болсаңыз, ол өздігінше қаражат басқаруды ешқашан үйренбейді.
  6. Балаңызға тесіле қарамауға тырысыңыз. Егер әңгіме барысында балаңыздың рас немесе жалған айтып жатқанын түсіну үшін көзіне тесіле қарасаңыз, ол ар-ұжданы таза болса да, алаңдай бастайды. Бауыр еті балаңыздан күдіктенгеннен гөрі оны түсініп, қорқытып алудан аулақ болу керек.
  7. Қарсылықты қабылдамаңыз. Жасөспірім анасына «Сен – әлемдегі ең нашар анасың! Өйткені мен өзгелердің жасауына болатын дүниелерді жасай алмаймын» деуі мүмкін. Балаларыңыз жанды жеріңізге пышақ ұрады, десе де ұрыс сіздің қатысуыңызсыз басталмайды. Одан да балаңыздың тарапынан көрсетілген қарсылықты қабылдамай, үзіліс алыңыз. Барынша сабыр сақтауға тырысып, көзіңізді жұмып, бөлмеңізге қарай кетіп қалыңыз. Уақыт ойыңызды өзге дүниеге бөліп, бойда жиналған ашудың тарқауына көмектеседі. Ал балаңыз болса, мұндай әрекетінен еш нәтиже шықпайтынын ұғынады.

Айқаймен шешілмейтін дүниелер

С: Балам мен оған дауыс көтергенше құлақ аспайды, тіпті мені түсінісгісі де келмесе не істеу керек?

Психолог: Жасөспірім балалардың ата-аналары арасында кең таралған шағым: «Ол мені мүлде тыңдамайды!». Шынтуайтында, ол әр сөзіңізді тыңдайды, бірақ айтқанға көнбейді. Есіңізде болсын: Бала – өзіндік даралығы бар жеке тұлға. Балаға өзі үшін шешім қабылдауға құқығы бар екенін, десе де әр шешімнің салдары барын түсіндіріңіз.

С: Салдары орын алған кезде сөгу керек пе?

Психолог: Иә, дұрыс. Егер қызыңыз үй тапсырмасын орындаудан бас тартса, оған еркіндік беріңіз. Бірақ мұғалімі орындамаған жұмысы үшін балаңызға нашар баға қойса, ол: «Анашым, неге менен үй жұмысын жасауды талап етпедіңіз?» деп сұрайды. Егер бұл жағдай орын алмаса, оны қалаған дүниесінен (мысалы, жаңа ойыншықтар сатып алу) шектеңіз.

С: Баланы ойыншық қызықтырмаса не істеген жөн?

Психолог: Өз ұстанымыңызды жалғастырыңыз. Тіпті бала түр бермесе де, шешіміңізді өзгертпеңіз. Жүзеге асырылмайтын нәтиже ерте ме, кеш пе өзіңізге қарсы қаруға айналуы мүмкін.

С: Егер мен бала таңдауы оған қауіпті екенін біліп тұрсам не істеу керек?

Психолог: Балаңызды бақылау оның қабылдаған қауіпті шешімдеріне бей-жай қарауды білдірмейді. Егер 15 жасар ұлыңыздың шылым шегетіндігіне күдігіңіз болса, коньки тебу немесе фильм көру сияқты жағымды нәрсемен айналысып отырғанда балаңызбен күдігіңіз туралы бетпе-бет сөйлесіңіз.

Балаға ақыл айтуға асықпаңыз, оның неліктен мұндай іске барғанын түсінуге тырысыңыз. Егер балаңызды соңына дейін сабырмен тыңдасаңыз, ұлыңыздың анасымен қаншалықты ашық тілдесе алатындығына таң қаласыз. Есіңізде болсын, кез келген жасөспірімге ең алдымен оның қоғамға бейімделуіне көмектесетін ересек адам керек.

С: Ашуға бой алдырып, айқайға басқан уақытта өз-өзімізге қалай тоқтау салуға болады?

Психолог: Эмоцияларымыздың шығуына жол беріп, балаларымызды сөге бастасақ, оларға бір ғана ойды жеткізуге тырысамыз: МЕНІ ТЫНЫШТАНДЫР! Іс жүзінде өзімізді тоқтатуды өтінеміз. Бірақ ана ашуына төрт жасар, тіпті 14 жасар бала да тойтарыс бере алмайды. Сондықтан да мұның бір ғана жолы бар: өзіңізді, ең болмағанда эмоцияларыңызды басқаруды үйреніңіз, барлық өкпе-назыңызды балаңызға артпаңыз. Жастыққа, терезеге, баладан басқа кез келген жерге барып айқайлаңыз.

С: Кей уақытта айқайдың көмектесетіндігін өз тәжірибемнен білемін. Ендеше оған неге арасында жүгінбеске?

Психолог: Иә, сөзсіз айқайлау нәтиже береді, бірақ ол қай кезге дейін жетеді? Балаларыңыз сізді қайтадан ренжіте бастаған сәтке дейін жетеді. Бұл олардың дегендеріне қол жеткізгенінше, бірнеше мәрте қайталануы мүмкін. Бір күні үнемі айқайға басудан өзіңіз де шаршайсыз, түбінде беріле саласыз. Ал сабырлы болсаңыз, баланың қарсыласы болмайды, оған таңдау жасауға және өз шешімдері үшін жауап беруге мүмкіндік сыйлайсыз.

Жаза мен мадақ

  • Бала тұрмақ, ересек адам да шыдай алмайтын жаза ойлап таппаңыз. Екі айға үйқамақ туралы мүлде ұмытыңыз. Өзіңіз сыртқа шықпай, үйде ұзақ отыра аласыз ба?
  • Тек орындауға болатын нәрсені уәде етіңіз. Егер ауыр зардаптармен қорқытып, оларды орындамасаңыз, бұл балаға тағайындалған жазаны қабылдамауға негіз болады. Ал келесі жолы балаңыз оларды мүлде ескермейді.
  • Аздан бастаңыз. Кішкене бағынбау – кішігірім салдар. Бала «Не ексең, соны орасың» деген сөздердің мағынасын түсіну керек. Отбасылық қарым-қатынастар – әлемнің «тренингтік» үлгісі іспетті. Мұнда ешкім қатты ренжітпейді, бірақ өмірде бәрі әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
  • Икемді болыңыз. Кейде баланың өзі түзете алатын бұзықтықты жазасыз қалдыруға болады. Егер дөрекілік танытқан қызыңыз жанжал басталғанын сезген сәтте бірінші болып бөлмесіне кетіп қалса, оны жазаламаңыз, өйткені бұл әрекет мақтауға тұрарлық.

Ұқсас мақалалар:

Бала тәрбиелеуде ата-ана ұстанатын 6 стиль

Бала суреті: бала шимайының сыры неде