Cән мен сұлулықБет күтіміДене күтімі

 Демалыстан кейінгі шаш пен тері күтімі

    Теңіз жағасында өткізген тамаша демалысқа не жетсін, шіркін! Естен кетпес естеліктерге толы күндер де аяқталып, үйіңізге оралдыңыз. Жан дүниеңіз тыныққан. Бірақ күнге күйіп, тотыққан теріңіз құрғап, мазаңызды қашырып барады. Күн сәулелері шашыңызды да аямапты, әшейінде жылтырай төгіліп тұратын бұрым да бұрынғыдай емес, солғын көрінеді. Олай болса, күтімді бастаңыз! Шаш пен теріні ылғалдап, қалпына келтіретін заманауи әдістер қазір жетіп артылады. Олардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

Бет күтімі

Терінің беткі липидті қабатының бұзылуына бірден-бір себепші – ультракүлгін сәулелер, яғни күннің көзі. Сондықтан да жағажайдағы демалыстан кейін көпшілігіміздің беті-қолымыз құрғап, түлеп, мазамыз кетеді. Яғни, «теріде ылғал тапшы» деген белгі. Тапшылықтың орнын толтырып, теріні қалпына келтіру үшін NMF (аминқышқылдары) пен табиғи полисахаридтер негізінде дайындалған қазіргі заманғы өнімдерді пайдаланыңыз. Мұндай кремдер терідегі ұсақ тесіктерді бітеп тастамайды, тез сіңеді және макияждың  астына жағуға өте ыңғайлы. Күннің астында ұзақ уақыт жүрген болсаңыз, теріңізге антиоксиданттар – С, Е дәрумендері де қажет. Олар теріні қайта қалпына келтіруге көмектеседі.

Салондағы күтім

Теріні тез ылғалдап, қорғанысын күшейтетін әдістер көп.

  • Ылғалдайтын қасиеті мен С және Е дәрумендері бар сарысудың әсері мықты, сондықтан сарысу қолданатын процедураларға назар аударыңыз. Алайда, бұған кіріспес бұрын алдымен целлюлоза мен органикалық кремний қосылған, жеңіл, тегістейтін пилинг жасатыңыз. Ол терінің беткі өлі қабатын сылып тастап, пайдалы қоспалардың тереңірек енуіне жағдай жасайды, теріні жаңартады.
  • Ал қартая бастаған теріні қайта қалпына келтіру үшін сарысу мен жақпамайлар жеткіліксіз. Бұл жерде көмекке биоревитализация, яғни төмен молекулярлы гиалурон қышқылын теріге енгізу әдісі келеді. Мамандар классикалық биоревитализацияны соңғы жылдардың жаңа бір жемісі лазерлі нано-перфорациямен бірге қолдануға кеңес береді. Бұл теріде он мыңдаған микроканалдарды ашып, осының арқасында тері клеткаларының жаңаруына ықпалын тигізеді. Нәтижесінде әжімдер жазылып, тері тартылады

Дене

Күздегі басты міндетіміз – жаздағы күн сәулелерінен пайда болған терідегі зиянды дақтардан арылып, теріміздің жарасымды реңін ұзаққа сақтау. 

Құрамында пантенолы бар кремдер мен ылғалдайтын лосьондарды, алоэ вера мен карите майын ұмытпаңыз, олар теріге тез сіңеді әрі киімді былғамайды. Балтырға, иықтарыңыз бен мойын тұсыңызға ерекше көңіл бөле отырып, оларды күніне екі рет жағыңыз. Теріні одан әрі құрғатып алмас үшін әдеттегі сабындар мен гельдердің орнына арнайы май пайдаланыңыз. Құрамында консерванттардың аз болуына байланысты майлар терінің липидті қабатының тұтастығын сақтай отырып, жақсы тазалайды. Сондай-ақ, аргана, бадам, жүзім сығындысы қосылған құралдарға да назар аударыңыз, олар да терінің жұмсақ әрі нәзік болуына көмегін тигізеді. Мұндай тазалау міндетті түрде күнделікті пилингтің жұмсақ түрлерімен бірге жасалу керек.

Салондағы күтім

Талассотерапия демалыстан алған әсерді ұзартып, күнге күйген теріні жақсылап ылғалдайды. Жеңіл пилинг пен балдырлармен орап емдеуді біріктіріп жасаса, терінің түлегені кетіп, жасарады. Теңіз балдырлары артық сұйықтықты шығарады. Сонымен бірге, авокадомен орау да өте жақсы ылғал береді. Дәрумендер мен майлы қышқылдарға бай бұл жеміс теріге қорек беріп, гидролық тепе-теңдікті қалпына келтіреді. Алайда, оның алдында теңіз тұзымен пилинг жасауды ұмытпаңыз, бұл өлі теріні кетіріп қана қоймай, детокс әсер береді.

Өзіңіз жасайтын күтім

Арзан әрі әсері мол!!! Теріні ылғалдауға арналған ең танымал әрі мықты әсер беретін құралдар – өсімдік майлары. Оларды дәріханалардан сатып алуға болады. Зәйтүн мен зығыр майын негіз ретінде алып, араластырып, денеге жағатын жақпамайларға қосыңыз. Бұл әсіресе, құрғақ тері үшін өте пайдалы. Бір кемшілігі, қолдан жасалған мұндай құралдардың сақталу мерзімі өте аз.

Шаш күтімі

Күн сәулесі шаштың ылғалын жойып жібереді, осының кесірінен шаштың түсі кетіп, әлсіз болады, қысқасы, кәдімгі сыпыртқыға айналады.

Егер шаш қатты зардап шекпесе, әдеттегі күтіммен-ақ қалпына келтіруге болады. Аминқышқылдар, түймедақ, қалақай сығындылары мен теңіз балдырлары, минералдар қосылған маскалар мен концентраттарды жақсылап таңдап алыңыз. Маска мен кондиционерді кезектестіріп пайдаланыңыз. Бұрынғы қалпына келгенше, сульфатсыз немесе органикалық сусабындарды пайдалана тұрыңыз. Әсіресе, шаштың ұшына ерекше күтім керек, өйткені күн сәулесі ең алдымен ұшын зақымдайды. Қазір майларды қолдану сәнге айналды. Әсіресе, аргана, кокос, авокадо майларының пайдасы зор боландықтан сұранысқа ие.

Салондағы күтім

Салондағы кәсіби мамандар жасаған бір ғана спа-процедураның өзі шашты қалпына келтіріп, сусылдатып тастайды.

Өзіңіз жасайтын күтім

Құрғақ шаш ыстықты жақтырмайды. Сондықтан үтікті әзірге тығып қойыңыз, ал фенді арнайы қорғанышымен ғана пайдаланыңыз. Бета-каротин мен өсімдік майлары қосылған мусстар мен сарысуларды қолданған дұрыс.

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

Жаз мезгілінде ағзамыз күніне екі литр сұйықтық жұмсайды, бұл шаш пен теріге әсер етеді. Сондықтан күзде оларды қалпына келтіруге МІНДЕТТІМІЗ!