СұқбатСырласу қонағы

Дастан Оразбеков: БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛ – ЕР АЗАМАТТЫҢ АРМАНЫ

Дастанның әуендерін тыңдасаңыз, «әнді сүйсең, менше сүй» деп тұрғандай, ерекше сарынмен орындалады. Себебі, кәсібіне адал, өз ісіне жан-жүрегімен беріледі. Қазақ шоу-бизнесінде өз стилі бар әнші, актер. Оның өнер жолына келуіне ата-анасы ықпал еткен.

Отан – отбасынан басталады

Қарым-қатынастың беріктігін сақтау үшін адамдар арасында кешіріммен қатар, бір-біріне деген түністістік болу керек. Себебі, бәрімізде мінез бар, пенде болған соң қызбалыққа салынып жатамыз. Дегенмен, әрдайым барлығына кешіріммен қарап, сабырлық сақтау қажет. Отбасындағы үндестікті жоғалтпау үшін ерлі-зайыптылар арасында сыйластық пен сенім болғаны абзал. Нағыз бақытты отбасының кілті осы деп білемін.

Көптен күткен қуаныш

Ұлымның есімін сүйіктімнің ұсынысымен Демирель атадық. Баланың есімін қоярда мың құбылып, тек аурухана табалдырығында тұрып осылай қоюды ұйғардық. Өзім сазгер болғандықтан есім әуезді әрі әсерлі естілді. Бұл есімнің мағынасы өте терең. «Темір» және «сабыр» дегенді білдіреді екен. Сондықтан, баламның бойында ер-мінезге тән қасиеттер болсын, тепсе темір үзетін батыр, әрдайым барлығына сабырлықпен қарап, данагөйлікпен шешім қабылдайтын азамат болса екен дедім.

Ұяда не көрсең...

Бала тәрбиесінде жақсы мен жаманды ажырата білуді үйреткен жөн деп ойлаймын. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Балаға қолыңда бармен бөлісуді, адамдарға көмек қолын созуды үйреткен дұрыс. Ұлыма кішкентайынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керек деп түсіндіретінмін. Үйге анасы не апасы келсе, алдыларынан жүгіріп шығып, есік ашып жатады. Мұның өзі бір еңбектің жемісі деп білемін. Кешірімді болу, үлкенді сыйлау – ең басты құндылық.

Сүйіктім –  өмірлік қолдаушым

Әйелімнің бойындағы ең басты қасиет – шынайылық. Жұбайым ештеңе жасырмай,  ойындағысын ашық айтқанды ұнатады. Қателігімді бетіме қарап, тік айта алады, десе де, ол өте кешірімді жан, көзінен әрдайым мейірім көремін. Менің сүйіктім және әркез жанымнан табылатын жақындарым – өмірдің маған сыйлаған таптырмас сыйы. Мен де олар үшін дәл сондай сый болармын.

Армандар орындалады

Бала күнгі армандарымның бірі – өнер болатын. Ата-анам бала күнімнен өнерге баулығаннан кейін, халықаралық сахнада тұруды, елдің есінде қалатындай өнер көрсетуді арман еттім. Қазіргі күні мақсатыма жетіп, армандарымның барлығын түбегейлі орындау жоспарда бар.

Бір өкініш – бір үміт

Әр адамның өмірінде өткенге деген өкініш бар. Ол қалыпты жағдай. Ең бастысы – өткеннен сабақ ала білу, қателіктерге қайта бой алдырмау. Өткенді ойлап, өкіне беретін болсақ, алдағы мақсаттарымыз бен армандарымыздан бір қадам артқа шегінеміз. Сондықтан, бар күш-жігерімізді өткенге емес болашаққа жұмсайық.

Ең үлкен жетістігім

Бүгінгі күнгі ең үлкен жетістігім – екі ұлым және жанұям. Халықтың арасында адамгершілік қасиетін жоғалтпау, ағайын-туыспен арадағы сыйластықты сақтай білу және тыңдарманның ықыласына бөленіп, құрметіне ие болу – ең үлкен жетістік деп ойлаймын.

Өмірің өз қолыңда

Барлық дүние бір өзіңнен бастау алады – бұл менің ұстанымым. Жан Рено «Әрдайым ойыңдағыны айт және өзің дұрыс деп тапқан ісіңді істе. Бұл сенің өмірің, сенен артық оны ешкім сүре алмайды» деген. Мен бұл сөздермен толықтай келісемін.

Пианиноны үйренемін

Өмірімде әлі күнге дейін өзгерткім келетін дүниелер бар. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, осы күнге дейін біраз нәрсені үйрендік, ойға түйдік. Дегенмен, кәсіби деңгейдегі музыкалық сауаттылықты жетілдіру керек. Жігітке жеті өнер де аздық етеді ғой. Бір өкінішім – пианинода ойнауды үйрене алмай қойдым. Бірақ, алдағы уақытта міндетті түрде оны да қолға аламын.