СұқбатСырласу қонағы

Эльвира ЕРҒАЛИНА: Белгілі уақытқа арналған мақсаттар тізімін жасап отырамын

Сырласудың бүгінгі қонағы - блогер Эльвира Ерғалина. Ол тың тақырыптарда ой қозғап, ертеден көпшіліктің көзайымына айналған. Өзінің ақпаратқа, жаңашылдыққа деген құмарлығын бір сәтке де бәсеңдеткен емес.

С: Инстаграмда миллионға жуық оқырман жинаған желі қолданушылары көбейіп келеді. Олардың ішінде төсек қатынасы секілді тақырыптарда ашық ой қозғайтын блогерлерге не дейсіз? Олар жас буынға кері әсерін тигізбей ме?

ЭЕ: Бірнеше мың оқырман жинаған әлеуметтік желі қолданушыларының барлығы дерлік блогер болмауы мүмкін. Инстаграм желісінің қолданушылары өздері қалаған дүниені парақшасына сала алады, жаза алады. Оған ешкім қақпақ бола алмайды. Әрине, шектен шықса – заң бар дегендей… Олардың миллионға жуық оқырманы бары бекер емес. Осы инстаграм парақшасы арқылы табыс көріп отыр. Халықтың өзі осындай адамдарға қызығушылық танытқан соң, оқырман саны көбеюде. Қазіргі қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу. Әркім өзіне керегін сұрыптап алатын деңгейге жетті деп ойлаймын.


Осыдан бірнеше жыл бұрын мен «Айқаракөз» сайтымды жүргізген болатынмын. Ол жерде дәстүрге, салт-санаға, сұлулыққа байланысты мақалалар жариялап тұрдым. Соның ішінде жыныстық қатынас тақырыбы да қозғалып, кейбір адамдар арасында сынға алынды. Біздің қоғамда, әсіресе, қазақтарда «жыныстық тәрбие» деген ұғым жоқ. Ата-ана баласына барды бар деп, жоқты жоқ деп айта алмайды. Себебі, ол – ұят. Бұл тақырыптар әлеуметтік желіде де қозғалады. Осы сынды мәселелерді алға тартатын адамдардың оқырмандары көп болуы міндетті. Өйткені, сұрағына жауап іздейтін жас ұрпақ ата-анасына, жақындарына жүгіне алмайды. Қазіргі таңда тастанды балалардың көбеюі, педофилияның белең алуы неліктен? Осының алдын алу үшін бұл тақырыптар айтылады, талқыланады және біз оны тия алмаймыз.

С. Соңғы кездері инстаграм парақшаңызда бет күтімі тақырыбында посттар жариялап жүрсіз. Өзіңізді бьюти-блогермін деп айта аласыз ба?

ЭЕ: Мектеп кезімнен әпкелерімнің кремдерін қолданғанды жақсы көретінмін. Бет күтіміне ертеден мән бердім. Мүмкін, сондықтан болар, мені өмірде көрген адамдар «өз жасыңнан кішкентай көрінесің» деп жатады. Соңғы кездері оқырмандарымнан «бетіңізді қалай күтесіз?» деген сұрақтар жиі келеді. Соған жауап ретінде инстаграм парақшамда сұлулық жайында посттар жариялап жүрмін. Десе де, мен бьюти-блогер емеспін. Тек өзіме ұнаған өнімдермен бөліскенді ұнатамын.

С. Өмірде біреуге еліктейсіз бе?

ЭЕ: Еліктеймін деуге келмес, бірақ, журналистика саласында  мен үлгі тұтатындардың бірі – Опра Уинфри және Познер. Әрине, біздің менталитетке сай емес дүниелер көп болғандықтан, оларды өзіме жалау еттім дей алмаймын. Бұл кісілердің қажыр-қайратына, біліміне тамсанамын, және олардың бойындағы тек жақсы қасиеттерді өзімнен көрсем деймін.

С. Жеке өміріңіз туралы білсек бола ма? Болашақ жар таңдауда қандай талаптар қоясыз?

ЭЕ: Жеке өмір – жеке болғанын қалайтын едім. Болашақ жар таңдауда ешқандай талап қоймаймын. Адам өзінің екінші жартысын кезіктіргенде оны ішкі түйсігімен сезеді.

С. Бетіңізге ота жасатқан екенсіз. Тағы түр-әлпетіңізді өзгерту ойда бар ма?

ЭЕ: Бетімнің томпақтығы  бойымдағы үлкен комплекстардың бірі болды. Одан арылу үшін бетіме ота жасаттым және оны жасырмаймын. Пластикалық ота – адам баласы ойлап тапқан ең керемет дүниелердің бірі. Өзгелер эфирде отырып, иненің ұшы бетіме тиген емес деп дәрігердің қолынан өткендерін жасырып қалады. Десе де, мен одан қысылмаймын. Егер алда тағы ота жасатсам, міндетті түрде оқырмандарыммен бөлісетін боламын.

С. Алға қойған мақсатыңыз қандай?

ЭЕ: Мақсатым өте көп. Тіпті, белгілі уақытқа арналған мақсаттар тізімін жасап отырамын. Ал, өз дегенімді орындап, қалауыма қол жеткізгеннен кейін, жаңа тізім бастаймын.

С. Мамандығыңыз филолог, көпшілікке блогер ретінде танылдыңыз, қазір телевизияда қызмет атқарудасыз… Болашақта өзіңізді қай салада көресіз?

ЭЕ: Телевизияда біраз жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ал блогерлік – менің хоббиім, сүйікті істерімнің бірі. Егер Жаратқан басқа салаға бет бұруды жазса, оны да меңгеріп кететініме сенемін.

С. Еңбегіңізге береке тілейміз!