Бала тәрбиесіОтбасы

Бауырлар арасындағы қызғаншақтықты қалай жеңеміз?

A young girl pouts with her arms folded across her chest while her younger sister gets attention from her parents in the background

Балалар арасындағы қызғаныш сезімі кез келген отбасында туындайды. Оның пайда болуын мүлде болдырмау мүмкін емес. Алайда ата-ананың дұрыс әрекет етуі қызғаныш сезімін жеңуге көмектесе алады.

БАЛАЛАР ҚЫЗҒАНШАҚТЫҒЫНЫҢ ЕКІ ТҮРІ БАР.

ОЛАР:
1 АШЫҚ.
Бұл ретте үйдің үлкені ашуға бой алдырып, ата-анасының назарын аудару үшін үйдің кенжесін ренжіте алады.
2 ЖАСЫРЫН. 
Бұл жағдайда бала үнемі ауырып, денсаулығы мен көңіл-күйі нашарлай бастайды. Ол түнде шошынып, ата-анасын әдеттен жиі іздейді. Кейбіреулер тіпті, саусағын аузына салып, тырнағын тістеуді әдетке айналдырады. Ал кей жағдайда, керісінше, үйдің тұңғышы кенже балаға көп көңіл бөле бастайды.
Кейбір ата-аналар балаларын дөрекі әрекеттері үшін жазалап жатады. Алайда жазалау оның ішкі сезімін басуға, басындағы сан түрлі сауалдарына жауап алуға көмектеспейді.

Бауырлар арасындағы  түсініспеушіліктердің бәрін бірдей қызғаныш сезімі деп қабылдай беруге болмайды. Дегенмен, балалар ата- ананың махаббаты мен назары үшін күрессе, онда бұл нағыз қызғаныштың өзі. Әдетте үйдің үлкені ата-анасының кенже балаға көбірек көңіл бөліп, бар уақытын соған арнайтынын байқап, қызғана бастайды. Кей-кейде жағдай мүлде керісінше болуы мүмкін. Себебі кенжелерге үлкен аға-әпкелерінің заттарына тиісуге, оларға рұқсат етілген нәрселері істеуге тыйым салынады.

Ата-ана қалай әрекет етуі керек?
Бала үшін қарапайым сөздердің маңызы зор. Сіз оның сезімін түсінетініңізді, оған деген сүйіспеншілігіңіздің ешқашан азаймайтынын айтыңыз.
Егер сізге балаңыздың ашуланғанда есікті қатты  жауып, төбелесіп, бейәдеп сөздер айтқаны ұ намаса, оның орнына жағымсыз эмоцияны қалай шығаруға болатынын түсіндіріңіз. Мәселен, ол ашуын қағазды жыртып, жастықты ұрып не сізбен жай ғана сөйлесіп шығара алады.
Егер үйдің тұңғышы өз ойыншықтарымен бөлісуден бас тартса, ол үшін оны жазғырудың қажеті шамалы. Бала кез келген ересек адам секілді өз заттарына өзгелердің қол сұқпауын талап ете алады.
Егер жанжал туындай қалса, балалардың қайсысы кінәлі екенін айтушы болмаңыз. Сонда балалалар бірін-бірі кінәлай беруін қояды. Олар кез келген жағдайда екеуінің де сіздің алдыңызда жауап беретінін білсін.
Әр бала өзін тұлға ретінде көрсете алатын бәсекесіз ойындар тізімін құрып алыңыз. Ойын кезінде балаларыңыздың ешқайсысы жеңілмеуі керек.
Балаларыңызды ешқашан өзара салыстырмаңыз. Керісінше, олардың әрқайсысының жақсы тұстарын айтып отырыңыз.