Cән мен сұлулықБет күтімі

Бет күтіміне арналған минимум косметика

Қазіргі таңда бет күтіміне арналған құралдардың түрлері көп. Мәселен: тоник, тонер, лосьон, сарысу, крем және түрлі маскалар. Косметикалық нарыққа көз жүгіртсек, терінің тегістігіне, тартылғыштығына әрі балғындығына арналған түрлі күтім құралдары көздің жауын алады. Міне, сол себепті қажетті косметикалық өнімді таңдаудың өзі қиынға соғады.

Бірінші нұсқа – терінің қажеттіліктерін анықтап, күнделікті күтім тәртібіне керекті барлық құралдардың «тізімін жазып беретін» косметологтың көмегіне жүгіну болса, ал екінші нұсқаны журналымыз ұсынбақ. Яғни бүгінгі санымызда майлы, проблемалы, аралас, құрғақ, сезімтал және қалыпты теріге қандай құралдар қажет екендігіне тоқталатын боламыз.

Майлы, проблемалы және аралас тері

Бет терісінің бұл түрі адамға көп ыңғайсыздық тудыратыны жасырын емес. Алайда онымен де күресуге болады. Бетке дұрыс күтім жасалса, бет терісі мәселесі білінбей, ол тегіс көрініске ие болады.

1. Тазарту

Тазарту барысында жуынуға арналған гель немесе бет жууға арналған көбікті қолданған жөн. Себебі, бұл құралдар эпидермис қабатына терең еніп, терідегі ұсақ тесіктерді тазартуға қабілетті.

Майлы теріге арналған тазартқыштардың құрамында қабынуға қарсы, майдың жиналуын реттейтін әрі кератолитикалық әсерлері бар ингредиенттер болуы тиіс. Сонымен қатар гликоль мен салицил қышқылдары және мырыш – тері иелеріне тиімді көмекші. Аталмыш компоненттер теріні мөлшерден тыс майландырмауға әсер етеді.

2. Терең тазарту

Терең тазарту үшін АНА мен ВНА көмегімен жасалған жеңіл пилинг оңтайлы шешім болмақ. Ол терінің жоғарғы қабатын «қышқылдандырады», осылайша бактериялардың көбеюін және тіндердің қалпына келуін тездетеді (безеу тез арада кетеді), ал микро түйіршіктері бар механикалық скраб тері тесігін тазартып, қара нүктелерді жояды.

Естеріңізде болсын: скрабтарды (гоммаждарды) безеусіз майлы, аралас теріге қолдануға болады, алайда қолдану тәртібі аптасына 1-2 реттен аспауы тиіс. Бетте ірің, бөртпе және өзге де қабынулар туындаған кезде скраб қолдануға тыйым салынады.

3.Тоник қолдану

Терең тазарту процедурасынан кейін бетке арналған тоникті қолдануды ұмытпаған жөн. Тониктер сілтілік препараттарды немесе сабынды қолдану арқылы зақым келген терінің қышқыл-негізді балансын ретке келтіріп қана қоймай, сонымен қатар жуынуға арналған құралдар мен судағы әктің қалдықтарынан құтылуға көмектеседі.

4. Бетке арналған маска

Бет терісіне арналған маскалардың құрамында май болмауы тиіс. Мәселен, бактерицидтік әсері бар эфир майлары (мысалы, шай ағашы) майлы, проблемалы және аралас теріге зиян.

Маска құрамындағы сіңіргіш компоненттер (саз, көмір) тері тесігінен себумды тиімді шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ, теріні құрғатуға және жаңартуға септігін тигізетін қышқылдарды (салицил, бадам) қолдануға болады.

5. Күтім

Күтім жасау барысында құрамында сүт, бадам, салицил қышқылдары және С дәрумені бар жергілікті әрі барлық бетке арналған белсенді сарысуларды таңдау тиімді болмақ.

Майлы тері ылғалданудың жетіспеуіне құрғақтықпен емес, майдың қарқынды секрециясымен жауап береді. Сол себепті майлы теріге арналған маскаларда гиалурон қышқылы, өсімдіктер мен балдырлардың ылғалдандыратын сығындылары болғаны жөн. Күндізгі уақытта SPF кремдерді (егер үй жағдайындағы күтім құрамында қышқылдар болса) қолдануды естен шығармаған абзал.

 

Құрғақ әрі сезімтал тері

Құрғақ теріні бірден байқау қиын емес. Себебі, бұл теріде қабыршықтану, құрғау әрі әжімдердің ерте пайда болуы көрініс береді.

1. Тазарту

Құрғақ теріні тазарту кезінде косметикалық сүт сынды жұмсақ өнімдерді қолданған жөн. Ал сезімтал теріге жуынуға арналған көбік пен гидрофильді май қолдану дұрыс шешім болмақ.

2. Терең тазарту

Терең тазарту барысында ферментті пиллинг әдісі қолайлы болып табылады. Демек, қышқылдар емес, ферменттер белсенді зат ретінде әрекет ететін беткі пиллинг ұсынылады.

Ферментті пиллинг – үнемді процедура, себебі терінің барлық түрлеріне жарамды. Сондай-ақ оны куперозбен ауыратын сезімтал теріге де қолдануға болады.

3. Тоник қолдану

Құрғақ әрі сезімтал тері иелеріне ылғалдандандыратын немесе тыныштандыратын тониктерді қолдану тиімді болмақ.

4. Күтім

Құрғақ әрі сезімтал тері иелері дәрумендер, амин қышқылдарымен және гиалурон қышқылымен ылғалдандыратын сарысуларды қолданғандары жөн. Ал ылғалдандыратын, нәрлендіретін крем мен жұмсартатын дәруменді маскаларды аптасына 1-2 рет қолдануға кеңес беріледі.

Құрғақ бет терісіне арналған ингредиенттердің құрамына назар аудару аса маңызды. Мәселен, өнім құрамында аллантоин, Е дәрумені (токоферол), жожоба, алоэ, авокадо, лактобион қышқылы, несепнәр, гиалурон қышқылы, коллаген, эластин және Ши майы болуы керек.

Қалыпты тері

1. Тазарту

Тері иелері гель, бет жууға арналған көбік немесе гидрофильді майды пайдаланғандары дұрыс. Құрамында спирті бар компоненттер кездесетін өнімдерден аулақ болған жөн.

2. Тоник қолдану

Ал тониктерге келетін болсақ, сумен жанасқаннан кейін теріні қалпына келтіру үшін бейтарап РН деңгейі бар өнімдерді таңдау ұсынылады.

3. Күтім

Қалыпты тері иелері SPF-сүзгісі бар, жеңіл құрылымды, ылғалдандыратын, қалпына келтіретін белсенді сарысуларды қолданулары қажет. Ылғалдандыратын, нәрлендіретін бет маскасын қолданған артық етпейді. Сондай-ақ, матадан жасалған маскалар қалыпты тері иелеріне оң әсер етеді, себебі мұндай маскалар теріні тез ылғалдандырады әрі жарқырата түседі.