ДенсаулықЖүктілік

Босанған ана туралы  8 аңыз бен 5 шындық

Қазір қай жерде болсын жаңа босанған әйелдерге қатысты тыйым сөздер немесе кеңестер жетіп артылады. Оны алғаш босанған әйелдердің білместікпен қолдануы немесе бала туудан қорқуы жиі кездеседі. Біз осы тұста ақпараттардың дұрыс не бұрыстығы туралы әйелдер дәрігерінен сұрап білген едік. 

АҢЫЗ

Жаңа туған әйелдің 40 күнге дейін шомылуына болмайды

40 күнге жетпей шомылуға рұқсат. Десе де, жеңіл душ қана қабылдауы тиіс. Моншаға, саунаға түсуге қатаң тыйым салынады. Бұл кезде өзі кеңіп тұрған қантамырлары ыстық буда одан сайын кеңіп кетеді. Соның әсерінен қан кетуі мүмкін. Сондай-ақ, ауыр зат көтеру, күшті физикалық жұмыстар істеу де қан кетуге әкеледі. Негізі 1-2 күннен кейін қалаған уақытында жеңіл түрде шомылуына болады. Босанған әйелге гигиенаны сақтау өте маңызды.

Бірден құрсақты тарту керек

Бандажды босанғаннан кейін бірден тағуға болмайды. Себебі босанғаннан кейін жатырда табиғи жолмен жиырылу процесі басталады. Бірден бандажды киіп алатын болса, ол ішті қысып, жатырдың табиғи жолмен жиналуына мүмкіндік бермейді. Ішті тек екі апта өткеннен кейін тартуға рұқсат. Өйткені екі аптаның ішінде іштің жиырылу процесі түгелімен аяқталады. Негізі медицинада ішті байлау міндеттелмеген. Бірақ әйелдерде бұрыннан қалыптасып кеткендіктен, біз екі аптадан кейін ғана тағуға рұқсат береміз.

Босанған әйелдің тісі, шашы, тырнағы түсуі заңдылық

Құрсақтағы баланың терісі мен сүйектері дамуы үшін көп мөлшерде кальций қажет. Оны бала анасынан алады. Әйелде кальций өте аз болса, бар дәрумені балаға кетіп, кальций көп мөлшерде шоғырланған тісі, тырнағы, шашы түсе бастайды. Ондай болмас үшін біз әйелдерге жүктіліктің 32-аптасына дейін кальций ішуді тапсырамыз. Көп әйелдер оны ішпейді. Нәтижесінде тісі, шашы, тырнағы қатты түседі. Бірақ дәруменді 32 аптадан артық тұтынатын болса, баланың еңбегі қатып қалады да, әйелдің табиғи жолмен босануы қиындайды.

 Дұрыс терлемеген әйелдің бетінде қара дақтар қалып қояды

Қара дақтың пайда болу себебі – жүктілік кезіндегі эстроген гармонының көбеюінде. Ағзада фолий қышқылы жетіспесе де теріде қара дақтар пайда болады. Бірақ, босанғаннан кейін ағзадағы өзгерістің бәрі қалпына келіп, дақтар да жойылады. Негізінде қара дақтар күннің астында көп жүргеннен, дәрумендердің жетіспеушілігінен де пайда болады. Ал, терлеу іштегі зиянды заттардың сыртқа шығуына көмектеседі.

Босанған әйелде қанды ірің бөлінуі қалыпты жағдай

Бұл жалған. Жаңа босанған әйелден қанды ірің жарты сағаттан артық, көп мөлшерде келсе – дереу дәрігерге көрінуі керек.  Себебі, ол босанған әйелдің ағзасында қандайда бір асқынулар немесе ісік бар деген сөз. Яғни, әйел үнемі қынаптағы бөліндіні қадағалап жүруі керек.

Қырық күн баланы далаға шығаруға болмайды

40 күнге жетпей жатып баланы сыртқа шығаруға болады. Бірақ сағаттап жүруге болмайды. Оның уақытын күнде аз-аздан арттырып отыру қажет. Мәселен, бірінші күні 10 минут, одан кейін 15 минут дегендей. Бала күннен қажетті Д дәруменін алуы тиіс. Десе де, қыстың күндері абай болу қажет. Қыста күн суық, оның үстіне күннен Д дәруменін ала қою да екіталай. Ал көктем, жазда босанған әйелдер баланы сыртқа шығара берсе болады. 40 күн бойы баланы сыртқа шығаруға болмайды деген қағида жоқ.

Қан тоқтағаннан кейін жыныстық қатынасқа рұқсат па?

Босанған әйел 40 күнге дейін жыныстық қатынасқа түсуге қатаң тыйым салынады. Себебі жатыр мойны толық жиырылып бітпегендіктен, жатыр инфекция көздеріне ашық болады. Бұл кезде жыныстық қатынасқа түссе, әйел жатыры еркектің бойындағы қандайда бір инфекцияны бірден қабылдап алады. Жатырда ісінулер пайда болуы да мүмкін.

 

Бала туған соң жыныстық қатынастан ләззат ала алмау, кіші дәретті ұстай алмау пайда болады.

40 күннен кейін жатыр толығымен жиырылады. Қынап бұлшықеттерінің барлығы табиғи түрде өз қалпына келеді. Кіші дәретті ұстай алмау, қынап бұлшықеттерінің босауы барлық босанған әйелде болмайды. Ол көбінесе 7-8 балалы, 50-ден асқан, дұрыс күтінбеген әйелдерде кездеседі. Бұл белгілі бір асқынулардан, ағзада бір нәрсенің дұрыс еместігінен хабар береді.

Кіші дәретті жіберіп қою көбінесе жатырдың төмен түсуі кезінде орын алады. Жатырдың түсуі кәдімгі аурудың бір түрі. Бұл жатырды ұстап тұратын сіңірлердің серпімділігін төмендеуінен болады. Бұл ота жасау арқылы емделді. Бірақ, бұл физиологиялық жағдайда өздігінен пайда болмайды. Әйел өзін толыққанды күтіп, дәрігердің бүкіл нұсқаулығын дұрыс орындаса, ондай жайттар орын алмайды. Мұндай жағдай орын алмас үшін Кегель жаттығуларын жасауға кеңес береміз. Оны әйелдер үй жағдайында жасауына да болады.

 

ШЫНДЫҚ

Босанған әйел көптеген тағамдарды жеуге болмайды

Күнделікті тұтынатын тағамының құрамында ақуыз, көмірсу және майлар болуы тиіс. Қалжаның құрамында ақуыз өте көп және майы да бар. Сондықтан аналарға қалжа жеп, сорпасын ішу өте пайдалы. Босанғаннан кейін алғашқы кезеңдерде тәтті нәрселерді көп жемеген дұрыс. Ол жаңа туған балаға аллергия тудыруы мүмкін.

Босанған әйел өзіне жеткілікті мөлшерде 5 рет тамақтанғаны жөн. Жұмыртқаның ағы түгел ақуыздан тұрады. Ал, сарысында аллергенді заттар көп болғандықтан, жаңа босанған әйелге бастапқы мезгілінде оны жеуге болмайды. Сондықтан әр тамақты талғап жеген дұрыс. Жаңғақтарды жегенде де абай болған жөн. Өте жегісі келген нәрсені өте аз мөлшерде жеуге рұқсат.

Әйел 40 күн бойы барынша қымтанып жүруі тиіс

Екіқабат әйелдің ағзасын басқа әйелдермен мүлде салыстыруға келмейді. Олардың ағзасында түбегейлі қайта түзілулер орын алатындықтан, өте әлсіз. Сондықтан әйелге қатты суыққа шығуға, сызда отыруға болмайды. Бірақ бұл 40° ыстықта да қымтанып жүру деген сөз емес. Бұл кезде әйелге суық тиетін болса, ол бірден жатырға барып орнығып алуы мүмкін. Соның әсерінен өзге аурулар пайда болып немесе басқа ауру түрлері асқынып кету қаупі бар.

 Баланы жиі емізу ананың денсаулығына өте пайдалы

Баланы емізгенде ананың бойында окситоцин гармоны бөліне бастайды. Бұл гармон жатырдың жиырылуына көмектеседі. Сондықтан біз жаңа туған аналарға баласын жиі емізуге кеңес береміз. Сонда жатыр тез қалпына келеді. Бала көтермей тұрып 50 гр ғана болған жатыр жүкті болған кезде бастапқы қалпынан 500 есеге үлкейеді. Сол жатыр бастапқы қалпына келуі тиіс. Ол үшін баланы жиі емізу ананың денсаулығына өте пайдалы. Баланы емшек сұраған кезде ғана емізу керек. Ал, бала 3 сағатқа дейін емшек сұрамаса, онда баланы ұйқысынан оятып емізуі қажет.

Үлкен дәрет бірден қалыпқа келуі тиіс

Иә, бұл дұрыс. Үлкен дәретке отырмаған жағдайда шөптерден жасалған іш жүргізетін шайлар ішуге кеңес береміз. Ал, клизма тек ештеңе әсер етпеген жағдайда ғана ұсынылады. Мұндайда минералды сусындарды ішуге тыйым салынады. Себебі олар ішекте ісінулер тудырып, көп мөлшерде газ түзіліп, әйелдің үлкен дәретке шығуы одан сайын қиындайды. Мұндайда толығымен дұрыс тамақтануға кеңес береміз.

Омырауды жөкемен ысқыламау керек, косметикалық заттарды қолдануға болмайды.

Иә, ол дұрыс. Омырауды қатты ысқышпен ысуға болмайды. Себебі олар омырауға зақым келтіруі мүмкін. Жұмсақ ысқышты пайдалануға рұқсат. Душқа түскен кезде ыстық суды дәл омырауына құйып тұрып жууына да болмайды. Ал, бала емшек еметіндіктен, косметикалық кремдерді омырауға жағуға болмайды. Денесінің одан басқа бөліктеріне крем жағып, өзін күтуіне болады. Бірақ оның құрамында аллергия тудыратын нәрселер болмағаны дұрыс.

Әмірайым Динара Бауыржанқызы, акушер-гинеколог дәрігер