Бала тәрбиесіОтбасы

Балаңыз ғашық болса…

Иә, махаббат – керемет сезім. Барша адамзатты шарпып өтетін қалыпты дүние. Бесіктен белі шықпаған балаңыз ұлы сезім туралы айтып тұрса қайтпексіз? Ашуланбаңыз. Келіңіз, сөйлесейік!

Ерте емес. Үлкендердің «әлі ерте» деуі – бос әурешілік. Махаббат айтып келмеген. Бүршік атар шағын өзі шешеді. Мектеп алды даярлық тобындағы бүлдіршіндердің ғашықтық сезімі болса, таң қалмаңыз. Жасына қарамай сізге сезімі жайлы айтса, ашуға мінбеген жөн. Қайта қуанып, не айтатынына құлақ салыңыз. Перзентіңіз сізге сенгендіктен ішкі ойымен бөлісіп тұр. Ыңғайсыз жағдайда қалдырмай, өзгенің де келемеждеуін қадағалаңыз.

Тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Баланың сезімінен хабардар болған сыныптастары қарап қалмасы анық. Достары күлкіге айналдырып, мазақтары белгілі. Сондықтан оның қалауына қарай мәселені шешудің амалын қарастырыңыз. Жасөспірім шақта махаббат, достық туралы жағымды пікір қалыптастыра білуі тиіс. Сіз де бала болдыңыз. Жеке тәжірибеңізге сүйене кеңес беріңіз.

Қорыққанға қос көрінеді. Жүрегін әдемі сезім тербеген баланы қыспаққа алып, үрейлендіру орынсыз. Түсінетін жасқа жетті-ау дегенде, жұмсақ тілмен, тұспалдай отырып ер мен әйел қарым-қатынасы туралы айтуға болады. Жас өскін ғашық болса, бірден жаман ойға берілмей сенім артыңыз. Жалпы жасөспірім шақта баламен ара қатынасты үзіп алмау өте маңызды. Жауапсыз махаббатқа кезіксе,әңгімелесуден қашпай, демеу көрсету қажет. Бастан кешкеніңізді еске алып, балаңыздың жалғыз қалмауын ескеріңіз.

Табынушы жасөспірім. Егер бөлмесінің қабырғалары актердің не актрисаның суреттерінен көрінбесе, сыйлықтардың орнына концертке билет талап етсе, бұл – балалыққа бой алдырған желөкпе сезім. Өткінші дүниеге бой алдырмауын қадағалап, әртістің өнерін бағалауға дағдыландырыңыз. Пір тұтқан адамының бет-әлпетін, киім-киісін емес, қарапайым жан екенін, талантын сөз етіңіз. Әсіресе,мұндай сезімге берілген қыз бала бала болып қуыршақпен ойнамаса, есейгенде психологиялық мәселеге душар болады. Бойжеткен соң отбасылы ер адамдарға әуес болуы ықтимал. «Махаббатты емес, сабағыңды ойла»,-деп жеку көмектеспейді. Ұрысқан сайын тұйықталып, ата-анасынан жырақтай береді.

Айсұлу ЕРБОЛАТ