ДенсаулықЖүктілік

Өзіңді ана бақытынан айырма! Эндометриоздың 6 белгісі

Эндометриоз – балалы болуға кедергі келтіріп, тіпті бедеулікке әкеп соғуы мүмкін ауру. Сондықтан оны дер кезінде анықтау өте маңызды.

Эндометриоз – ауыр сырқат қана емес, жүктілікке тосқауыл қоятын дерт. Бірақ оның болмашы белгілерін көп әйелдер біле бермейді. Сондықтан, біз қауіп тудыруы мүмкін белгілерді атап көрсетеміз.  Эндометриоз – жатырдың ішкі бөлігін алып жатқан эндометрий қабатындағы жасушалардың шектен тыс өсіп, басқа ағзаларға таралуы. Аталған жатыр жасушалары көбінесе аналық безде, жатыр түтігі және жатырдың артқы бөлігінде табылады. Бірақ кейде эндометрий жасушасы құрсақ қуысы, қуық, бүйрек, өкпе және көкетке де еніп кетеді. Эндометриоз әйелдің өміріне аса қауіп төндірмейді. Алайда, ауыр сырқаттардың пайда болуына және жүктілікке әсер етеді. Сондықтан дұрыс диагноз қойып, қалай емделу керектігін білу үшін аурудың жасырын белгілерін білу өте маңызды.

1. Етеккірге дейін және кейінгі ауырсыну

Эндометриоздың сирек кездесетін, бірақ белгілі симптомы – етеккірдің алдында және аяқталғаннан кейін пайда болатын ауырсыну. Егер осындай етеккіралды белгілерді байқасаңыз, оны елеусіз қалдырмай, дәрігерге қаралған дұрыс.

2.Жиі зәр шығару

Кіші дәретке жиі бару – елеусіз қалдыруға болмайтын маңызды белгі. Бұл көптеген аурулардың, соның ішінде эндометриоздың көрінісі болуы мүмкін. Егер сіз осы мақалада сипатталған кейбір қауіпті белгілерді және жиі зәр шығаруды бастан өткерген болсаңыз, дереу гинекологқа хабарлаңыз. Мұның эндометриоз болуы ғажап емес.

3.Созылмалы шаршаңқылық

Ешқашан елемеуге болмайтын тағы бір белгісі – әлсіздік немесе үнемі шаршаңқы жүру. Шаршаңқылықтың әсерінен ылғи ауырсыну және басқа да қолайсыздықтарды сезіну эндометриозға тән. Егер мұндай жағдайлар тұрақты қайталанатын болса, міндетті түрде дәрігермен кеңесуді ұсынамыз.

 4.Ішектегі қиындықтар

Үлкен дәретке шығуда қиналу, ауырсыну, іш қату – бәрі эндометриоздың белгісі болуы мүмкін. Жатыр жасушалары құрсақ қуысында немесе ішекке таралатын болса, ішектің қалыпты жұмысына кедергі келтіріп, аталған жағдайларға әкелуі ықтимал. Кез келген жағдайда дәрігермен кеңесіңіз. Өйткені ішектің саулығы өте маңызды!

 5.Созылмалы ауырсыну

Эндометриоздан ұзақ уақыт зардап шеккен әйелдерде жамбас айналасында созылмалы ауырсыну байқалады. Ол етеккір кезінде ғана емес, басқа уақытта да ұзақ сақталады. Сонымен қатар, аталған ауруы бар көптеген әйелдер жыныстық қатынас кезінде де ауырлықты сезінетінін айтып, шағымданады. Әдетте, бұл эндометриялық тіндердің аналық без аймағына еніп, сарысулы ісіктің (киста) пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін екендігін білдіреді. Егер бойыңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, дәрігерге қаралу өте маңызды. Өйткені сарысулы ісік жүкті болуға айтарлықтай кедергі келтіреді.

 

6. Етеккір кезінде қатты ауыру

Эндометриоздың ең таралған белгісі – етеккір кезінде, тіпті ауырғанды басатын дәрілер де әсер етпей, қатты ауырсыну. Ең басты дабыл қағатын сәт – ауырсыну сезімдері пайда болған уақыт. Егер қыз баласы етеккір келе бастаған ерте жастан-ақ осы жағдайға тап болса, мүмкіндігінше тез арада дәрігермен кеңесіп, аурудың дамуын бәсеңдету қажет.