СұқбатСырласу қонағы

Динара АБДУЛЛИНА: Алар алда асуым әлі алда

Динара – Атырау облысының тумасы. Театр және кино актрисасы. Көпшілікке көрсетпей жүрген сазгерлігі мен ақындығы бар. Әнге сөз, өлеңге әуен құрауды болашақтың еншісіне қалдырып отыр. Оның аты дүйім жұртқа «Сырғалым», «Әулет», «Туған елдің түтіні» "Бiздiң ағай" телехикаялары, «Бір кем дүние», «72 сағата үйлену» фильмдері арқылы таныс. Дегенмен, жарнамаға әуес емес. «Табиғатымнан байсалдымын, әрі ата-анамның тәрбиесі байыптылыққа баулыды. Барлығының өз уақыты бар», - дейді біздің кейіпкер.

С: Динара, өнер адамы болған соң әңгімемізді шығармашылығыңыздан бастасақ. Көптеген рөлдерді сомдап жүрсіз. Жалпы, сіз ойнаған кейіпкерлеріңіз болмысыңыздың өзгеруіне ықпал ете ме?

-Актер әр рөлiнен кейiн сол кейiпкердiң кейбiр жақсы қасиеттерiн бойында сақтап қалып жатады. «Тек мен бе?»,-деп ойлайтынмын. Сөйтсем, кейбiр әріптестерімде де солай екен. Көзқарасымдағы, мінез-құлқымдағы өзгерісті байқаймын. «Сырғалым» сериалында Ақнұр деген кейіпкерді ойнадым. Ол – қаланың еркетотай қызы болғанымен, ақылды, тік мінезді. Қанға сіңген қасиет пе, өзгені өсектемей, ойымдағыны тура айтамын. Бірақ Алматыға келіп, ол мінезім аздап жұмсарып,өз ортама ыңғайлана бастады. Ақнұр сол болмысымды қайта алып келді. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында Баян – ер мінезді қыз.  Шығарма қазақтың әдеби тұнық тілін сақтаған. Бұл рөлім сөйлеу мәдениетімнің дамуына көмектесті.

С: Табысқа жетудің жолы қандай?

– Сүйікті ісіңіз ғана табысқа жеткізеді. Жұмысыңызды жақсы көрсеңіз, жетістіктің жетелейтіні анық.

С: Жақында шыққан «72 сағатта үйленуге» кастинг арқылы өттіңіз бе, әлде шақырту алдыңыз ба?

– Кастингте өнерімді көрсетіп, шақырту алдым. Сценарий ұнағандықтан  рөлді сомдауға келістім.

С: Фильм көңіліңізден шықты ма?

– Әркім әртүрлі айтып жатыр. «Қалай болар екен?»,-деп қорықтық. «Әттеген-ай» деген жерлері де бар. Дегенмен, көңілімнен шықты.

С: Айтылған сынды ақылға салып таразылайтын шығарсыз?

-Кәсіби актриса болғаннан кейін айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. Шығармашылығыма қызығушылық танытып, уақыттарын тауып сынап жатса, оның өзі қуантады. Біз сол арқылы өсеміз.

С: Бала күніңізде анаңыздың ең көп айтатын ақылы қандай еді?

– Анам Ғалия тәрбиеші болып қызмет етеді. Әкем Жеңіс осыдан 5 жыл бұрын дүниеден озды. Мен ата мен әжемнің тәрбиесінде болдым. Олар өзгенің ала жібін аттама, адамның еңбегін жеме, кісінің алдын орап кетпе деп құлағымызға құйып отыратын.Балалықпен мектептегі жағдайды үйге айтып келгенде, не көрші қыздармен жанжалдасып жылап оралғанда «алдымен кiнәнi өзiңнен iзде» деп өзiме ұрысатын. Біреуіне барып,ара түсiп,ренжiсiп жатқанын көрмедім.

С: Жақын адамдарыңыз өнеріңізге қалай қарайды?

– Бала кезден кімнің қандай мамандыққа бейiмi бары көрiне бастайды. Кішкентай кезімде ауылдағы бүкіл құрбы-құрдастарымды жинап алып, үлкендерге концерт ұйымдастыратынмын. «Кейін осы қызымызды үлкен сахнадан көреміз», – деп үйдегілердің мақтанып отыратыны есімде. Теледидардан өнерпаз аға-апаларымызға қарап: «Кейін үйдегілер мені де экраннан көріп отырса екен»,- деп армандадым. Бала арман бүгінгі күнге алып келді. Өсе келе өнер жолын  таңдаған кезімде ата-анам қарсы болды. Осы кісілер риза болатындай еңбек етуім керек деп мақсат қойдым. Қазір қуанып, қолдайды. Бағындырғанымнан, алар асуым әлі алда.

С: Олардың өнерге қатысы бар ма?

– Отбасымда ешкімнің өнерге қатысы жоқ. Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін үш інім бар. Сол інілерім: «Өнерді тастап, басқа бір дұрыс жұмыс жасасын»,-деп айтады екен.

С: Дұрыс жұмыс деген қандай?

– Атырау еліміздегі қара алтынның орталығы болғандықтан, мұнай саласында жұмыс істегенімді қалайтын шығар. Өнер саласында жүргенімді ұнатпайды.

С: Кино, театр деп не нәрсеге уақыт таппай жүрсіз?

– Жеке өміріме аз уақыт жұмсаймын. Отбасыма, бауырларыма көңіл бөле алмай жатамын. Тұрмысқа шығатын жастамын. Ендігі мақсатым уақытымды өткiзiп алмай, отбасын құрып, ана атану.

С: Таңдағаныңыз бар ма?

– Таңдаған азаматым жоқ.

С: Оған не кедергі?

– Әр адамның маңдайына жазылған тағдыры бар. Бұл менің қолымда тұрған нәрсе емес. Бұйырған уақытта барлығын көрерміз.

С:Қатты өкінген кездеріңіз болды ма?

– Өмiрде өкiнетiндей жағдайларға тап келдiм деп айта алмаймын. Күнделiктi қарапайым өмiрде және шығармашылығымда да болмашы жағдайлар болып жатады, бiрақ оның бәрi де есте қаларлықтай өкiнiштi сәттер емес.

С: Қаласаңыз өзге ұлттың адамына тұрмысқа шығып кете аласыз ба?

– Мұсылман баласына шығуыма болады дер едім. Бірақ, менің бүйрегім қазаққа бұрып тұрады.

С: Ер азаматтың бойындағы қандай қасиетті бірінші орынға қоясыз?

– Ең әуелі иманды,өз-өзіне сенімді болғанын қалаймын. Түр-келбеті маңызды емес. Еңбекқор, мақсатшыл жігіттерді қолдаймын.

С: Кемшіліксіз кісі қандай болмақ?

– Кемшіліксіз жан болмайды, тек оны көрсетпейтін адамдар кездеседі. Сыртқы келбетін айтып отырған жоқпын. Бет-жүзді Алла Тағала мінсіз етіп жаратқан. Ішкі дүниенің кетігін ақылдылық қана жасырады.

С: Өмірде қыздарды сүріндіретін не?

– Тәрбиенің жеткіліксіздігі деп ойлаймын. Балалықтан жастық шаққа өтер кезде жамандыққа ұрынып жатады. Барынша баламен ашық сөйлескен артық етпейді. Айтуға бәрі оңай… Қазір осылай дегеніммен, ертең не боларын білмеймін. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Сондықтан жақсы нәрселерді жиі айтып жүрейік.

Әңгімеңізге рахмет!