Бала тәрбиесіОтбасы

Do you speak English? Баланы ағылшын тіліне баулайтын 5 кеңес!

1. Жас мөлшерін дұрыс таңдау

Бүгінде бала жастайынан шет тілдерін қаншалықты тез үйренсе, соншалықты жақсы саналады. Мұның шын мәнінде нәтижесін көруге болады. Ал, бес жасқа дейінгі балаға шет тілдерін үйретуге мүлдем қарсы шыққан филолог, лингвист және балалар жазушысы Корне Чуковскийдің кеңесіне құлақ ассақ, ең алдымен, бала жастайынан ана тілін жақсы игеріп, оның ерекшелігін, стилін, әуезділігін түсінуі тиіс. Содан кейін барып, екінші тілді баланың логикасын дамыта отырып, ана тілімен қатар үйретуге болады.

2. Дұрыс ынталандыра білу

Көптеген ата-аналар «баламыз тіл үйренгісі келмейді, тез шаршап қалады, жалқау» деп есептейді. Сіз қателесесіз! Көп жағдайда оған себеп – оқытудың дұрыс ұйымдастырылмауы және мотивацияның жоқтығы. Екінші тілді үйрету үшін баланы сол тілде сөйлеуге құштар ету, яғни, баланың жеке қызығушылығын ояту керек. Бірінші баланың не нәрсеге әуестігін, қалай қызықтыруға болатындығын біліп алған жөн. Соған сәйкес комикстер оқытып, фильм және мультфильмдер көрсетіп, тіпті компьютерлік ойындар (әрине, білім беру мақсатындағы) ойнатуға болады. Осылайша сөздік қорын оңай әрі тезірек кеңейтіп, бастапқы қиындықтарды жеңуіне көмектесесіз.

3. Күн тәртібін дұрыс белгілеу

Тіл – тірі организм. Онда қандайда бір кемістік болмауы үшін үнемі жұмыс жасап тұру керек. Ең алдымен «аз-аздан, бірақ күнде-күнде және көп-көптен, бірақ арасында» деген ережені ұстанған жөн.

Балаңызбен бірге ағылшынша бағдарламаларды, фильмдер мен мультфильмдерді субтитрмен көріңіз (алдымен қазақ тіліндегі нұсқасын, кейін ағылшын тіліндегі нұсқасын), ән тыңдатып, аудармасын интернеттен оқып беріңіз. Балаңыздан кейде қызықты оқиғалар туралы қысқаша эссе жазуын сұраңыз.

 4. Тиімді әдістерді қолдану

Бүгінге дейінгі мектеп бағдарламасында тіл үйретуде ең алдымен грамматиканы үйрету,  диктант жаздыру, тест орындату сияқты әдістер қолданылып келді. Бұлай тіл үйретуге болғанымен, ол өте ұзақ уақытты талап етеді.

Тіл үйретудің жеңіл жолы – ән, тақпақ жаттатып, ойын ойнату. Бұл әрекеттер тіл үйренудің басында-ақ тілдік кедергілерден құтылуға мүмкіндік беріп, сөздік қорын кеңейтіп, баланың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады. Егер мектептегі сабақтар классикалық бағытта өтетін болса, оларды баламалы курстармен: шет тіліндегі театрлық немесе музыкалық топтармен, сондай-ақ, ойындар арқылы ауызекі тілде жүргізілетін курстарымен толықтыру қажет.

 5. Демалысты дұрыс ұйымдастыру

Оқу мезгілінде қосымша сабақтарға уақыт тапшы болуы мүмкін. Сол себепті баланың ұзақ демалыстарын пайдаланыңыз. Балалар лагерінде тіл интерактивті түрде оқытылады және ағылшын тілінде өтетін шығармашылық, музыкалық, спорттық үйірмелермен толықтырылады. Мұндай атмосферада тіл үйренудің нәтижесі мол. Мұнда да сабақты сол тілдің мамандары жүргізеді. Бірақ балада мектептегідей мұғалімнен, сыныптастарынан қорқу, ұялу сезімдері болмайды, ол өзін барынша еркін ұстап, бойындағы сөйлеу және қарым-қатынас жасау кезіндегі қорқынышынан арылады.