Сырласу
News

Cultural Atlaz: Асел Зои ұлт өкілдері арасындағы қамалды бұзады

«Atlaz» сөзінің бұлай жазылуы тегін емес. Жоба атауы Асел Зоидің есімімен тікелей байланысты.

382Қаралымдар

Жуырда блогер әрі қоғам қайраткері Асел Зои әлеуметтік желі және электронды бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде Cultural Atlaz атты өзінің жаңа авторлық жобасын көпшілікке таныстырды. Асел аталмыш жоба арқылы әлемнің әр бұрышындағы адамдардың туыстық және этносаралық қарым-қатынасын көрсетті. Бұл – жобаның негізгі мақсаты еді.

«Біз – әртүрлі ұлттың, жыныстың және діннің өкілдеріміз. Бір-бірімізге мүлде ұқсамаймыз, бірақ, сонымен қатар – бірдейміз. Түрлі мәдениет пен ұлт өкілдері арасындағы қамалды бұзамын деп алдыма мақсат қойдым.

Cultural Atlaz жобасы арқылы адамдарды өзге ұлттың мәдениетін қолдануға шабыттандырғым келеді. Бойымда араб және қазақ қандары бар. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын мәдениеттер бір арнаға тоғысты. Мен – оның айқын дәлелімін.

 

Көзі ашық, көкірегі ояу жандар өз халықтарының игі дәстүрлерін сақтай отырып, ұлтаралық түсініспеушіліктер мен мәдениетаралық, нәсілдік келіспеушіліктерге жол бермес деп сенемін. Өйткені, бүгінгі таңда, біз, барлығымыз – көпғасырлық мәдениеттер мен нәсілдердің этникалық араласуынан пайда болдық. Ал, әлемде географиялық және ақпараттық шекараның бұзылуы – бұған толық ықпал етеді.

Шығу тегі мен терісінің түсі әртүрлі болғанымен, барлық адамдардың ортақ армандары бар. Ол – бақытты болу. Біз бірлікке ұмтылуымыз керек деп есептеймін», – дейді жоба авторы Асел Зои. Автор түрлі ұлттар мен ұлыстардың киіну мәдениетін қолданып, ұлттық нақыштағы киімдерді бүгінгінің сәніне бейімдеуді мақсат тұтты. Cultural Atlaz өзге ұлттардың мәдениеті мен әдет-ғұрпын тануға көмектеседі. Аталмыш жоба түрлі әдемі образдарды көпшілікке үлгі ететін керемет шоу болары анық. Сонымен қатар, еліміздің мәдени өміріндегі жарқын оқиға болмақ.

Барлық материал Алматы қаласында және оның маңайында түсірілген. Жоба авторы бірнеше ұлттардың мәдениетін қамтымақшы.

Жобаның әлеуметтік желілерінен әртүрлі халықтардың салт-дәстүріне саяхат жасап, сантүрлі образдарды тамашалаңыз.

Айта кетейік, Асел Зои – Қазақ Ұлттық университетінің қызыл диплом иегері, Қазақстан мен Орта Азиядағы New York Film Academy (NYFA) өкілі. ELLE Kazakhstan журналының «Аксессуарлар» және «Құндылық» айдарларында редакторлық қызмет атқарған. The Ritz Carlton Almaty қонақ үйіне қарасты орта Азиядағы жалғыз SEVEN клубының өкілі. Мотивацияға толы My Happy Day Planner күнделігінің авторы, қоғам қайраткері, жебеуші және блогер.