ДенсаулықЖүктілік

Әйелдің саулығы – ұлттың болашағы

Өмірге перзент алып келіп, ана бақытына кенелу – әрбір сырғалымның бала күннен қалыптасқан бұлжымас мақсаты. Бірақ ана болудың да өз уақыты мен кезеңі болады. Осы нөмірде біз ОҚО Мадина Көкенованың кеңестерін береміз.

Ерте жүкті болу

Кәмелетке толмаған жас қыз балалардың босануы  оның  денсаулығына зиян. Ана денсаулығында да, іштегі нәрестеде де кемшіліктер болады. Себебі, физиологиялық тұрғыдан қарағанда кәмелетке толмаған қыз баласы толық дамып жетілмейді, соның әсерінен ерте босану қаупі жоғары және босану жолдарының жарақат алуы ықтимал. Ондай жағдайда  жатырдан қан кетуі мүмкін және кесір тілігін жасауға жол ашылады. Кесір тілігін жасағаннан кейін де асқынулар болатын жағдайлар кездесіп жатады.

Аймақтағы мамандар жайы

Оңтүстік өңірі демографиялық өсімі жоғары аймақ болып табылғанымен, перзентханада акушер-гинеколог дәрігерлер жеткілікті. Мамандар жөнінде ешқандай тапшылық жоқ.

Кеш босану қауіпті

Кеш босану жөнінде айтар болсақ, оған мысалы 30 жастан жоғары аналарымыз немесе өз денсаулығына орай өмір сүру барысында түрлі жарақат алуына байланысты іштегі нәрестеде хромосомдардың ақаулары байқалады. Сонымен қатар, аналардың денсаулығына да қауіп төнеді.

Мысалы:

  • қан қысымының көтерілуі,
  • семіздіктің пайда болуы,
  • іштен туа біткен жүрек ақаулары сияқты тағы басқа кеселдердің салдарынан жүкті болу және босану мүмкіндіктері азаяды.

Жыныстық тәрбие

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында жүктіліктің алдын алу және отбасын жоспарлау туралы репродуктивті сауаттылықты жоғарылату жөнінде санитарлық ағарту жұмыстары 10-11 сыныптар арасында жүргізіледі, яғни мектеп қабырғасының өзінде 9-сыныптан бастап  валеология сабағы өткізіледі және қазіргі таңда мектептерде психолог мамандары жақсы жұмыс атқарады. Сонымен қатар, әр мектепте емханадан арнайы акушер-гинеколог мамандар барып жасөспірім қыздардың адамгершілік және жыныстық тәрбиесі, ерте жастағы жүктілік, түсік жасату мен оның зардаптары, жыныстық жолмен берілетін аурулар және т.б. тақырыптар  бойынша семинар сабақтарын жүргізіп отырады.

Кесір тілігі жасалатын жағдайлар

Кесір тілігі, негізінде, медициналық көрсеткіштерге байланысты ғана жасалынады:

  • жатырдан қан кету;
  • әр түрлі дәрежедегі эклампсия жатырдағы тыртық;
  • эктрагениаталдық көрсеткіштер.

Сондықтан жүктілік кезінде уақытылы дәрігер бақылауында болып, қажетті кеңестерді алып тұрған жөн. Қазіргі таңда барлық емханалар мен перзентханаларда әріптестеріміз алғашқы медициналық жәрдем көрсете алатынына толық сенуге болады.