СұқбатСырласу қонағы

Дана Нұржігіт: «Түбегейлі өзгергенмін»

Оның есімін елге танытқан «Хабар» телеарнасы. Ол «XXI ғасыр көшбасшысы» атты зияткерлік сайысты дүрілдетіп жүргізген кәсіби маман. Тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіттің бүгінде өзіндік «Дара жолы» бар.

С: Сізді дүйім жұртшылық «Хабар» телеарнасының журналисі ретінде жақсы таниды. Бір сұхбатыңызда «24 жасымда кіріп, 17 жыл еңбек етіп, 41 жасымда «Хабардың» есігін жаптым» депсіз. Бұл үкіметтік арнаның өміріңіздегі рөлі қандай?

 Елге азды-көпті танымал болсам, оның бәрі «Хабар» телеарнасының арқасында екені сөзсіз. 1994 жылы Консерваторияда оқып жүріп-ақ, мен арнада жаңалықтардан кейінгі ауа райы мәліметін оқитын диктор ретінде қызмет істедім. Бұл жаңа өнімді аутсорсинг компаниясы дайындайтын. Ол сол кезде эфирге алғаш рет  шығайын деп жатқан. 1995 жылы мемлекеттік емтихан тапсырып, оқу бітіретін маңызды кезең болғандықтан, біраз уақытқа қол үздім. Дегенмен, кастингтерге қатысып, медиа ұжымдармен тілдесіп тұрдым. Бір сөзбен айтқанда, телевизиядағы өз орнымды табуға барынша тырыстым. Әлі есімде, 1996 жылдың 11 наурыз күні «Хабар» агенттігіне келдім. Ешкім маған «қабылдаймыз» деп нақты ештеңе айтқан жоқ. Тек ойымда жүрген идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ең біріншіден, арнаны басқарған Дариға Нұрсұлтанқызына, бағдарламалар қызметіндегі Владимир Рерих, Әлішер Сүлейменов деген азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Мұнда істеген 17 жыл – қызығы мен шыжығы мол шығармашылық шеберхана, журналистикадағы шеберлік, жұмыстағы жемісті кезең болды. Арна мені тұлға ретінде қалыптастырып, өмірлік айнымас достар тауып берді.

С: «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Дара жол» – шоқтығы биік бағдарлама. Оны қалай жүзеге асырдыңыз?

2013 жылы «Хабардан» кеткен соң, мен Алматыда екі жарым жылдай фрилансер болып жұмыс істедім. Кездейсоқта Майра Мұхаметқызының өмірбаянына арналған хабар үшін Астанаға келдім. Сол кездесу – өмірімнің келесі белесіне өтуіме алтын көпір бола алды. Үлкен телестудиялардан, түсірілімдерден қол үзіп қалған мен сағынысып көрістім. Техниканы, студияны көрген кезде «үйіріме қосылмай неге жырақта жүрмін» деп ойладым? Осыдан кейін ұйқым бұзылды. Қазмедиада жұмыс істеу керек деген ой келді. Сөйтіп, басшы Нұржан Жалауқызына ұсыныстарымды айтып, хабарластым. Ол кісінің маған жасаған жақсылығы, «келсең, бір аптада көшіп кел» болды. Бір ай уақыт ішінде  Елордаға атбасын бұрдым. Портреттік дүниелер жасауды қолға алдық. Сөйтіп, өз есіміме ұқсастырып, «Дара жол» деп атап, оны жүзеге асырдым. Бағдарламаға биыл екі жыл. 2015 жылдың 5 желтоқсанында алғашқы телехабарым эфирге шыққан. Бүгінде 60-қа таяу кейпкерлер, портреттер галереясын жасаппыз. Түрлі өмірбаян мен небір оқиғалардың куәгері болдық. Шынымды айтсам, бұл салада жүргенімізге 23 жыл. Әділ бағасын төреші халық береді.

С: Қазір әлеуметтік желілердің арқасында нағыз журналистика жоғалып кетті. Осы мамандықтың болашағы қандай болмақ?

Журналистика мамандық ретінде жоғалмайды. Бірақ, қандай журналистика болып қалады? Гәп осында. Әлеуметтік желілер бізді бағытымыздан ажыратып, жолымыздан тайдырып жатыр. Селфиді фоторепортаж, телефондағы тікелей эфирді әлеуметтік репортаж деп түсінетіндер бар. Оның ара-жігін ажырататын білімді журналист пен көзі қарақты көрермен қауым. Өз кезегінде бәрі бір қалыпты жағдайға түседі. Халық бәрібір жасандылықты емес, шынайылықты қабылдайды.

С: Неге шоулар қаптап кетті?

Шоудың көптігі рейтинг қуатындығында. Рейтинг мәселесін қайта қарамасақ, ұлттық идеологиямыз, ұлттық бағдарымызды мүлде жоғалтатын түріміз бар. Журналист ретінде рейтингтің қаншалықты маңызды екенін білемін. Бірақ, рухани бағдарламалар рейтингке келгенде бәсекеге шыдай алмайды деу, қате пікір. Шоу қаптап кетті. Алайда, ол есірткі болып, денемізге жайылып кетпес үшін, саналы түрде айрылып жатырмыз. Өз сериалдарымызды берудеміз. Руханилықтың тамырына балта шаппайық десек, рейтингтің жетегінде жүруді қою керек. Мүмкіндігінше әдеби-мәдени, өміршең, өскелең ұрпаққа өнеге болатын телехабарларды көптеп қолға алған жөн.

С: Сіздің екінші рет тұрмысқа шыққандығыңыздан хабардармыз. Сол туралы ақпаратты «Сырласу» журналы оқырмандары өз аузыңыздан естісе…

Өмір сен ойлағандай болмайды екен. Оны бір Алла жоспарлайды. Ойламаған жерден таныстық. Мұрат екеуміз бірге болатынымызды түсініп, саналы түрде осындай шешімге келдік. Орта жасқа келгенімізді, басымыздан өткен тәжірибемізді есепке алдық. Кей мәселелер кедергі болады екен, қорқақтайсың. Алайда, сезім бәрін жеңді. Ол – ұлы құндылық, сирек кездесетін жайт. Бір-бірімізге көптен күткен адамдай, құшақ жая ұмтылдық, сағынып қауыштық. Тіпті, кейде осы керемет сезімді үркітіп алуға қорқамын. Тағдырыма дән ризамын.

С: Балаңыз мектепке барды. Ұл тәрбиелеудегі басты қағида не?

Иә, Әлімтайым биыл мектеп табалдырығын аттады. Енді қасымызда екеумізге де қорған болар ер-азаматым бар.  Әке тәрбиесінің ұлбалаға қаншалықты маңызды екеніне толықтай көз жеткіздім. Мектептегі білім, әке тәрбиесі, ортасының ықпалы алты жастағы ұлыма қатты әсер етті. Балапаным екі айда түбегейлі өзгеріп, ақылды болып өсіп келеді. Әйел жалғыз өзі тәрбиелесе, бала ынжықтау, өзіндік пікірі жоқ, өзгенің сөзінен шыға алмайтын болып ержетеді екен. Қазір олай емес. Шүкір, ойламаған жерде бұл өз жүйесін тапты.  Мұраттың менің де, ұлымның да өміріне келгені – баға жетпес бақыт, шексіз байлық десем, артық айтқандық емес. Іссапардан не жұмыстан шаршап келгенде, «Данашым» және «анашым» деген сөзді естігенде төбем көкке бір елі жетпей қалады.

С: Өмірден не түйдіңіз?

Өмірімнің басқа белесі басталды. Мен әйел бақытын сезінудемін. Сүйікті жұмысымды  істеп келіп, үйде тіпті екі есе шаттыққа кенелемін. Әдемі үйлесім, керемет үндестік бар. Бұл – зор бақыт. Меніңше, әйел адам әу бастағы нәзіктілігін сақтап, өмірдегі өз орнын терең меңгеру керек тәрізді. Бәріне философиялық тұрғыда қарайтын сияқтымын. Мен түбегейлі өзгергенмін. Әр әйел заты сол күйді бастан кешірсе екен деймін!