Бала тәрбиесіОтбасы

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ БАРУҒА ДАЙЫН БА?    

Баланың мектепке келуі және алғашқы кездегі мектепте оқуы оның өмір салтын және іс-әрекетін өзгертеді. Бұл кезең мектепке келген 6 және 7 жасарлар үшін бірдей қиын болады. Еліміздегі бірқатар физиологтардың, психологтардың, педагогтардың зерттеулерінше, 1-сынып оқушыларының көпшілігінде жаңа жағдайға бейімделу қиын өтеді екен.

Жаңа қадам

Баланың мектепке дайындығы дегеніміз бала өмірінің түгел сферасын қамтитын үрдіс болып табылады.

Мектеп – баланың балалық шақ пен ересек өмірлерін біріктіретін буын секілді.

Балаңыздың ұмтылысы қандай?

Біз, ересектер балалардың қойған сұрақтарына көбінесе, жүрдім-бардым, жеңіл-желпі қарап жатамыз. Сұрағына жауап ала алмаған баланың ересектерден көңілі қалып, біртіндеп айналада қоршаған ортаға қызығушылықтары төмендей бастайды. Сол үшін балаңыздың білуге құштар жүрегінен шыққан сұрақтарына мұқият қарап, ойланып жауап қайтарыңыз.

Жауап қайтарып үйреніңіз

Бала сұрақ берген сәтте оған ұзын жауап айтудың қажеті жоқ, оның ұғымына сай қысқа жауап берсеңіз болады. Сондай-ақ, сұрағына жауап бере отырып, баланы ойлануға жетелеу керек. Мүмкіндігінше баланы өзін қызықтыратын сұрақтарға жауапты сөздіктерден, балалар энциклопедиясынан іздеу арқылы табуға үйрету керек.  Бала өзін қоршаған ортамен байланысқа түскен уақытта ғана «Бұл не? Неге бұлай? Бұл қалай? Неліктен? Не себептен?» деген секілді сұрақтар туындары сөзсіз. Мұндай кездерде әрбір ата-ана баласының дамуына ықпал ете алатын және ол үшін жаңалық болатындай бірқатар әрекет түрлерін ойластырғаны жөн. Сол уақытта ғана бала өзін тұлға ретінде тани алады, өзі үшін маңызды жаңалық ашуға талпынады. Ата-ана баласын табиғат аясына, хайуанаттар бағына, саябаққа ертіп апару арқылы олардың дамуын белгілі бір танымдық мақсатқа бағыттай алады.

Баланыздың мектепке көзқарасы оңды ма?

Баланы алғаш мектепке әкелерден бұрын ата-анасы онымен әңгіме жүргізіп, жаңа әлеуметтік рөлді қабылдауға қаншалықты дайын екендігін білгені өте маңызды. Балаға мектеп тақырыбына байланысты сурет салғызып, мектепте оны не қызықтыратынын білу қажет. Жүргізген әңгіменің нәтижесі мен және тақырыпқа салынған суретінің мазмұнын талдағанда, оның мектеп жайлы көзқарасын анықтап, баланы нақты не қызықтырады және нені ұнатпайтынын  білген жөн. Егер, бала мектепте оқығысы келмесе, нақты мотивациясы жоқ болса, оның интеллектуалдық дайындығы мектепте жүзеге аспайды. Ондай бала мектепте жетістікке жетпей қиналуы мүмкін. Сондықтан, баланың әлеуметтік-психологиялық дайындығын қалыптастыруды ойлау қажет.

Балаңыз үшін мұғалім кім?

Мектепке келетін әрбір бала үшін ата-анадан кейінгі орында тұратын ең басты тұлға – мұғалім. Баланы мектептің алғашқы күнінен бастап-ақ, қорқытып, «Мектепте сабақты дұрыс оқымасаң, «2» қояды!», «Ойнауға уақыт болмайды!», «Мектепте оқу қиын, сол үшін тыныш отыру керек!», «Мұғалім қатал кісі» деп қорқытуға болмайды. Нәтижесінде баланың мектепке деген жағымсыз көзқарасы қалыптасып, психологиялық қиыншылықтар себептерінен әртүрлі комплекстер пайда болуы мүмкін.

Ақыл-ойының даярлығы

Кез-келген бала жазып  және санаумен ғана шектеліп қана қоймай, ең маңыздысы салыстыра білуді, талдауды, ойлай білуді, өздігінен қорытынды жасай білуі тиіс

 Биологиялық кемелдену жағдайы

Баланың ағзасында жаңа ережелер мен іс-әрекеттерді  үйрену барысында өзгерістер туғызуы мүмкін. Осыған орай, бала мектептің талаптарын орындап, жаңа күн режиміне, сабақтарда тәртіп сақтап отыруға дағдылануы қажет. Алайда, баланың денсаулық жағдайы мұндай өзгерістерге бірден бейімделе алмайды. Сондықтан, баланың денсаулық жағдайы (дене салмағы, бойының ұзындығы т.б.) нормадағы 6-7 жасар баланың дене көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс. Сонымен бірге көру, есту, моторикасының дамуы және жүйке жүесінің физиологиялық жағдайын жатқызуға болады.

 

 

Уайдуллақызы Эльмира

PhD доктор

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Педагогика және психология институты

директорының орынбасары