ОтбасыОтбасы бюджеті

Декреттік демалыс кезінде қалай табыс табуға болады?

Балалы болғанға дейін ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеп, тапқан табыстары екі адамға жеткілікті болса, ендігі уақытта үш адамның қажеттілігіне жұмсалатын қаржыны табу жалғыз ер азаматқа жүктеледі. Әрине, бастапқы бір жылда баланың алатын жүргекпұлы бар, жәрдемақысы бар, жағдай айтарлықтай қиын болмас. Бірақ бір жылдық жәрдемақыдан да қағылып, баланың жасы өскен сайын оның қажеттіліктері де артқанда кейбір жастар не істерлерін де білмей жатады.

312Қаралымдар

Кез келген жас отбасы балалы болған күннен бастап біраз қиындықтарға тап болады. Оның біріншісі, әрі бастысы – қаржының жетіспеуінен туындайтын мәселелер.

Жұмыс істеп, бастысы, уақытылы айлығын алып, үнемі ақшалы жүргенге үйренген жас келіншек психологиялық күйзеліске түсіп, өзін жегідей жейді. Бір жағынан, үйде отырғаннан жалығады. Көпшіліктің арасында жүріп үйренгендіктен жалғыз отыруға шыдамай, зерігеді. Өзін ештеңеге керексіз, өмір ағымынан қалып қалған адамдай сезінеді. Мұның бәрі – бала тәрбиесімен үйде отырған жандардың басында бар мәселелер. Әсіресе, жастардың. Ал осы мәселелердің жалғыз шешімі – жұмыс. Жұмыс болғанда да бала тәрбиесімен отырғандықтан, үйде отырып жасайтын немесе 1-2 сағатқа барып-келе қоятын жұмыс керек.

Жұмыс істеген адам, біріншіден, көңілін аулап, уақытын тиімді өткізеді және өзінің жай қарап отырмай, бірдеңеге жарап жатқанына қуанып, еңсесін тік ұстайды. «Жолдасымның бір жағынан шығысып, қолымнан келгенінше көмек болып отырмын» деген ойдың өзі әйел адамды жігерлендіріп тастайды. Бір жағынан психологиялық күйзелістен арылса, екінші жағынан қолында үнемі қаржы болады. Өзі тапқан ақша! Ендеше, бала тәрбиесімен үйде отырған жандар, жақсы өмір сүру өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!

Үйде отырып, қандай жұмыс істеуге болады?

Бір қарасақ, баламен ешқайда шыға алмай, үйде отырған адамға жұмыс мүлде жоқ немесе табу өте қиын сияқты көрінеді. Ал, шын мәнінде бұл – жай ғана сылтау. Одан басқа ештеңе емес! Үйде отырып-ақ күнделікті жұмысқа барып-келіп жүрген адамнан да мол қаржы табуға болады.

Тамақ жасаңыз

Әйел адам болған соң, ас әзірлей білмеу мүмкін емес. Ендеше, осы мүмкіндігіңізді пайдаланып, ақша табу жолдарын қарастырыңыз. Қазір кеңселерде жұмыс істеп отырған қызметкерлер түрлі асханалардан тамақтанады. Ал оларға «Үйдің тамағы – үйдің сорпасы, үйдің бәліші, үйдің бауырсағы, үйдің-үйдің…» деп тамақ дайындап апарсаңыз, асхананікін емес, сіздікін алады. Осылайша, он, құрығанда, бес адам тауып алсаңыз, сізге жетіп жатыр. Айталық, осы бес адам асханадан әрқайсысы 700-800 теңгеге түскі ас ішеді. Ал сіз «500-600 теңгеге үйдің тамағын дайындап әкеліп тұрайын», – десеңіз, олар да қуана келіспей ме? Енді есептейік: бес жұмыс күнінде сіз бес адамға 600 теңгеден түскі ас дайындадыңыз. Яғни бір күнде 3000, бір аптада 15 000 теңге, ал бір айда 69 000 теңге қалтаңызда. Осы сомманың 15 мыңы азық-түлікке, 2 мыңы газ-жарыққа кетсе, тамақты кеңсеге өзіңіз жеткізіп берсеңіз, қолыңызда 52 000 таза пайда қалады. Ал егер курьер жалдасаңыз, оған көп болса, 10 000 теңгеңіз кетер. Сонда да жаман емес, сіз үйде отырып-ақ, ай сайын 42 000 теңге табасыз. Ал егер «Тамақ жасау көп уақыт алады», – десеңіз, жеңіл-желпі түрлі салат дайындаңыз. Диетадағы әйелдер үшін жасалатын салаттарға соншалықты көп қаржы кете қоймайды. Есесіне, салаттардың бағасы ыстық тамақтан еш кем емес. Одан түсетін пайда да айтарлықтай шығары сөзсіз.

 

Киім тігіңіз

Қолыңызға ине ұстап, іс тіге алатын болсаңыз, бұл – үлкен қаржының көзі. Өйткені бүгінгі күнде ине ұстап көрмеген қыз-келіншектер, өкінішке қарай, көп. Шалбардың балағын, көйлектің етегін қысқарту былай тұрсын, түскен түймесін орнына қадай алмайтындар бар. Ал егер үлгісін қиып, қолыңыздан жаңадан киім тігу келсе, онда тіпті керемет. Алдымен туыстарыңыздан, одан кейін таныс, құрбы қыз-келіншектерден тапсырыс алып, киім тіксеңіз, қайда жатыр?! Таныстарыңызға ғаламтордан, журналдардан қарап, киім үлгілерін ұсыныңыз. Танымал жұлдыздарша киінгілері келетін жандар табыла кетері сөзсіз. Егер жақсы тігіп жатсаңыз, тапсырыс берушілер өздері-ақ табылады. Ендеше, іске сәт!

Қолөнерге жақын болсаңыз…

Жарқ-жұрқ еткен түрлі моншақтар, ұсақ бисерлерді ермек ету – көптеген қыздардың сүйікті ісі. Ендеше, осы ермегіңізді қаржы көзіне айналдырып көріңіз. Ол да мүмкін, әрі шындыққа жанасатын нәрсе. Тек жай ермек емес, табыс көзі ретінде, жұмыс ретінде қараңыз. Журналдан, не интернеттен әдемі алқа, сырға, жүзік, білезік, шашқа тағатын әшекейлердің үлгісін тауып алып, дүкеннен керекті затыңызды әкеліп, кірісіңіз. Керек болса, «Нені қалай жасау керек? Қандай заттар керек? Қайдан алуға болады?» деген сұрақтардың бәрінің де жауабы ғаламторда толып тұр. Түр-түрімен. Мәтін, сурет, видеосы да бар. Тек ізденсеңіз болғаны. Қарап отырып, жасап, тағы да жаңағыдай, туыс-туған, құрбылар мен таныстарға ұсыныңыз. Олардан тапсырыс алыңыз. Ешқайда шығудың қажеті жоқ, балаңыздың жанында, үйде отырып-ақ табыс табасыз.

 

Тоқыма тоқи алсаңыз…

Қазір қыс мезгілі. Жүннен тоқылған жылы шұлық, бас киім, мойынорағыш, қолғап, шәлі, тоқыма кеудеше, тоқыма жемпірлер бәрімізге керек. Жіп пен біз сатып алыңыз да тоқыңыз. Сатыңыз! Ақша деген – осы. Бірақ тоқыма деген – қыста ғана айналысатын іс екен деп қалмаңыз. Тоқыма тоқитын жіп тек жуан ғана болмайды ғой, жіңішкесі де бар. Жаздық киімдердің де кез келгенін тоқуға әбден болады. Осыны естен шығармаңыз. Ешдеше, қыста ғана емес, жыл он екі ай тоқыма тоқып, табыс табыңыз. Бастысы, жылы үйден ешқайда шығудың қажеті жоқ. Балаңыздың жанындасыз, бастысы.

Агенттіктермен байланыста болыңыз

Қолөнермен мүлде  айналыса алмайтын болсаңыз – қолыңызға ине ұстап көрмесеңіз, тоқыма тоқи алмасаңыз, бисермен жұмыс істеуге сабырыңыз жетпесе, ас әзірлей алмасаңыз, ғаламтордағы жұмыстарды қарап көріңіз. Дегенмен, жоғарыда аталғанның бәрін істей алмасаңыз да аз уақыттың ішінде үйреніп алуға болатын істер. Оған ерекше дарынның қажеті де шамалы. Тек ниетіңіз болса, жетіп жатыр.

Ал енді ғаламтордағы жұмыстарға келсек. Ғаламторда үйде отырып істейтін жұмыстардан – сақтандыру агенттіктерінің, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің жұмысын табуға болады. Олар дүние-мүлкін сақтандыратын адам табу, сатылатын, жалға берілетін пәтер, үйлерге сараптама жүргізіп, клиенке керектісін тауып беру сынды оңай, қарапайым жұмыстар. Тек ол үшін компьютердің алдында бірталай уақыт отыру керек болады.

Сауатты болсаңыз…

Компьютерді керек ететін тағы бір жұмыс ол – үйде отырып, мәтіндерді өңдеу. Бүгінде корректордың қызметіне жүгінетін адамдар көп. Жаңадан басылып жатқан кітаптар, оқулықтар, кітапшалар, қандай да бір ғылыми жұмыстардың мәтініне, тіпті ай сайын шығып жатқан кейбір журналдардың өзіне корректор керек болып жатады. Баспа үйіндегілермен, ғылыми орталықтардағылармен келісе отырып, осындай жұмыс тауып алуға болады. Кейде ондай жерлерде компьютерге жай ғана мәтін теру немесе аударма сияқты жұмыстар да шығып жатады. Егер тіл білсеңіз, онда бұл – таптырмас жұмыс болады ғой. Сондай-ақ студенттердің реферат, курстық, дипломдық жұмыстарын жазып беріп те бірталай қаржы табуғаболады. Тек ізденіс керек!