Бала тәрбиесіОтбасы

Бауырлар арасындағы араздық. Балаларыңыз тату болсын десеңіз…

Өмірде өзінің туған бауырына жылуы жоқ адамдар бар. Мұның негізінде «анам маған қарағанда сені артық көрді» деген өкпе-наз жатыр. Ата-ана оларды іштей алаламауы мүмкін. Десе де, кейбір әрекеттерімен баланың жанына жара салатыны жасырын емес. Балаларын тату-тәтті өсіруді қалайтын ата-ана нені ескергені дұрыс? Бұл жөнінде осы материалдан оқып, біліңіз.

Бауырлық қарым-қатынаста – жақсы көру, бәсекелестік, көреалмаушылық, қызғаныш сезімдері тоғысады. Көп балалы отбасындағы балалар керісіп, ойыншыққа таласып қалғанда бір-бірімен келіссөз жүргізіп, өзінің шарттарын қойып, өз ойын айтып үйренеді. Бір топта болуды, жақын адамды қорғау керектігін жақсы түсінеді.

Кез келген адам тұңғыш баласы дүниеге келгенде оны барынша махаббат пен мейірімге бөлейді. Одан кейінгі балаларын да бірдей жақсы көреді. Олардың өзара тату болып өскенін қалайды. Десе де, баланың үлкеніне кішісін тәуелді ету немесе «кішкентай ғой» деп кішісіне үлкенін жегіп беру – бауырлардың бір-біріне деген жиіркенішті сезімдерін тудырады.

Бұл сезімдерді қалай жоямыз? Бір-біріне деген «сенімділікті» қалай сақтаймыз? Осыған байланысты бес нақты үлгіні ұсынамыз.
1. Әр баламен жеке қарым-қатынас жасау
Бауырларды тату етіп өсіру үшін барлығын бір жерге жинау міндетті емес. Арасында болса да, олармен оңаша қалып, сырласуыңыз маңызды. Олардың жеке ойын, арманын біліп, әрқайсына жеке тұлға ретінде қарап, бағалайтыныңызды білдіріңіз. Әр баламен жеке істеуге болатын қызық дүниелер ойлап табыңыз. Тәттілерді ұнатасыз ба? Онда қызыңызбен жексенбілік торт пісіріңіз. Ер балаларды ерлердің ісімен айналысуға сырттағы әкесінің қасына жіберіңіз. Сізде тек қана ұл балалар болса, үлкенін велосипед тебуге, кішкентайын әкесінің қасына жіберуге болады. Бұл жерде баланың жынысы, жасы аса маңызды емес, өйткені баланың аты – бала.

2. Баланың мүліктік құқығын құрметтеу
«Ағаңа шоколадтың жартысын тез бөліп бер», «Ойыншығыңды әпкеңе бергеннен кеміп қалмайсың» деген сөздермен ата-ана баланың сараңдық сезімін тудырады. Бала да ересектердей өзіне тиесілі затты иеленуге құқылы. Өйткені бұл заттар арнайы оған сатып алынған. Сондықтан мүліктік құқығын құрметтеу қажет. Баланың қарсылықтарын елемей, заттарын бөлісуге мәжбүрлеу – жақсы емес. Мұндай кезде бала жеке заттарын ешкімге көрсетпей, тығып ұстап, тіпті оны күзетіп жүретін жаман әдетке үйреніп кетуі мүмкін.
Керісінше, баланы мақтау – жомарттыққа жетелейді. Шоколадты ағасымен бөліскенін қалайсыз ба? Онда балаға «Бауырыңа тәтті бөліп бердің бе? Қандай жақсы баласың!» деп айтыңыз. Әпкесіне ойыншығын бергенін қаласаңыз, «Менің балам ақылды, жомарт өзі» деп мақтап қойыңыз. Сонда олардың жадырған жүзін көресіз.
Әр балада анасының боянатын заттары секілді өз рұқсатынсыз ұстауға болмайтын жеке дүниелері болады. Бұл кішкентай сандықша немесе сөредегі белгілі бір орын болуы мүмкін. Мұнда «рұқсатсыз ұстамау» ережесі қатаң сақталуы маңызды. Сонда балалардың арасындағы шиеленістер азаяды.

3. Балаларды мақтап жүру
Балалар тату-тәтті ойнап жатса, спортпен айналысса, әке-шешесіне көмектесіп жүрсе, оларды мақтап жүру керек. Әр түрлі жақсы сөздерді, теңеулерді пайдаланып: «Менің балаларым алтын ғой!» «Сендердің бірге ойнағандарың қандай жақсы! Сендерге қарап рахаттанып тұрмын» деп, жүректен шыққан қуаныш пен махаббатты сездіру әрқашанда жақсы әсер қалдырады. Балалар да сізді түсініп, сіздің қуанышты екеніңізді көріп, өзара тату болуға тырысады.

4. Өзара келісімге келуін қадағалау
Балалардың арасында дау-дамайлар, қақтығыстар орын алмай тұрмайтыны сөзсіз. Әсіресе, тетелес бауырлар арасында жиі кездеседі. Мұндайда сабыр сақтау керек. Ата-ана өзі ғана шешім қабылдамай, балаларды мәселені ортақтасып шешуге үйрету маңызды. Балалардың біреуін кінәлап, шешім шығарып тастаудан аулақ болу керек. Керісінше, оларға сол мәселеге қатысты қызықты сұрақтар қойып, ойларын бөліп жіберіңіз. Сонда өздері-ақ кикілжіңді ұмытып кетеді немесе өзара татуласып алады. Оларға сондай мүмкіндік сыйлаған дұрыс.

5. Олар жайлы тек жақсы сөз айту
Бала анасының күні бойы әкесіне, әжесіне, атасына, құрбысына, көршісіне өзі немесе бауырлары туралы айтқан әңгімелерін міндетті түрде тыңдап жүреді. Бұл әңгімелер бауырлардың өзара қарым-қатынасына әсер етеді. Сондықтан олардың көзінше ағасының қарындасын қорғағаны, кішісінің үлкеніне жоғалған қарындашын тауып беруі секілді жақсы әрекеттерін ғана айту керек. Олардың не істегені емес, сіздің қалай жеткізгеніңіз де рөл атқарады. «Анам солай айтты, демек мен сондай жақсымын» деп ойлап, бір-біріне одан сайын қамқор бола түседі. Ал баланың бірін мақтап, бірін даттап отыру – бауырлар арасындағы қатыгездікті оятатын бастапқы жол.

Бауырлардың бауырмал болып, өмір бойы тығыз байланыста жүруі тікелей ата-анаға байланысты. Дұрыс бағыт-бағдар берсеңіз, балалар да сіз қалағандай ақылды, мейірімді, еңбекқор, қамқор, бауырмал болып өседі.