СұқбатСырласу қонағы

Елжас ЕРТАЙҰЛЫ: Тәрбие – екеуге ортақ дүние

Елжас мырза - баланың толыққанды тәрбие алуы үшін еңбек етіп жүрген педагог. «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының негізін қалаған. «Өзімнің 3 балам бар. Іссапарда жүрген кезде міндетті түрде бірнеше рет видеоқоңыраумен сөйлесемін. Кешке үйге келген соң, жұмысты мүлдем ұмытып, балалармен ойын ойнаймын. Балаларым ойын баласы болғандықтан, оларға керегі де осы»,-дейді ол.

746Қаралымдар

Бала бұл дүниеге проблемамен келмейді

Әрине, туабітті сырқаттар болуы мүмкін. Әңгіме бұл жайлы емес. Қанша жылдан бері ата-аналармен тығыз жұмыс істеп келемін. Түйгенім: көптеген ата-аналар балаларын өздері «ауру» қылып алады да, содан кейін барып шығар жолды іздейді. Бұл жерде ауруды денсаулық тұрғысынан емес, психологиялық жағынан айтып отырмын. Көп ата-ана маған: «Менің балам өзіне сенімсіз, жасық, не істесем болады?»,-деген шағыммен келеді. Шындығында, бірде-бір бала өмірге сенімсіз болып келмейді. Мысалы, 1 жасар балаға қараңызшы, ешнәрседен қорықпайды. Біз өзіміздің орынсыз шектеулеріміз, жазалауымыз арқылы баланың өзіне деген сенімділігін жойып тастаймыз. Ата-анасының ұрыс-керісіне куә болған баланың бойында агрессия пайда болып, айналасындағы балаларға тыныштық бермейді. Қорқып, тұтығып қалуы, кіші дәретін жіберіп қоюы мүмкін.

 Баласын маған алып келетіндердің дені – аналар.

80/20 заңдылығы бұл жерде де байқалады. Яғни, 80 пайызы – аналар, 20 пайызы – әкелер. Аналар алғашқы қадам жасап, маған алып келсе де, мен бұған қанағаттанбаймын. Міндетті түрде әкесінің келуін талап етемін. Бала психологиясын анықтау үшін тест тапсырған кезде ата-ананың біреуі болса жарайды. Ал, нәтижесін түсіндіріп, не істеу керегін айтатын кезде екеуі де қатар отыруы тиіс. Әкелер мүлдем алғашқы қадам жасамайды деп айта алмаймын. Баласының проблемасын көріп, өзі жетектеп жүрген асқар таулар бар. Дегенмен, саусақпен санарлық.

Тәрбие – екеуге ортақ шаруа.

Ер адам отбасын материалдық қамтамасыз етсе, әйел тәрбиемен айналысады деген шеңбермен шектелеміз. Егер баланың мектебінде, тағы да басқа жағдайларға байланысты проблема болса, әкесі анасын кінәлап: «Неге қарамайсың?» деп жатады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Толық отбасының тәрбиесі де толық болуы шарт.

Кей отбасыларда ұлды әкесі, қызды шешесі тәрбиелеу керек деген жаңсақ пікір бар. Олай емес. Бала тәрбиесінде әке мен шеше ұлға да, қызға да бірдей жауапты. Әке қалай ұлымен уақыт өткізсе, дәл солай қызына да көңіл бөлуі керек. Қыз да әке махаббатына қанып өсуі тиіс. Оны сезінбесе, қыз бала ерте есейіп, өзінен үлкен ер адамдармен көңіл жарастырып, ерте тұрмыс құрады деген қауіп бар. Қазір қыздардың ерте жүкті болып қалуы жиі кездеседі. Мұның түпкі себептерінің бірі – әкенің қыз тәрбиесіне салғырт қарауы. Сөздік құрылымы дұрыс емес шығар, бірақ қыздың алғашқы махаббаты әкесі болуы керек.

Әкелерді бала тәрбиесіне қалай баулимыз?

Бұл сұрақты менен жиі сұрайды. Содан-ақ қандай өзекті екенін білеміз. Өкінішке қарай, бұл жерде нақты рецепт жоқ. Адам өзі өзгеремін демейінше сырттан оны ешкім өзгерте алмайды. Бұл жерде әкелерді өзгертетін жол іздегеннен гөрі, оларға әсер ететін факторларды көбірек іздеу керек. Оны тек отанасы ғана емес, мүмкіндігінше қоғам болып жұмыла көтеруіміз шарт. Психологияны ескерсек, ер адамның әйел адамнан бір дүниені үйренуі қиын. Әйелінің айтқаны дұрыс болса да, оған сенікі дұрыс деп айту ер адамдарға ауыр. Сондықтан, әйелдің еріне әсер еткеннен гөрі, қоғамның ықпал етуі пайдалы. Оның ішінде, ер адамның ер адамға әсері күштірек болады.

Бала 5-6 жасқа келгенше отбасы болып бірге қыдырғандары дұрыс. Бұл оның толық екенін сезінуіне көмек. Бала өзінің қыз, не ер жігіт екенін сезіне бастаған кезде әкесімен жеке қалдырудың орны ерекше. 6 жастан бастап ұлдың тәрбиесіне белсенді араласқаны дұрыс.

Әйел супер ана болуы мүмкін, бірақ әкенің орнын баса алмайды

Ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың әкенің орнын басуы қиын шаруа ғана емес, ол тіпті мүмкін емес дүние. Әйелдің де, ер адамның да жаратылысында белгілі бір ерекшеліктер бар. Бала әйелден мейірім, махаббат сынды сезімдерді алады. Ана – баланың эмоционалды бай болуына үлес қосатын жан. Ер кісіден тұрақтылық, тәртіп, жауапкершілікті үйренеді.

Не істейміз?

Мұндай аналарға айтар ұсынысым – ер адам фигурасын табу керек. Бұл жерде көптеген әйелдер қате түсініп, екінші рет тұрмыс құру туралы ойлап кетеді. Екінші рет тұрмыс құру шарт емес. Қазақ – ағайыншыл халық. Сондықтан, әулеттегі нағашы атасы, нағашы ағасы немесе күйеуінің туыстарымен араласатын болса, сол жақтағы ер азаматтардың біріне баланы жақын ұстау қажет. Ер адамның фигурасы болмаса, онда ұл балалар жасық болып өседі немесе бойында жасанды мықтылық пайда болады. Яғни, сырт көзге өзін күшті етіп көрсетуге тырысады. Туысым жоқ дейтін кісілерде кездесіп жатады. Ондай жағдайда мықты жаттықтырушыны табу керек. Күрес, бокс секілді үйірмелерге беріп, үлгі болар ұстаздың тәрбиесін көріп өсуі тиіс.