Екеудің құпиясыЖан әлемі

Бұрынғы жігітім қайта оралғысы келеді. Қадіріме жетті ме?

Бұрынғы жігітіммен оның мінезі үшін айырылысып кеттік. Екеуміз бірге өткізген 2 жылда бір-бірімізді танып үлгермеппіз. Әрдайым қиындыққа тап бола қалсақ, «онда айырылысып кете салайық» дегенді айтуға бейім тұрады. Көп ұзамай ол сөзінен өзі айнып қалады. Менен жасы үлкен болса да, баланың қылығын істейді. Сен қыз-жігіт болып жүрген күні осылай дейсің, үйленгеннен кейін, баланы алып, кет дейтін шығарсың десем, «сен мені сондай құбыжық көресің ба» деп өзіме ренжіп шыға келеді. Соңғы күндері ашушаң болып кеткеннен кейін, бұлай жалғаса беру мүмкін емес екенін түсіндім. Екі жылда алғаш рет айырылысқанымызды қалайтынымды айттым. Бұл жаңалық оған ауыр соққы болып тиген шамасы. Мені сүйетінін, ешқайда жібермейтінін айтып, артымнан қалар емес. «Енді өзгеремін, жастықтың буы ғой» дейді. Жігітім жақсы адам, бірақ маған келгенде қырсықтығы бар. Оған сенуіме бола ма? Әрине 2 жылда қатты бауыр басып қалғанмын. Жібергім де келмейді, бірақ, ол үшін қадірім болмаса, бұлай қиналып жүрмеспін. Құрбыларым: «сен одан әлдеқайда ақылдысың, оның қазіргі қылықтары баланың ісі» дейді. Не істесем екен? Кешіріп, қайта бірге болайын ба? Бірақ адамдар өзгермейді деген де бар…

КЕҢЕС:

1. Өзіңізге сұрақ қойыңыз

Анаңыз бен құрбыңызға немесе психолог көмегіне жүгінудің қажеті шамалы. Өзіңізге ғана сеніңіз. Ол адамға деген сезім сарқындары жүрек түкпірінде сақталып қалып па, әлде оны ауыр күндерді «тарту еткені» үшін жек көріп кеттіңіз бе? Егер ішкі болмысыңыз оны кешіруге дайын болса, бір рет мүмкіндік беріп көруге болады.

2. Қосылуға болмайтын жағдайлар

Егер ол сізге қол көтерген болса немесе сіздің танымыңызға сай келмейтін әрекеттерге (құмар ойындары) барса бұрынғы жігітке оралудың қажеті жоқ.

3. Бұрынғы жағдай қайталана ма?

Психологияда көп құпталатын бір ұстаным бар: тұңғыш рет жасалған әрекет, екінші рет қайталанбауы мүмкін. Ал, екінші рет қайталанатын қателіктің міндетті түрде жалғасы болады. Бұнымен не айтқымыз келді? Сізді екі рет тастап кеткен жігітіңіз, келесі жолы да сол қадамға жалтармастан баруы ықтимал.

4. Себебін анықтаңыз

Сізге қайтып келудегі оның мақсаты қандай? Бәлкім анасының ақылына жүгініп қайта оралған болар? Әлде сіздің даярлайтын асыңыздың дәмі таңдайынан кетпей жүр ме екен? Жай ғана мезеттік ынтызарлықты сағынған жоқ па екен? Қысқасы сауал көп, таразылап шешім шығару керек.