ОтбасыОтбасы бюджеті

Дағдарыстан шығудың жолы қандай?

Еңбек нарығында қандай өзгерістер болып жатыр? Қысқартуға ұшырайтыныңызды алдын ала қалай білеуге болады? Ал бұл ендігі жүзеге асып қойған іс болса, жоспарсыз демалыстың ұзарып кетпесі үшін қайтпек керек?

ТЕРЕҢ БОЙЛА
Еңбек нарығындағы ауытқулардың барлығы ел экономикасымен тығыз байланысты. Дағдарыс уақыты созылған сайын оны алдын ала болжайтындар көбейеді. Қысылтаяң шақта зардап шеккен бизнес иесі сіз сияқты барлық шығындарын есептей бастайды. Ең бірінші кезекте аса қажеті жоқ заттарды сатып алуды және көңіл көтеруді шектеу керек. Жағдай тым құлдырап кетсе, өмір сүру үшін қажет дүниелерді ғана өтеуге тура келеді. Мәселен, тамақ, дәрі-дәрмек, үй шығындары.

АЛМА КЕЗЕК ДҮНИЕ
Әдетте дағдарысты ең бірінші сезінетіндер – банк саласы мен сақтандыру бизнесі. Автомобиль шығарушыларға, делдалдарға, өндірушілерге, құрылыс компанияларына да оңай емес. Бөлшек сауда желілеріне, киім, аяқкиім, спорттық тауарлар сататындарға тіпті қиын.

Жарнама бизнесі, соның ішінде типографиялар зардап шегеді. Доллар не еуромен жұмыс істейтін туристік агенттіктер биылғы табыстарымен мақтана қоймасы анық.

КІМГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР?
Жұмыс беруші бюджетін үнемдеп, айтарлықтай кіріс алып келмейтін мамандардан бас тартуға мәжбүр. Заңгер, есеп және қаржы, кадр мамандары, IT маманы, хатшы, жүргізуші, күзетші… Жағдай жақсы болса, бұл мамандар тұрақты жұмыс істейді. Деңгей ортайса, компания оларға басқа жұмыс түрін ұсынады, қосымша міндет жүктейді. Ал тым нашарласа қабілеті жоғарылары, аса қажеттілері ғана іріктеледі. Мысалы, спорттық клубқа келушілердің бір легі қысқарды. Демек бұрынғыдай көп жаттықтырушыға мұқтаждық жоқ. Көлік салонындағы сауда екі есеге түсіп кетсе, сатушының саны қысқарады.

ҚАУІПТІ АЙМАҚТА ЕКЕНІҢІЗДІ ҚАЛАЙ БІЛЕСІЗ?
Өзіңізге қоятын бірінші сұрақ: «Менсіз компания дағдарыстан өте ала ма?». Егер таптырмайтын мықты маман болсаңыз, басшылықтың сізден айырылуы екіталай. Екінші сұрақ: «Компания менің құндылығымды біле ме?». Кімнің қысқаратыны нақты анықталғанда жағдайды өзгерту мүмкін емес. Бұл – қысқартудың алғашқы белгілері біліне бастағанда қойылатын сауал. Орныңыздан кеткіңіз келмесе, бар мүмкіндігіңізді көрсетіп, шапшаң қимылдаңыз.
Қатерлі аймақтағылардың қатарында болсаңыз, басшылық жауапты тапсырма беруді тоқтатады, жұмысқа келіп-кеткен уақытыңызды жазуды талап етеді, топтық жобаларға қатыстырмайды.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Алдымен компания үшін бағаңызды анықтаңыз, жұмыс ауқымыңызды есептеңіз. Мәселен, қоғаммен байланыс маманы өзі берген материал арқылы компанияға қаншалықты пайда алып келгендігін, кіріс кіргізгендігін білуі керек. Көбірек тапсырма мен жобаны жауапкершілікке алып, оны сапалы әрі уақытылы өткізу арқылы көзге түсу өте маңызды. Өз бөліміңізді қалай дамытуға болатындығы туралы да ойлаңыз. Себебі, дағдарыс кезінде әр мекеме 5-15 жылдан кейін өздерінің қандай өнім шығарып, не істейтіндігі туралы көп толғанады.

«КЕТЕМІН» ДЕП ШЕШСЕҢІЗ…
Өмір түрлі тосын сыйға толы. Қысқартуға тап болып, «жұмыстан кетемін» деп шешім қабылдадыңыз. Мұндай жағдайда міндетті түрде әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынасыңызды сақтап, ұсыныс хат жаздырып, өтемақы алуға келістіріңіз. Жұмыстан шыққан соң барынша белсенді болыңыз. Өзіңізге дұрыс баға беріп, нені құрбан ететініңізді, нені алып қалатындығыңызды шешіңіз. Инфографиканың соңғы үлгілерін таңдап, қысқа да нұсқа түйіндеме дайындаңыз. Жұмыс беруші бір күнде қаншама түйіндеме қарайды. Жүздің бірі болып сіздің ақпаратыңыз көзге оттай басылуы тиіс. Бұрынғы жұмыс орныңыздың ұсыныс хатын тіркеуді ұмытпаңыз.
Жаңа қызметкерлер жинап жатқан кәсіпорындарды қарастырыңыз. Себебі алпауыт компаниялар дағдарыс кезінде тұрақты болады. Таныстарыңыз, достарыңыз, достарыңыздың жолдастары сіздің жұмыс іздеп жүргеніңізден хабардар болсын. Дегенмен құрбыңызбен «бәрі құрдымға кетті» деп әңгіме айтудың қажеті жоқ. Еңсеңізді тік ұстап, спортпен айналысып, бұрын уақыт таппай жүрген дүниелеріңізге көңіл бөліңіз.