СұқбатСыр-сұқбат

Диана ҚЫРЫҚБАЙ, тележүргізуші: Тележүргізуші болуыма анамның ықпалы бар

Дүйім жұрт ақжарқын, көңілді де сұлу Диананы кезіндегі Ел Арна арқылы таныды. Отандық телевизиядағы таңғы ойын-сауықтық бағдарламалардың тізгінін ұстады. Қазір көрермендерімен Ұлттық арнадағы "Түнгі студия" арқылы қауышып жүр.Ол тележүргізуші болуды бала кезден армандаған. Бірақ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында телевизия режиссері мамандығы бойынша білім алған. «Бұл бағдарлама жүргізуге пайдасын тигізбесе, кедергісін келтірген жоқ», - дейді Диана. 

С: Жұмыс деп жүріп, уақыт таппай жатқан дүниелеріңіз бар ма?

Мен жұмыста қойылатын талаптарды тым қатты қадағалаймын.  Егер көп уақытты алатын  болса, одан бас тартамын. Қазіргі жұмыстарымды жақсы көргендіктен өзіме оп-оңай. Күніне 2 сағатымды алады. Қалған уақыт – өзімдікі. Барлығына үлгеремін. Міндетті түрде, ата-анама телефон соғамын. Жылдар өте келе, олардың өмірімдегі ең бағалы жандар екенін түсіндім.

С: Жел тұрса, ең алдымен еменге тиеді. Ел алдында жүрсіз. Сізді қажытатын қандай өсек?

Ондай сөздер жоқ. Барлығына тиянақты қарап, қара пиардан алыс жүремін. Көрермен сөз ететіндей қылық көрсеткен емеспін.

С: «Экранға Айгүл Мүкейдің сіңлісі болғандықтан шығып жүр» дегенді құлақ шалды. Қаншалықты рас?

Егер  Айгүл Мүкейдің сіңлісі болмасам, айтатындар: «Біреудің қызы екен, біреудің тоқалы екен»,-дейтіні анық. Иә, әпкемді үлгі тұтамын. Кішкене күнімде теледидардан көріп, мен де тележүргізуші болсам ғой ойлайтынмын. Нағашылы-жиенбіз. Айгүл – анамның ағасының қызы.  Студент кезімде әр арнаға түйіндеме беріп жүрсем, барлығы: «Айгүл Мүкейдің сіңлісісің, неге жұмысқа тұрып алмайсың?»,-дейтін. Кейін Хабар арнасына әкімші болып орналастым. Соның арқасында құжат, түсірілімді ұйымдастыру жағын жақсы меңгердім. Сол жерде бір режиссермен танысып, «ҚазЛото» бағдарламасының жүргізушіліне шақырды.Телевизияға алғаш қадам басқан кезімде: «Мен сенің жұмысыңа көмектеспеймін, тек жол көрсетіп, кемшілігіңді айтамын. Қармақты қолыңа беремін, балықты өзің аула»,-деді. Десе де, Айгүл әпкем мені тележүргізушілікке алған жоқ. Айтқан ақылын тыңдап, кастингтерге қатысып, өз күшіммен бағдарламаларға жүргізуші болдым.

С: Оңтүстіктегі туып-өскен отбасыңыз туралы айтыңызшы…

Шымкент қаласының тумасымын. Әкем Рүстем  Шымкентте геолог болып қызмет етеді. Әкемнің сүйіспеншілігінің арқасында өз бағамды білемін.  Анам Алмагүл – есепші, қазір зейнетте әрі шағын кәсібі бар. Үш ұлдың ортасында өстім. Ағаларым мұнай саласында қызмет етеді. Ғаламторда отырмайды, әлеуметтік желі дегенді түсінбейді. Кейде достары: «Сенің қарындасың тележүргізуші емес пе?» деген кезде марқайып қалатындары бар.

С: Ару болған анадан ар қорғауды үйренген елміз. Анаңыз не нәрсеге баулыды?

Ол – өте мықты кісі. 90-жылдары ешкімде ақша болмаған кезде, Ресей асып, тауар алып келіп, бізді ешнәрседен тарықтырған жоқ. Корқақтық оған тән емес.  Бізді бір шеңбердің ішінде емес, керісінше еркіндік беріп өсірді. Соның арқасында барлығымыз аяғымыздан тік тұрдық. Тележүргізуші болуыма анамның ықпалы көп. Жас кезінде актрисалықты оқуды армандаған екен. Бірақ ол заманда актриса десе жеңілтек қыздар ойға оралғандықтан, ата-анасы рұқсат бермеген. Бала арманы мен арқылы орындалған шығар.

С: Алда қандай мақсаттарыңыз бар?

Әрбір адам өзін бақытты сезінуі үшін өзіне ұнайтын нәрсені жасауы керек. Болашақта өзімді маркетолог ретінде сынағым келеді. Қазақстанда мықты маркетологтар саусақпен санарлық. Мақсаттарымды бағындыра аламын. Десе де, қыз болған соң жар атанып, өз жанұяңда отырғанға не жетсін деп ойлаймын.

С: Сіздің талғамдағы азамат қандай?

Өзім туралы ойым жоғары. Сондықтан ер азаматқа да талап қоямын. Жеткілікті табыс тапсам, ер адам менен де жақсы табыскер болуы керек.

С: Жалпы, ер деген атқа қандай жандар лайықты?

Ерді ер ететін – сабырлылығы, төзімділігі, тиянақтылығы. Айтылған сөз – атылған оқ. Өз сөзіне, ісіне берік болуы тиіс. Қыз баласы ерке, ер сол еркелікті көтере білуі керек деп ойлаймын. Талабымның жоғарылығынан болар, әлі өз жартымды кезіктірмедім.

 С: Ақыл тоқтатқан жан ретінде, сізге бұл сұрақты қоюдың жөні бар деп ойлаймын. Берік отбасының кепілі не?

Бір байқағаным: ер адам әрдайым сыртқа алаңдап тұрады. Қыз бала ана, жар ретінде соған төзімділік танытуы керек. Ол үлкен сабырлықты талап етеді. Егер ертерек тұрмысқа шыққан болсам, бәрі басқаша болар еді. 2-3 жыл бұрынғы мінезім мен қазіргі түсінігімнің арасы жер мен көктей.

 С: Көпшілік сізді Ерке Есмаханға, Аша Матайға ұқсатып жатады екен. Қалай қарайсыз?

МАИ қызметкерлері тоқтатқан кезде: «Сіз әнші емессіз бе?»,-деп жатады. Кейде тіпті ыңғайсыздыққа тап боламын. Достарыммен көпшілік ортада жүргенде, адамдар келіп: «Сізді құрмет тұтамыз»,-деп алғыс айтып жатып, соңында: «Рахмет,Ерке!»,-дегенде жолдастарымның алдында сәл қысылып қалатыным бар.

С: Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Әрқашан бір қадам алда жүру керек. «Ханзаданы қаласаң, ханшайым бол»,-дейді ғой. Жақсы өмір сүргің келсе, жақсылыққа ұмтыл. Сонда жағымды энергия бойыңа құйылады.

 

Сұқбат 2015 жылы “Сырласу” журналы үшін алынған.