СұқбатСыр-сұқбат

Бақытты әйел құпиялары

Ардақ ханым - психология ғылымын, көпке кеңес беріп жүрген білікті маман. Бүгінде ене мен келін, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас мәселесін қозғап жүрген ол 500-ден аса қыз-келіншекке жеке кеңес беріп үлгерген. Төрт баланың анасы атанып отырған психолог отбасын берік етудің жолдары жайлы әңгіме өрбітті.

Қарым-қатынас берік болу үшін әйел заты үнемі білім алып, үздіксіз ізденісте болуы қажет. Астарлап сөйлемей, ойын ашық айтып, қажетті дүниесін сұрап үйренген абзал

Ардақ ханым, психологияға қалай келдіңіз?

2013 жылы денсаулығым сыр бере бастады. Қанша емделсем де нәтижесі уақытша болып, науқастана бердім. Емханада кезегімді күтім отырғанымда бір апай: “медицинаға жүгіне бермей психологтың көмегіне жүгін, әлі жассың ғой”, – деді. Содан бастап психология әлеміне қызығушылық таныта бастадым.

Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда ерлі-зайыптылардың көптеп ажырасуына не себеп?

Отбасы кішігірім бір мемлекет қой. Әр шаңырақта ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Олардың барлығының ажырасуына нақты бір ғана себеп бар деп кесіп айту дұрыс емес. Ерлі-зайыптылардың айырылысуына психологиялық айырмашылықтары, алған тәрбиелері, балалық шақтағы қиындықтар секілді дүниелер әсер етеді.

Бақытты отбасының басты кілті неде?

Бақытты отбасының кілті, әрине, әйелде. Ол бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Отбасында әйел өз шаруасын, ер адам өз шаруасын біліп істеген жөн. Сол кезде үйде ұрыс-керіс, түсініспеушіліктер болмайды. Әрине, егер ер азаматтың жанына ас үй шаруасы жақын болса, ол бөлек әңгіме. Алайда оны қаламаған ісін істеуге күштемеген жөн.

Кейбір әйелдер отбасын сақтап қалу мақсатында екінші, не үшінші рет бала сүюге ұмтылады. Сәби расымен де шаңырақты берік ете ала ма?

Психолог ретінде мұның дұрыс емес екенін айтқым келеді. Ер адамды баламен ұстап тұру мүмкін емес. Тіпті, 5 баласы бар отбасылар да ажырасып жатады. Демек, бала – ажырасуға кедергі емес.

Адамдар сізге көбінесе қандай мәселемен жүгінеді?

Мен жеке кеңесте тек қыз-келіншектерді қабылдаймын. Отбасылық психолог болғандықтан шығар, әйелдердің басым бөлігі ене мен күйеу мәселесі бойынша хабарласады.

 Ене мен келін тақырыбын да жиі қозғайсыз. Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздың бірінде ене мен келін арасындағы тартыс анамен қарым-қатынас түзелмейінше жалғасады деген екенсіз…

Ене мен келін мәселесі отбасын жаңадан құрған жұптарда жиі кездесіп жатады. Енесі үшін ажырасып жатқан келіндер де жоқ емес. Жаңа түскен келін ең әуелі туған анасымен қарым-қатынасын дұрыстауы керек. Олай болмаған жағдайда ене мен келін дауы таусылмайды. Себебі өз анасын сыйлай алмай, оны бар болмысымен қабылдамай, керісінше ақыл үйретіп, сөзін түзетіп отыратын әйел енесімен жақсы болуы мүмкін бе? Әрине, олардың арасындағы дау жалғаса береді. Келін енесінің өзі түскен әулеттегі ең басты адам екенін мойындаған кезде ғана бәрі өз орнына түседі.

Ер мен әйелдің қарым-қатынасын берік етуге бағытталған марафондар жүргізеді екенсіз. Марафоныңыздағы ақпараттың бір бөлігін оқырмандарымызбен бөлісе аласыз ба?

Ер мен әйел қарым-қатынасы жайлы марафондар өткізіп жүргенім рас. Марафон барысында әйелдің күйеуі алдындағы міндеттері, жұмбақ әйел болудың құпиялары жайлы бөлісемін. Негізінде қарым-қатынас берік болу үшін әйел заты үнемі білім алып, үздіксіз ізденісте болуы қажет. Астарлап сөйлемей ойын ашық айтып, қажетті дүниесін сұрап үйренген абзал. “Өзі біліп гүл сыйласын, сыйлық алып берсін” деп, жылдар бойы күтіп жүріп, өкпесі қара қазандай болған әйелдер жеке кеңес алуға көп келеді. Бұл – қате ұстаным.

 Ер адамдардың опасыздық жасауына не себеп? Оның алдын алуға бола ма?

Ер адамды опасыздық жасауға әр түрлі жағдайлар итермелейді. Мәселен, оған әйелдің өзін-өзі тастап жіберуі, жөнсіз сөйлеуі, қатыгездік танытуы, ерінің қамқорлығын, жасаған жақсылығын бағаламау жатады. Осы жағдайлардан кейін ер адам сырттан жылу іздей бастайды және қалағанын өзгеден табады.

 Қазіргі таңда ерінен көп табыс тауып, бүкіл отбасын өзі асырап отырған келіншектердің легі көбейгендей. Олардың басым бөлігі өзін еркек сезінетінін айтады. Жағдайдың бұлай өрбуіне не себеп болды? Бұған кім кінәлі?

Бұл жағдайға біреу кінәлі деп айту дұрыс емес деп ойлаймын. Әркімнің таңдауы және өз қағидалары болады. Психологияда “вторичная выгода” деген ұғым бар. Яғни, адам бейсаналы деңгейде пайда болатын жағымсыз жағдайдан өзі білместен пайда көреді. Мүмкін ондай әйелдерге үйде баламен отырған ұнамайтын шығар немесе ол еріне толыққанды сенім арта алмауы мүмкін. Ер адамның табысы берекелі болады. Мұны ескерген абзал. Ерлеріңізге сенім артыңыздар дегім келеді.

Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып беріңізші. 42 жасыңызда төртінші рет ана атаныпсыз.

Жұбайым – жеке кәсіпкер. Есімі – Сейдуалы. Иә, Алланың қалауымен екеуіміз екі қыз бен екі ұл асырап отырмыз. Мейірімі шексіз жаратушым 42 жасымда, араға 10 жыл салып төртінші рет ана болу бақытын нәсіп етті. Мен осы уақытқа дейін 3 жоғарғы оқу орнын бітіріп, мамандық таңдаудан адассам да, жар таңдаудан қателеспегеніме сенімдімін. Жұбайым білімді және ортасында өте сыйлы азамат. Жағымсыз әдеттерден аулақ, иманды жан.

Бақытыңыз баянды, өміріңіз мәнді болсын, Ардақ ханым!