Бет күтімі

Бет күтімі: Лазло жүйесі бойынша жуыну

Эрно Лазло бар өмірін қартаю процесін бәсеңдетуге көмектесетін теріге әсер етудің әртүрлі әдістерін зерттеуге сарп етті. Ол заманауи зертханалардың және жоғары технологиялық ингредиенттердің көмегіне жүгінбей, бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан, сондай-ақ көп уақытты қажет етсе де, аса тиімді тері күту жүйесін ойлап тапты. Айтулы мақалада Лазло жүйесінің артықшылығы жайында айтып, жуыну кезеңдеріне тоқталамыз.

100 жыл бұрын венгер дерматологы әзірлеген теріні тазарту тәсілін Одри Хепберн, Мэрилин Монро, Грета Гарбо және Жаклин Кеннеди қолданған. Оның сыры неде?

 

Лазло жүйесінің жалпы ережесі

Таңертең немесе кешкісін Лазло жүйесі бойынша жуыну кем дегенде жарты сағат уақытыңызды алады. Оның әсерін жуыну жүйесінің барлық ережесін қатаң сақтап, күнделікті уақытылы орындағанда ғана байқайсыз.

Артықшылығы:

  • безеулер мен комедондар жойылады, қабыну процестері сирек байқалады;
  • микроайналым арнасының жоғарылау себебінен бет терісінің түсі жақсарады;
  • тері өздігінен жаңарып тұрады;
  • массаждық қозғалыстың және контрасты жуынудың әсерінен тері тығыздығы жақсарады;
  • терең тазарту артық майды кетіретіндіктен, тері тесіктері кішірейеді.

Лазло ұсынған 5 тәсіл

1-кезең: буға ұстау

Суды бетке тигізбей, ыстық душтың астында тұрыңыз. Судың температурасын шамаңызға қарай барынша жоғарылатыңыз. Лазло дәрігердің айтуынша, теріні кем дегенде 10 минут буда ұстау керек.

2-кезең: май жағу

Буланған, бірақ әлі де құрғақ бет терісіне косметикалық май жағыңыз. Дүкеннен алынған немесе үй жағдайында жасалған кез келген майды қолдануға болады. Қарапайым зәйтүн майын пайдалансаңыз да болады. Майды массаждық қозғалыспен беттің ортасынан шетіне қарай жағу керек.

3-кезең: сабындау

Легенге толтырып ыстық су құйыңыз. Легендегі суға сабын салып жіберіңіз. Сол кесек сабынмен май жаққан теріге массаждық қозғалыспен жағыңыз. Содан соң сабынды тағы бір рет ыстық суға салып, көпіртіп, сол сабынды сумен беттегі барлық майды кетіріңіз.

4-кезең: шаю

Легендегі сабынды су бөлме температурасына дейін суып, көпірігі басылған соң, сол сумен бетіңізді 80 рет шайыңыз. Иә, 80 рет. Шалыс естіген жоқсыз. 

5-кезең: ылғалдандыру

Бетіңізді салқын сумен шайып, күнделікті қолданып жүрген ылғалдандырушы крем немесе лосьон жағыңыз. 

Жүйені ойлап тапқан автордың айтуынша, Лазло жүйесі бойынша жуынуды күнделікті орындаған жағдайда 1 айдан соң жақсы көрсеткіштің куәсі боласыз. Байқап көресіз бе?