бьюти блогер
СұқбатСырласу қонағы

Айғаным Ерланқызы: Бьюти-блогер құпиялары

Айғаным Ерланқызы – «Қазақ аруы-2012», аяулы жар, бьюти-блогер. Айғаным Самбай өз блогы арқылы сұлулыққа сыр шертетін тақырыптарды көтеріп, бет күтімі жайында пайдалы әрі маңызды ақпараттармен бөліседі. «Сырласудың» бүгінгі санында әлеуметтік желі белсендісі блог жүргізудің құпиясын ақтарып, тері күтімінде мұқият болу қажеттігі жөнінде әңгіме өрбітті.

Блогым көпке көмек болды

Блогерлікке бет бұруыма түрткі болған жағдайлар бар. Яғни, бьюти-блогер болу – аяқ асты қабылданған шешім емес. Өз басым эстетиканы, бетке күтім жасағанды әрі пайдалы ақпараттармен бөліскенді ұнатамын. Блогымды да осы бағытқа қарай бұрып, әрқашан әдемі болып жүруге кеңес беретін бьюти-блогерлікке аяқ бастым.

Менің блог жүргізу арқылы берген кеңестерім, айтқан ұсыныстарым көп қыздарға көмек болды. Әр қалдырған жазбамнан кейін маған адамдар тартыла бастады. Осыдан-ақ мен адамдарға, әсіресе, нәзік жандыларға пайдалы ақыл-кеңес айтып жатқандығыма және олардың іске асып жатқандығына көзім жетті. Сол себепті блогымды әрі қарай дамытуға бел байладым. Маған адамдар күн санап тіркеле бастады, оқырмандарым блогымның оларға қызықты әрі пайдалы екендігін жазып, тері күтімінде таптырмас көмек болғандығын айтты. Әлі күнге дейін бағытымды өзгеге бұрмай, жазбаларымды жағымды ақпараттармен жалғастырып, құпияларыммен бөлісіп келемін.

Тері – ішкі ағзамыздың айнасы

Менің терім проблемалы болғандықтан, бетіме безеу көп шығады. Бұл мәселемен күресіп жүріп, оны шешу жолдарын өзім ғана біліп қоймай, оқырмандарыммен де бөлісуді жөн санадым. Себебі, көп қыздардың терісі проблемалық типке жататындықтан, олар дұрыс әрі зиянсыз кеңестерге зәру. Бет терісіндегі мұндай мәселелерге алдымен экология, одан кейін біз тұтынатын өнімдер себеп. Жалпы тері ішкі ағза жағдайының айнасы екендігін ұмытпаған абзал.

Бетіңіз таза болсын десеңіз, мына кеңестерге құлақ түрулеріңізді сұраймын:

дұрыс әрі пайдалы тағам өнімдерін тұтыну;

суды көп мөлшерде ішу;

спортпен шұғылдану;

уақытылы ұйықтау.

Сондай-ақ, айта кетер жайт, төсек жамылғыларын да жиі ауыстырып отыру маңызды. Себебі, ұйықтаған кезде бетіміз жастыққа, төсек жабдықтарына тиіп, түрлі микробактерияларды сіңіруі ықтимал. Сол себепті оларды әрдайым таза ұстаған абзал.

Әр жазбаға еңбек пен ізденіс қажет

Блогымдағы әр жазбаның астында үлкен еңбек пен үздіксіз ізденіс жатқандығын біреу білсе, біреу білмес. Блог жүргізудің де өз қиындықтары бар. Кейде «Қандай ақпарат қажет әрі қызық?» деген ойда қаламын. Себебі ғаламтор беттерінен кез келген дүниені табуға болады, ал блогқа өзгешелік керек. Қазіргі таңда түрлі күтім жасауға арналған тиімді мәліметтермен бөлісетін бьюти-блогерлер көп және солардың арасында өзімді жоғалтып алмаудың қамын ойлаймын.

Көп жағдайда мен өз тәжірибеммен бөлісемін, өз басымнан өткен оқиғалар туралы жазамын. Маған тіркелуші жандарға да блогымның осы тұсы қызығырақ деп ойлаймын. Қазір мен өз аудиторияма не ұнайтынын, оларды не қызықтыратынын алдын ала білуге тырысамын және соған қарай жұмыс жасаймын.

Бет күтіміне ерте көңіл бөлу керек

Арулар бет күтіміне ерте көңіл бөлу керек. Бетті қаншалықты ерте күте бастасаңыз, соншалықты жағымды әсер мен сау ағзаға ие боласыз. Себебі, бет терісін таңертең де, кешке де ылғалдандырып отыру маңызды. Теріні сырттан ғана емес, іштен де ылғалдандыру керек. Ал ол үшін жоғарыда айтып өткенімдей, көп мөлшерде су ішу  қажет.

Косметикалық құралдар жағылған күйде ұйқыға жатуға болмайтындығын да естен шығармаңыз. Бетті жатар алдында міндетті түрде макияждан тазарту керек.

Тері типіне қарай бетке крем таңдағанда да мұқият болған жөн. Қаптамада жазылған крем құрамына назар аударып, асығыстық танытпаған дұрыс. Сондай-ақ, дүкенде косметикалық өнімдер жайында кеңес беретін кеңесшілердің көмегіне жүгінген жөн. Барлық арудың бет терісі бірдей емес. Сол себепті типіңізге сай емес құралды таңдасаңыз, ол тері жағдайын одан сайын ушықтыруы мүмкін. Өз басым бет күтіміне ерте көңіл бөліп, сұлулықты ішкі ағзамыздың саулығынан бастағанымыз жөн деп санаймын әрі сіздерге де солай жасауға кеңес беремін.