Бала тәрбиесіОтбасы

Балаңызды бақытқа не бөлейді? Әр ата-ана білу қажет

Әр ата-ана баласына тек бақыт тілеп, оның болашағынан мол үміт күтеді. Тәрбиелі, білімді болып өсуін, ертеңгі күні ешкімге жаманатты болмауын қалайды.

Ал баланың болашағы жарқын, балалық шағы бақытты болуы үшін оған қандай тәрбие беру керек? Осы сұраққа, ата-аналар, жауап іздеп көрдіңіздер ме? Әрине, бауыр етің – балаңа жақсылықтан өзгені тілемейсің. Десе де, ұмыт қалдырған, не ұсақ-түйек болып көрінгенімен бала тәрбиесінде маңызы зор кейбір жайттар бар болар. Ендеше, соларды тізбелеп көрелік.

Тәрбие ата-анадан бастау алады.

Бала ата-анаға қарап өсетінін естен шығармаңыз. Әке-шешесі уайым-қайғысыз, жайдары жүрсе, бала да бақыттың құшағында болады. Әрине, тұрмыста түрлі қиындықтар кездеспей тұрмайды. Бірақ, әлі ештеңені түсінбейтін баланың алдында ондай мәселелерді талқылап, қабақ шытып, шу көтерудің қажеті жоқ. Кіршіксіз таза, пәк сәби айналасында қандай да бір келеңсіздіктердің болатынынан хабарсыз және орын алған кез келген жағдайға өзін кінәлі сезінеді. Әсіресе, әке-шешесінің бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегенін көрген бала жасық, қорқақ болып өседі.

Махаббатыңызды аямаңыз.

Балаңызды қалай қатты жақсы көретініңізді көрсете біліңіз. Әрине, баламызды жанымыздан артық көреміз. Десе де, көп жағдайда тым еркелеп кетпесін деген оймен аса көңіл аудармауға тырысып жатамыз. Ал психологтар мұнымыздың мүлде қате пікір екенін ескертеді. Кешке жұмыстан келгенде балаңызды құшағыңызға алып, оны қалай сағынғаныңызды, қалай қатты жақсы көретініңізді айтыңыз. Уақыт бөліп, ойнатыңыз. Әке-шешенің махаббатына бөленіп өскен балаға одан артық бақыттың керегі жоқ. Ал күн ұзақ сізді сағына күтіп жүрген балаңызға мән беріп, көңіл аудармасаңыз, ол өзін керексіз сезінеді. Уақыт өте балаңыз қырсық, ашушаң болып, тез жылауды шығарады.

Жақсы сөз – жарым ырыс.

Бала тәрбиесінде сіздің ауызыңыздан шыққан әр сөз маңызды. Сондықтан мейлінше жағымды сөздерді қолданыңыз! Балаңызға «Жаман болма» деудің орнына «Жақсы бол», «Өтірік айтпа» деудің орнына, «Шыныңды айт» деп өсіріңіз.

Салыстырмаңыз

Өкінішке қарай, «Елдің баласы…» деген тіркесті жиі қолданамыз. Балаңыз елдің баласынан кем болмасын десеңіз, осынау теңеу сөзді мүлде ұмытқаныңыз дұрыс.

Оң-солын танымаған жас бала бақшадағы гүлмен тең. Гүлдің өсу-өспеуі күтіп-баптауына байланысты. Құлпырып, жайнап тұруы үшін бағбан «Жақсы өс!» –деп оның жапырақтарынан жоғары тартқыламайды. Бар болғаны уақытылы суарып, құнарландырып, айналасын арамшөптерден тазартып отырады. Балаға да дәл осындай күтім керек. Отбасында алған тәрбиесі, араласатын ортасы баланың қандай болып өсетініне тікелей байланысты. Сондықтан кішкентайыңызға көбірек көңіл бөліңіз. Оның қызығушылықтарына құлақ асып, қандай ой-арманы барын біліңіз. Кез келген уақытта көмек қолын созатыныңызды айтып, арқа сүйер досы болыңыз. Ал,балаларыңызға көп көңіл бөлсеңіз де,бауырлар арасында араздық жиі болса,міндетті түрде мақаламызды оқып шығыңыз.

Балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?