енем
Жан әлеміОтбасы

Енем инстаграмның құлы

546Қаралымдар

Енем таң атқаннан кеш қарайғанға дейін инстаграмның құлы, одан қала берді бірі үш, бірі үш жарым сағатқа созылатын «Қалауым» бағдарламасы. Көгілдір экранға қадалып қалғандай. Баласы мен немересінде мүлде шаруасы жоқ. Бір көмегін көрмейміз. Әбден қажытты…

Қара шаңырақтың келіні болуды қалайтын жанның бірі – мен едім. Жасым – 23-те. Бір ұлым бар, бұйырса жарты жылдан кейін екіншісі дүниеге келеді. Жүкті болсам да жұмыс істеп, өз нәпақамды табуға тура келіп жүр. Себебі жолдасым жұмыстан қысқарылып, үш айдан бері құр босқа үйде отыр. Бұрынғы басшысына өкпесі қара қазандай, жұмыс іздегісі де, істегісі де келмейді.

Жауапкершіліктен қашу ма, әлде расымен де бала секілді әр қиындықта анасының етегіне жармаса ма, әйтеуір, «әлі де ашулымын, жұмыс жасауға зауқым жоқ» деп енемнің қасында еркелеп отыр. Енем болса, өз әлемімен әлек. Отбасының шырқы бұзылмауын ойламайды, басу айту да жоқ. Әже болып «немеремді маған бер, мен ұйықтатып берейін» деп бала қарап, аз да болса, көмек қолын созуды немесе жұмыстан келгенде бір күн болсын кешкі астың қамын жасауды білмейді. Оны қойшы, екі жасар немересінің де тамағын бермейді, барлығы жұмыстан шаршап-шалдығып келген бір маған артылады. Оның үстіне аяғымның ауыр екені де жасырын емес.

Енемді түсіне алмай-ақ қойдым, жүкті болған соң мінезім құбылмалы ма, әлде расымен де ызама тиеді ме, білмеймін. Бірақ енемнің қылықтары ашу туғызады. Кейде жасы үлкен болған соң, ақыл-кеңес күтіп, білмегенімді сұрайын, бәлкім білгенімен бөлісер ме екен десем, жоқ…

Таң атқаннан кеш батқанға дейін қарайтыны инстаграм, одан қала берді бірі үш, бірі үш жарым сағатқа созылатын «Қалауым» бағдарламасы. Көгілдір экранға қадалып қалғандай. Баласы мен немересінде мүлде шаруасы жоқ.

Мен болсам, жұмыстан келе салысымен кешкі астың қамымен жүгіремін, енем болса, көмектесудің орнына жаныма келіп болмашы бір блогерлердің өмірін айтып, сынап отырады. Әдейі істей ме десем, енем шынымен де солардан басқа еш нәрсе ойламайтын сияқты.

Бірде дастархан басында күйеуіме жұмыс табуын өтініп едім, «ләм-мим» деп ауыз ашқан жоқ. Бар ойы ватсаптан күндіз-түні келетін толассыз видеолар мен хабарламаларда.

Әбден қажып біттім, кейде осындай енелерді көріп «көпті көргенінен не пайда, аузыңда дуалы сөзі болмаса?» деген ойға қаламын. Не істеуім керек? «Шыдамның да шегі бар» демекші, кейде енеммен дауыс көтеріп, айғайласып алғым-ақ келеді, икенбеймін, өйткені ене дерлік еш мысы жоқ. Осы мәселеден шығу жолын көрсететін психологтан кеңес күтемін.

Әйгерім

 Енеңе емес, өзіңе сен!

Айжан Сұлтанқұлова, клиникалық психолог

 Жан қиналысыңызды жақсы түсініп отырмын. Сіздің мойныңызда бір емес, үш бала бар. Олар: ұлыңыз, енеңіз және күйеуіңіз. Бала әлі кішкентай. Ал, үлкендердің ісі ересектікке жатпайды. Себебі олар өз өмірлері үшін жауапкершілік алғылары келмейді. Сіз олар үшін ана рөлінде жүрсіз.

Сіз олардың өзгеріп, өздерін ересек адам ретінде ұстағанын әрі саналы түрде әрекет еткенін қалайсыз. Бірақ, менің жауабым сізге ұнамауы мүмкін – Сіз оларды ешқашан өзгерте алмайсыз.  Күйеуіңіз бен енеңізге қазіргі ситуация қолайлы, сол себепті қазіргі жағдайларына бейімделіп алған.

Сіздерге ұрыс-керіс пен дау-жанжал да көмектеспейді. Бүгінге дейін сын ешкімді өзгерткен жоқ. Тек жолдасыңыз бен енеңізге жүктілігіңізді алға тартып, әлсіздік пен токсикоз мазалап жүргенін айтыңыз.

Адам қарны ашса, өзі-ақ орнынан тұрып, тамақ пісіре бастайды. Оған бола қам жемеңіз. Сонымен қатар жұбайыңызға біртіндеп оның жұмыс жасауының қаншалықты тиімді екендігін дәлелдер келтіре отырып жеткізген жөн. Мәселен, еріңіздің қоғамдағы орны, материалдық және рухани жағынан дамуы, қаржылық тәуелсіздік ең бірінші оның өзіне қажет. Жұмыс істеу арқылы ол сый-құрметке бөленеді. Осылайша, туған-туысқандарына үлгі болып, ал одан кіші бауырлары онымен теңесуге тырысады. Достарының алдында да жауапкершілігі артады. Жарыңыздың талантты екенін әрі бұл әлемге көп дүние бере алатынын да сөзге тиек етіңіз. Ол бұдан әзірге пайда көрмес. Бірақ сіздің мойныңызда отырғанын әрі баласы үшін де жауапкершілік алмай жүргенін байқайды.

Сіздің жағдайыңыздағы ең басты мәселе ‒ барлығына жақсы болып көрінгіңіз келетіндігінде, сол себепті бәріне шыдап жүрсіз. Сіз күнкөріс қамы мен өзіңізді құрбан ету арқылы олардан алғыс алуды ойлайсыз және олардың сізді мақтап, өздерін даттағанын қалайсыз. Демек, сіз солардың айналасында қалыптасып келесіз. Мұндай жағдайдан сіз де бейсаналы түрде мойындауды күтіп жүрсіз.

Шешімі қандай?

Әйгерім, қалаған нәтижеңізге қол жеткізгіңіз келсе, алдымен, әрекеттеріңізді өзгерту керек.

Біріншіден, өзіңізді қанша құрбан етсеңіз де, әрдайым жаман болып қала беретініңізді мойындау қажет. Отбасыңыз үшін қанша тырыссаңыз да, олар сізді мақтамайды, керісінше, «жаман» болып қала бересіз. Сол себепті мұны қабылдау керек. Өзіңізді жаман адам ретінде қабылдаудың әбестігі жоқ.

Екіншіден, өзіңізге және балаларыңызға сіз қалағандай қамқорлықты сізден басқа ешкім жасамайтынын түсіну керек.

Үшіншіден, өз қарым-қатынасыңызды, өміріңізді және қаржылық жағдайыңызды өзіңіз қалағандай құру қажет.

Төртіншіден, басқалары өзгеріп, бәрін сіз қалағандай жасайды деп күтіп өмір сүруді доғару керек. Неғұрлым көп күтіп, өзіңізді құрбан етсеңіз, соғұрлым оған жету ықтималдығы да төмендейді.

Өзіңізді ересектер позициясында қаншалықты көп көрсетсеңіз, басқалардың балалар позициясында болу мүмкіндігі соншалықты азаяды. Осыны әрқашан есте ұстаңыз!

Енеңізге көңіліңіз тола ма?
  • Өз жауабымды қосу

Ұқсас мақалалар:

Енемнің көңілінен шыға алмадым

Енемнің қисынсыз талабын орындаймын деп түсік тастадым

Мақалалар ұнады ма? Көңіліңізден шықса төмендегі 👇 тетіктерді басып, өз әлеуметтік парақшаларыңызда бөлісіңіз