СұқбатСырласу қонағы

Dinara Aitugan: Еліміз сән мектебіне зәру

Динара -кішкентайынан қуыршақтарға киім тігіп, шығармашылықпен айналысуды аңсаған. Бүгінде бала арманын орындап, сән әлемінде өзінің орнын қалап жүрген отандық дизайнер қыз-келіншектеріміздің бойына талғам мен сәнді сіңдіруде.

166Қаралымдар

С: Динара, алғашқы сұрағымды кәсібіңізден бастасам деймін, айтыңызшы, сән әлеміне қалай келдіңіз?

– Негізі мамандығым бойынша мен қаржыгермін, көптеген жылдар бойы банк саласында жұмыс істедім. Алайда мұндай күйбелең жұмыстың маған арналмағанын сезіп, біліп жүретінмін. Әрқашан шығармашылықпен айналысқым келетін, әдемілікке, тың дүниеге құлшынып тұратынмын. Жалпы, бала күнімнен қолөнерге жақын болдым. Әрдайым қуыршақтарыма киім тігіп, тоқыма тоқып, «Макраме» өнерімен айналысатынмын, бірақ өсе келе бәрі ұмытылды. Мен анамның ізін жалғап, қаржыгер мамандығын игердім.

2014 жылы банктегі біздің бөлім тарады, ал мен қызметімнен кеттім. Ұзақ уақыт бойы өзімді іздедім, тіпті, флористік кәсіппен айналыстым, сонымен қатар, Event агенттігін құрдым. Десе де, мұның бәрі маған тән дүние емес екенін түсіндім.

Тек 2015 жылы күйеуімнің қолдауымен жеке брендімді ашуға бел будым.

С: Dinara Aitugan брендінің өмірге келуіне не түрткі болды?

-Шын мәнінде, бәрі күтпеген жерден болды. Бір күні кешкілік ас кезінде мен күйеуіммен өзімнің киім және аксессуарлар брендімді жасау туралы ойыммен бөлістім. Жұбайым мені сөзсіз қолдай кетті, бұл идеям оған қатты ұнады. Содан іске кірісе кеттік.

Әуелде маталар мен фурнитуралар сатып алып, топтаманы шығара бастадым. Әлбетте, қиындықсыз болмады. Киім тігу саласында білікті мамандарды, дизайнерлер мен тігіншілерді іздеуге көп уақыт кетті. Жалпы, елімізде білікті мамандар, жақсы кадрлар өте аз болып шықты. Дегенмен қазіргі уақытта біздің командада 15 жылдық тәжірибесі бар өз ісінің һас шеберлері жұмыс істейді, бәріміз тату-тәттіміз.

С: Жуырда ашылуы жоспарланып отырған Сән мен Стиль мектебіңіз жайлы айта кетсеңіз…

-Жалпы, менде бұрыннан бері өзімнің Стиль мектебімді құруға деген ниет болды. Әрқашан сән саласына, көрсетілімдеріне, журналдар мен мақалаларға, әртүрлі жобалар мен телешоуларға, сәнге қатысты барлық нәрселерге қызығушылық танытамын. Мен де дизайнер мамандығын игергім келді. Алайда, өкінішке қарай, Қазақстанда сән саласындағы білім кәсіби деңгейде дамымаған. Бізде техникалық жақ, дизайн көбірек оқытылады.

Мен Санкт-Петербургтің Стиль және сұлулық мектебін күндізгі бөлімін бітіріп, стилист-имиджмейкер мамандығы бойынша білім алдым. Бұл мамандық мені баурап алғаны соншалық, осы бағыттағы оқуымды жалғастырдым және Мәскеудегі Pro Fashion Style мектебін кәсіби стилист мамандығы бойынша бітірдім.

Қазіргі таңда нәзікжандыларымызды әрдайым сәнді әрі әдемі болып жүруге үйреткім келді. Алайда ұстаздық ету маған тән дүние емес. Сол себепті осы салада үлкен тәжірибесі бар кәсіби стилисттерді тауып, Сән және Стиль мектебін құрдым. Студенттердің алғашқы легін қазан айында бастауды жоспарлап отырмыз.

С: Өнер адамының шабытсыз ісі жүрмейтіні баршаға мәлім. Жаңа топтаманы дүниеге әкелу барысында шабытты қайдан аласыз?

-Табиғат аясынан, өзге елдердің атмосферасынан шабыт аламын. Карантинге дейін шетелге жиі шығып тұратынбыз. Өз басым тропикалық елдерден, теңіз бен күннен қуат аламын. Кейде әйелдердің өздері мені шабыттандыра алады. Әрбір нәзікжандының өзін ерекше сезінгенін қалаймын.

С: Сұлулық сырларыңыз бар ма?

-Мен үшін сұлулықтың сыры – махаббатта! Сүйе білген де сүйікті болған да маңызды. Өзіңнің біреуге керек екеніңді сезінгенде ішің жылып, жүзің жадырап сала береді. Махаббатпен бірге бойға сұлулық та, нәзіктік те дариды.

С: Қалай әрдайым сәнді әрі тартымды болып жүруге болады?

-Негізінде кез келген қыз-келіншектің бойында стиль бар деп ойлаймын. Тек оны тауып, жетілдіру керек. Бұл ретте стильге қатысты қатып қалған қағидаларды ұстанудың қажеті жоқ. Жандүниеңіздегі стильді сезініңіз, түйсігіңізге құлақ түріңіз. Егер әрбір нәзікжанды осылай істейтін болса, өзгелерден ерекшелене түсетіні белгілі.

С: Өзіңізді бақыттымын деп айта аласыз ба? Сіз үшін бақытты әйел деген кім?

-Өзімді шынайы бақытты жанмын деп айта аламын. Отбасым, анам, сүйікті жұмысым мен достарым бар. Әркім бақыт дегенді өзінше түсінеді. Бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Кейде ет жақындарыңмен табиғат аясына шығудың өзі бақыт.

Мен өмірді сүйемін! Әлемде тек жақсылық болғанын қалаймын.