СұқбатСыр-сұқбат

«BIBISARA» жан қалауым

Ол – бүгінде өзіндік бояуы бар қазақстандық «BIBISARA» брендінің негізін салушы, биыл «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанған белгілі дизайнер. Өзі жап-жас, екі қыздың анасы мұнымен шектел­мей, спорт және би билеу, гитарада ойнау сияқты қабілеттерге де ие.  Әсем ханым қазір сүйікті істері мен бірнеше кәсіптің басшылығын бірге алып жүр. Ал, оның бәріне қалай үлгереді десеңіз, оның құпиясын сұхбаттан оқып білгейсіз. 

Әсем, әңгімемізді брендтің ата­уынан бастасақ. Неге «BIBISARA»?

ӘА: «BIBISARA» деген атау нағашы әжемнің құрметіне қойылған. Отбасымыздағы тігін өнері ең бірінші сол кісіден бастау алған. Әжем жас­тайынан киім тігіп, тоқыма тоқитын. Оған қоса, Бибісара атауы құлаққа өте жағым­ды естіледі, әрі «Мәртебелі ханым» деген мағы­наны береді. Бұл қазақ халқына да танымал ерекше есімдердің бірі. Сондықтан анамның ұсынысымен сән үйімізді осылай атадық. Анам да осы іспен әуестеніп, бала кезімде түннің бір уағына дейін тігін тігетін. Жалпы, нағашыларым жақтан көптеген әйелдер тігіншілікпен айналысқан.

 Сән орталығының ашылуы неден басталды?

ӘА:  Дизайнер болу – бала күнгі басты арманым еді. Бірақ, әкем алдыма мүлде басқа мақсат қойып бергендіктен, сол жолмен жүрдім. Шығармашылыққа деген сүйіспеншілігімді ұмытып кеттім. Оған қоса, шығармашылықтың нақты қай бағытын қалайтынымды білмедім. Бірде анам күтпе­ген жерден хабарласып, бір кеңсеге келуімді сұрады. Барсам, шағын кеңседе екі тігін машинасы тұр және анам мен бір-екі жұмысшылар жүр. Мен «Не болып жатыр..?» деймін. Анам жерден алғандай «Әсем, қане, жеке брендімізді шығарайық. Өзің бала кезден «сәнгер болғым келеді» деп айта беруші едің ғой. Енді сен дизайнер болып, киімдер топтамасын шығар» деді. Шынында да бала күнімде қуыршақтарды, сіңлілерімді киіндіріп, сәндегенді жақсы көрдім. Сөйте тұра ол жолы анамның ұсынысынан бас тарттым. Себебі елімізде дизайнерлердің қарасы көбейіп, сән саласымен көптеген адамдар айналыса бастады. Мен өзіме сенімсіз болдым. Біраз қарсыласып едім, анам «Өзің жақсы көретін жұмыс. Не болса да байқап көр» деп, табандап тұрып алды. Осылайша, біз ательенің жұмысын бастап кеттік.

«BIBISARAның» туындылары несімен ерекше?

ӘА: Дизайнердің бәрі өз жұмысына бар күшін салады. Әркімнің талғамы, қалауы бар. Сондықтан әрқайсы бір-бірінен ерекшеленбей тұрмайды. Ал, мен көбіне байсалды, әрі стильді дүниелерді жақсы көремін. Өте қанық түсті, гүлді, жолақты маталар менің табиғатыма жат. Көбінесе бірқалыпты, бейтарап түстерді таңдаймын. Ою-өрнектері, моншақ-тастары да таңдалған мата түсінің айналасында болады. Мысалы, бір көйлекті тігуге ақ барқытты таң­дасақ, сол ақ түске жақын тастар, моншақтар, ою-өрнектермен безендіреміз. Онда көзге ұрып тұратын дүниелер болмайды. Қараға қара, аққа ақ түстер таңдауға тырысамыз. Сол кезде ол барын­ша сәнді, әрі бағалы болып көренеді. Брендіміздің басты ерекшелігі – қазақ мәдени ұлттық нышан­дарының заманауи әрі сәнді көрініс табуы. Сондай-ақ, киімдерді безендіруде зергерлік бұйымдар  – қапсырма, сәнді түйреуіш, түймелер мен түймеліктер қолданылады. Бұлар брендімізді басқалардан айшықтап тұрады. Оған қоса, бүгінгі қазақ әйелдеріне ұлттық стильдегі сәнді әрі замануи киімдер ұнайды.

 Жыл басында Парижге барып қайттыңыздар. Жақында Араб Әмірліктеріндегі сән көрсетіліміне қатыстыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз?

ӘА: Парижге біз Аида Кауменова, Динара Сәтжан, Наиль Байкучуков сияқты бірнеше қазақ дизайнерлері бардық. Ол жақта бәрі жоғары деңгейде өтті. Сол сапардан оралған бойдан маған Эр-Риядтағы Arab Fashion Week-ке қатысу туралы ұсыныс түсті. Бірақ, бұл апталыққа дизайнерлер арасында іріктеу жүргізілді. Оған арнайы презентациямды дайындап жіберіп едім, үш күннен соң іріктеуден өтке­нім туралы хабар алдым. Әрине, қуаны­шымда шек болған жоқ. Бірден жаңа үлгілерді дайындауға кірістім. Киімдер Араб халқының стиліне, сән үлгілеріне сай дайындалды. Олар қара барқыттан тігіліп, ұлттық өрнектермен көмкерілді. Қола және алтын түсті моншақтармен, тастармен безендірілді. Бұл көрсетілім ол елдегі ең алғашқы сән апталығы еді. Сахнаға «BIBISARA» топтамасы шыққанда халыққа бәрі ұнап, өнерімізге тәнті болып, қошеметін аямады. Апталыққа әр елден жиналған 15 дизайнер қатыс­тық. Дегенмен халықтың ерекше ықыласына бөленген Жан-Поль Готье мен Юлия Янина және біз, «BIBISARA» топтамасы болды. Араб елі сән әлеміне аса мән беретін халық екен. Тіпті, біраз киімдер сол сәтте сатылып кетті және көптеген тапсырыстар алып қайттым. Ол жақта маған бәрі ұнады. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе, болашаққа бас­тайтын күш-жігер.

 Сән көрсетілімдерін қанша­лықты жиі өткізесіз? Қазақ сәнгерлері жиі бас қоса ма?

ӘА: Көрсетілімдерді барынша жиі өткізіп тұруға тырысамыз. Kazakhstan Fashion Week Astana сән апталығына және Д.Сәтжанның ұйымдастыруымен өтетін Monaco Fashion Day көрсетілімі­не жиі қатысамыз. Сондай-ақ, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында да туындыларымыз тұрақты түрде таныстырылады. Бір орында тұрмай, әрдайым қозғалыста жүреміз. Өзім басқа дизайнерлермен үнемі байланыста болуға тырысамын. Біз өзара араласып, кеңестермен бөлісіп тұруға міндеттіміз деп ойлаймын. Сол арқы­лы бір-бірімізді толықтырып, дамимыз.

Спортпен, бачата биімен айналысады екенсіз. Дизайнер­ліктен бөлек қандай кәсіппен шұғылданасыз?

ӘА: Мен өзімді жан-жақты адаммын деп санаймын. Спорт мен үшін өмірімнің ажырамас бөлшегі. Онымен тұрақты түрде айналысамын. Ал, бачатаны ақпаннан бастап қолға алдым. Мектепте жүргенде халық билерін билегенмін. Одан кейін студенттік өмір, отбасылық кезең басталғанда қызығушылықтарым кейінге ығысқан еді. Би – адамның денесін босаңсытып, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан бачатамен әлі күнге айналысамын. Одан бөлек, мектепте жүргенде өздігімнен үйренген гитарада ойнауды әрі қарай шыңдау үстіндемін. Боулингке, киноға барғанды да өте жақсы көремін. Үйде жай жатқаннан балалармен қыдырып, құрбылармен кофе ішіп қайтқанды ұнатамын. Маған осындай белсенді демалыстар күш береді.

Дизайнерліктен бөлек Астанадағы «Astana Trade International» құрылыс компаниясында жұмыс істеймін. Жекеменшік караоке, мейрамхана бизнесімен де айналысамын. Барлығына өзім бақылау жасаймын. Бірақ жаныма ең жақыны – сәнгерлік, әдемілік, яғни, «BIBISARA» сән үйі.

 Өмірдегі басты ұстанымыңыз қандай? Екі қызды тәрбиелеуде нені ескересіз?

ӘА: Ұстанымым – заман ағымынан тыс қалмай, өмірден бар керегімді алу. Қыздарымды барынша еркін өсіремін. Қалаған істерімен айналыстырып, таңдау еркіндігін беремін. Өзімді, қыздарымды да қандай жағдайда да шектеуге тырыспаймын. Өмірді сүюден және басқаларға көмектесуден шармаймын.

Уақытты артқа қайтару мүмкін болса, қандай қателіктерді жасамас едіңіз?

ӘА: Ештеңені өзгертпес едім. Себебі өмір қателік пен кедергісіз болмайды. Мен сол қиындықтар мен қателік­тердің арқасында тәжірибе, күш жинақтаймын. Сондықтан тосқауылдар керек. Ол адамға алға қарай жылжуға түркі болып, көп жетіс­тіктерге жетелейді. Қалай болды, солай қалсын.

 Өзіңізді үш сөзбен сипаттап беріңізші?

ӘА: Мен өзімді әр жерде жария ете беруді аса қаламаймын. Сұхбат беруді де жақтыра бермеймін. Үш сөзбен сипаттасам: мейрімдімін, өмірге ғашықпын, адамдарға қашанда көмектескім келіп тұрады.

 Аруларға сән жағынан қандай кеңес бересіз?

ӘА: «Киім үлгісі неғұрлым байсалды әрі ұқыпты болса, соншалықты сырбаз көрінеді» дегенді жиі айтамын. Өзім де денемде ыңғайлы, әрі еркін тұратын киімдер киемін. Сән ағымына «байлан­бай», өзін қай киімде жақсы сезінсе, соны кигені жөн.

 Бір күніңізді қалай өтеді? Барлығына қалай үлгересіз?

ӘА: Бұл ретте маған қойын дәптерім өте жақсы көмектеседі. Оны жанымнан бір елі қалдырмай келе жатқаныма 8-9 жыл шамасы болды. Бұл менің уақыт сақшым әрі көмекшім. Оған жылға, айға, аптаға, тіпті әр күнге арналған жоспарларымды, қажет дүниемді жазып жүремін. Өйткені жұмыс көп болғандықтан, бірі естен шығып кетуі мүмкін. Қойын дәптерді үйде қалдырып кету – телефонымды қалдырғанмен бірдей. Негізі жеке көмекшім жоқ. Мен бірне­ше жобалар жүргіземін. Оның әрқайсында өзінің жауапты адамы бар. Бүгін қай жұмысты жасау керек? Қайсысы шұғыл, қайсысын кейінге қалдыруға болады? Қайсысын жолай, көлікте келе жатып, я болмаса біреуді күтіп отырып бітіре аламын? Осының бәрін қойын дәптеріме қарап саралаймын.

 Алдағы жоспарларла­рыңызбен бөліссеңіз?

ӘА:  Мен болашақ жоспарларымды жариялағанды ұнатпаймын. Үнемі кеңесіп, ештеңемді жасырмайтын адамым – тек анам. Бір білетінім – «BIBISARA» бір орында тұрмайды, қалайда ілгерілеу үшін жұмыс істейміз. Біз осы жылы көптеген жетістіктерге жеттік. Алла бұйырса, келесі жыл да шығармашылыққа толы жыл болады деп сенеміз.

Сұхбаттасқан

Гүлназия ӘБУОВА