ДенсаулықЖүктілік

Босану кезіндегі серіктес

Босану бөлмесінде қасыңызда кімнің болғанын қалайсыз - күйеуің, анаңыз немесе арнаулы дәрігер ма?

166Қаралымдар

Соңғы кездері босану тек әйел адамның мойнындағы процесс емес, жақындарға да бөліп берілетін міндетке айналған. Біреулер күйеуін, енді бірі анасын ертсе, кейбір әйелдер ақ халатты абзал жандарды жалдайтын болған.

 Қазір мұның барлығы рұқсат етілген дүние. Сол себепті перзентханаға барарда қасыңызға күйеуіңізді, анаңызды, құрбыңызды немесе арнайы көмекші маманды серік етуге болады. Ең бастысы – ет жақындарыңыздан нақты қандай көмек күтесіз және олардың қайсысы бұл жағдайда сіздің тілегіңізді толық орындай алатынын түсіну.

 Күйеудің қатысуымен босану

Босану кезіндегі күйеуіңіздің көңіл-күйін отбасындағы басқа жандардыкімен салыстыру қиын. Әйелдің қасына еріп барған еркек не істеуі керек? Мұндайда ол әйеліне ауырғанды басатын массаж жасап, жылы сөздерімен сабырлыққа шақырып, бәрі жақсы болатынына сендіріп, көңілін көтеру арқылы көп көмегін тигізе алады.

Әрине, ол үшін ер азаамат психологиялық тұрғыда дайын және кез келген тосын жайға әзір болуы тиіс. Дәрігерлердің айтуынша, ер адам баланың дүниеге келуінен түбегейлі хабардар болып, әйелімен бірге дайындалған кезде ғана босану процессінен жақсы өте алады. Яғни, жүктілікке қатысты сабақтарға бірге барып, кітап оқып, УДЗ-ға бірге келіп жүрсе, бәрін түсінеді. Бірақ ондай белсенділіктің өзі кейде дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Себебі еріңіздің босану сәтіндегі жай-күйін ешкім де болжай алмайды.

Күйеуіңіз төмендегідей әрекеттер көрсетсе үйде қалғаны жақсы: 

  • дәрігерлерге нұсқау беріп, бәріне басшылық жасамақ болса;
  • әрдайым өзінен күмәнданып, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алмайтын болса;
  • шектен тыс эмоционалды, тіпті, есінен танып қалуы мүмкін болса;
  • күйеуіңіз босануға сіз үшін емес, ондағы төтенше жағдайды көруге барса;
  • босану бөлмесіне сіздің көңіліңіз үшін ғана еріксіз барса.

Күйеуін қасында болуға күштеп көндіретін әйелдер де бар. Олар бұл әрекетімен күйеуінің шектен тыс жеңсіктігі үшін жазалап, «сенің кесіріңнен қалай қиналып жатқанымды көр» дегендей сыңай танытады. Кейбірі жолдасы айтқанынан бас тартса, оның өзіне деген сезімі шынайы емес деп қабылдайды.

Бұл әрекеттер еш жақсылық әкелмейді. Әрине, қиын сәтте қасында болып, қолдау көрсету жұбайлар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтады. Бірақ, ол үшін бұған дейінгі аса күрделі кезеңдерде өзара түсінушілік пен шынайы махаббат болуы тиіс.

Күйеуін серіктес етуге қатысты туындайтын сұрақтар:

  • Жалпы, босану – жан азабына пара-пар. Сондықтан әйелде «күйеуім бұл түрімді көрсе, көңілі қалады» деген қорқыныш пайда болуы мүмкін. Бірақ жұбайыңыз сізді әдемі көздеріңіз бен мүсініңіз үшін ғана жақсы көрмейді. Ол тіпті қиналғаныңызды көріп, сізден бетер уайымға берілуі ғажап емес.
  • Көбісі күйеуі әйелінің босанған кезін көрсе, одан жайсыз әсер алып, әйеліне деген жыныстық құмарлығы төмендейді деп есептейді. Бұл рас па? Негізінде олай емес. Егер бойыңызда мұндай қорқыныш орын алса, күйеуіңізді дәл босану процессінде бөлмеден шығуын сұраңыз.
  • Ер адамға жаңа туған шараналар ұнамайтын болса ше? Мұндай жағдай күйеуіңіз осы кезге дейін жаңа туған баланы тіпті фильмнен де көрмеген болса орын алуы мүмкін.

Аналарды өзімен бірге серік ету

Анаңмен бірге босанудың негізгі артықшылығы – оның сізге деген шексіз махаббаты мен жанашырлығы, екіншіден, баланың дүниеге келу сәтін жақсы білуі. Анаңыздан келбетіңіз бен кейбір әрекеттеріңіз үшін еш қысылмайсыз. Арасында қыңыр мінез де көрсетіп аларсыз.

Дегенмен, мамандар босану бөлмесіне аналарды кіргізу үшін жақсылап ойлануға кеңес береді. Өйткені бала – анасына өмірбақи бала. Неше жасқа келсек те, олардың бізге деген қорқыныш және қуаныш сезімдері еш өзгермейді. Дәрігерлер қызына батыл түрде қолдау көрсетіп, көмектескен ананың өзі бала туылғаннан кейін дәлізге шығып, жүрегін ұстап, қабырғаға сүйене кететінін жасырмайды.

Аналар мына жағдайларда ғана мінсіз серіктес бола алады:

  • бар қиындықты еркін талқылап, анаңыздың кеңестерін наразылықсыз қабылдасаңыз;
  • анаңыз сізді ересек, тәуелсіз адам деп біліп, таңдауыңызға әрқашан құрметпен қараса;
  • анаңызбен өзіңізді жайлы әрі қауіпсіз сезінсеңіз.

Сондай-ақ, анаңыз өзіне артылған жүкті ойдағыдай көтереді деп білесіз бе? Онда анаңызбен босану барысы туралы алдын ала кеңесіп алыңыз. Сіз одан нақты қандай көмек қажет етесіз, қандай іс-әрекетті қажетсіз деп ойлайсыз – барлығын талқалаған абзал.

Арнаулы дәрігердің көмегіне жүгіну.

Бұл тәжірибе бізге енді ғана келе жатыр. Ал Батыста жүкті әйелдердің өздеріне кәсіпқой көмекші жалдап алуы әдетке айналған. Ол мамандарды доула деп атайды. Біздің елде арнаулы доула жоқ. Бірақ ақылы перзентханалар бар. Онда тоғыз ай бойы жүктілігіңізді бақылаған гинеколог дәрігер, босану кезеңізде тек сіздің серіктесіңіз ретінде қатысады. Арнаулы массаждар жасайды, көңіліңізді аулайды. Қан қысымыңыз бен жағдайыңызды қадағалайды. Әрине, серіктес-дәрігер гинеколог, акушер, анестезиологті еш алмастыра алмайды.

Серіктес-дәрігермен босану мына жағдайларда тиімді:

  • сіз бар ауыртпалықты көтеруге дайынсыз, бірақ бәрінен жалғыз өтуге сенімді емессіз;
  • қасыңызда жақыныңыз емес, сенімді жан болуы қажет;
  • босану туралы өте аз білесіз, сондықтан қасыңызда әрдайым көмекші болғанын жөн көресіз.

Бұл әдістің оңтайлы тұсынан бөлек қалтаға келтіретін ауырлығы да бар. Орта есеппен ақылы перзентханада 9 ай бойы есепте тұру құны 270 мың теңге болса, тек босандыру және оған серіктес-дәрігердің қатысуы 420 мың теңгені құрайды.

Босану кезінде қатысуы мүмкін деп біз қарастырған үш әдістің де ұтымды әрі ұтымсыз тұстары бар. Ал, қайсысы сізге оңтайлы боларын тек өзіңіз шешесіз. Бастысы, баланың туылу кезі әйел үшін ең бақытты әрі еш ұмытылмайтын сәт екені баршаға аян!