түсік тастадым
Жан әлемі

Енем ұрып, түсік тастадым

…Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Құрсағымда 2 айлық бала болған екен. Ішпен құлап, қатты соққы алғандықтан, көп қан кетіп, түсік тастадым. Бұл жағдай маған жығылған үстіне жұдырық болды. Сол сәтте енемді жек көріп кеттім. Бойымды ашу-ыза, өмірге деген налу кернеді. 

 …Омармен Қарағанды медицина университетінің 1 курсында таныстым, яғни ол менің курстасым болатын. Ол өте мәдениетті, көргенді, кезбер әрі сұлу сері болғандықтан бастапқыда ата-анама оның қай жердің тумасы екенін айтуға асықпадым. Себебі біздің жақтағылардың «Оңтүстік» десе төбе шаштары тік тұратын.

Біз бес жыл жүрдік. Бір-бірімізді жақсы танып білген соң түлектер кешінде Омар мені алып қашты. Әке-шешемнің қарсы боларын біліп, рұқсатымды бердім. Жігітім маған «Шымкентке барып, ата-анамның алдынан өтеміз, бір айдан соң той жасап, үш ай үйдегілердің қасында боламыз, кейін Астанаға көшеміз. Сол жақта жұмысқа орналасамыз. Елордада бір бөлмелі пәтерім бар», – деп алдағы жоспарларын айтып, уәдесін үйіп-төккен еді. Сол сәтте аңқау басым арандап қалғанымды сезбеппін де. Сөйтіп, біз Түлкібас ауданына да жеттік. Тұрмыстары жақсы, екі қабатты зәулім үй, арбаға танылған ене және қабақтары ашылмаған үш абысын қарсы алды. Көп ұзамай үйге Азамат есімді 5 жасар бала келді.

Нағыз қиындық бір айдан кейін басталды. Үйде төрт келін болсақ та (кейбірінің жасы менен кіші) мінезі қытымыр енем мені ғана таңғы 6-да тұруға мәжбүрлеп, ауланы сыпыртқызып, үйді жинатқызады, үйдегі 11 адамға күні бойы бір өзім тамақ дайындаймын. Абысындардан қайыр жоқ. Олар қолтықтасып, сәнді киіп кетеді де, үйге кеш батысымен ғана оралатын.

Енем күні бойы мені бақылап, аңдып жүреді, шаршаған уақытта демімді басып отырсам, таяғымен түртіп, «Мені жуындыр. Азаматты ойнат. Шай қой. Үйді жина» деп бос отырғызбайды. Омардың анасы аяйтындай-ақ жан емес, мүгедек болса да, бойында күш-қайраты мол жан. Шындығында мен ол кісіден қатты қорқатынмын, бірақ білдіртпедім. Тіпті «мама» деуге аузым бармай, «ене» деп атап кеттім. Ал Омар болса Азамат келгелі күрт өзгерді. Маған көңіл аудармайды да. Түнде қасыма да жатпай, сол баланы айналшықтап шықпайды. Бұл кімнің баласы деген сұрақтарым да жауапсыз қалды.

Түсік тастадым. Енем ұрады деп кім ойлаған…

Осындай күндердің бірінде Азамат далада ойнап жүріп, аяғын ауыртып алды. Енем болса, «балаға неге қарамайсың?» деп, тосыннан таяғымен арқамнан ұрып қалғанда мен жерге ішіммен сұлап түстім. Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Құрсағымда 2 айлық бала болған екен… Сөйтіп түсік тастадым.

Сол күні Омар кешірім сұрап, өзінің некесіз туған баласы барын, жазғы демалыста ол біздің үйге, яғни ата-әжесінің үйіне келетіндігін айтып, Азамат жайында бар шындығын жайып салды. Бұл сәтте менің Омарға деген сезімім сөнгендей еді. Мен «баламыздың өліміне анаң кінәлі, мен түсік тастадым» деген сөзіме күйеуім сенбек тұрмақ, «Өзі арбаға таңылып отырып анам біреуді ұрады дегенге сенбеймін. Бұлай болуы мүмкін емес! Келгенімізге 2,5 ай ғана. Сен әлден анамнан шаршадың ба?» деп, өзімді сөге бастады.

Бір жұмадан соң емханадан шығып, үйге оралдық. Енем мен Азамат жоқ, Шымкенттегі туыстарына кетіп қалыпты. Ал мен ауруханадан енді шыққаныма қарамастан тұрмысқа қайта таңылдым. Араға тағы бір апта салып олар да үйге оралды. Мен енемнің алдынан шығып қарсы алмадым, оның түрін көрмек түгіл есімін де естігім келмейтін. Үйге кіре салысымен маған тиісуді бастады. «Немеремді сақтай алмадың?» деп онсыз да ашық тұрған жараның бетін тырнағандай болды. Мен де шыдамай: «Мен түсік тасадым. Оған сіз кінәлісіз! Мені ұрмағанда балам түспес еді. Осы үйге келгелі мені адам құрлы көрмейсіз. Тек жұмсауды ғана білесіз! Қанша тырыссам да бір ісімді қолдамадыңыз. Тіпті Азамат туралы шындықты да менен жасырдыңыздар. Мен сүйген Омардың анасы мұндай болады деп ойламап-ем. Ол туған балаңыз емес, бейне бір асыранды күшік сияқты. Бұдан артық мен бұл үйде тұра алмаймын» деп, ішімде жиналған бар ыза-кекті айтып салдым. Енем аузына құм құйылғандай тұрып қалды. Себебі Омарды шынымен асырап алған екен. Омарды алғаннан кейін ғана өзге 3 баласын көтеріпті.

Осылайша киімдерімді жинап, үйден шығып кеттім. Омар бұл кезде үйде жоқ еді. Артымнан «қал» деп ешкім айтпады. Ата-анам мен қашып кеткелі бері хабарласуды да, хабарлама жазуды да қойды. Хабарлассам, жауап та бермейді. Айналасы 2-3 айдың ішінде ешкімге керексіз болып қала бердім. Қарағандыға жеткен соң да өз үйіме баруға батылым жетпеді. Пәтер жалдадым. Қазір жағдайым қиын. Омардан кеткеніме 2 ай болды. Ол күнде хабарласады. «Үйге бармаймыз, Азамат маған анамның саған жасағандарын айтып берді. Қайта қосылып, Астанаға барып жұмыс жасайық», – дейді. Әрине, Омарды да қатты сағындым. Бірақ оның хабарламаларына не жауап берерімді білмеймін. Не істеймін? Оның сөздеріне сеніп, тағы бармақ тістеп қалмаймын ба? Әлде бәрін ұмытып, өз күшіммен жаңа өмір бастауым керек пе? Қазір екі оттың ортасында қалғандаймын… Өкініштісі, түсік тастадым – ал мұны ұмыта алмаймын.

Айғаным

Үзілмесін үміт

 

Айжан Сұлтанқұлова, клиникалық психолог

Бір шешімге келе алмай отырғандығыңызды жақсы түсінемін. Себебі бастапқыда қарым-қатынастарыңыз шындықты жасырып қалумен басталған. Күйеуіңіз үйленерден бұрын анасына күтім керек екендігін түсіндіріп, баласының бар екендігін айтып, басын ашып алу керек еді.

Қазір Сіз “қайтып оралсам жағдай түзелмейді, күйеуім тағы да алдап кетпей ме” деп қорқатын сияқтысыз. Қарым-қатынастарыңыздағы басты мәселе – сол отбасына сіңіп кетсем, айтқандарын орындап, енеме жақсам мені бағалайды деген үмітіңізде. Бірақ көп жағдайда бұл үміт ақтала бермейді. Дәл сіз келін болып түскен отбасының қарым-қатынас моделі ондай емес. Олар келіннің істеген шаруасы оның міндеті деп біледі.

Сіз жаңа отбасыңызға қосқан үлесіңізге (ананы күту, үй шаруасы, сіздің тарапыңыздан жақын адамдарыңызға құрметпен қарау) сай еңбегіңіз бағаланады және сізге де сондай жауап болады деп күттіңіз. Өкінішке қарай, мұндай үнсіз келісім әр кез ақтала бермейді. Иә, жасаған жақсылықтарға алғыс айтылып, ене мен келін арасында жақсы қарым-қатынас орнатылатын кездер де болады.

Сіздің жағдайыңыз бөлек. Жаңа отбасыңыздың мүшелері сізді барлық шаруаға, болған оқиғаларға жауапты санайды. Бірақ бұл олардың жаман адам екендігін білдірмейді. Келінге қатал қарау ол жақта қалыптасып қалған болар. Мүмкін енеңіздің өзі жас кезінде сіз сияқты қиындықтарды басынан өткергендіктен, келінге деген көзқарасты өзгертуге талпынбайтын шығар. Бәлкім, бұл бәрін бақылауда ұстаудың жалғыз әдісі болар.

Шешімі қандай?

Айғаным, болар іс болды. “Түсік тастадым” деп өзіңізді тастап жібермеңіз. Енді сіз ештеңені өзгерте алмайсыз. Енеңіз де, күйеуіңіз де ересек адамдар. Ренжумен, кетіп қалумен немесе олармен жанжалдасумен мәселені де, оларды да өзгерте алмайсыз! Егер күш-қайратыңызды оларды өзгертуге жұмсасаңыз, уақытыңызды бекер жұмсап, соңында өзіңізден де көңіліңіз қалуы ғажап емес. Сол үшін бұл мәселеде Сіз тек өзіңізді және өзіңіздің әрекеттеріңізді ғана өзгерте аласыз. Бүгінгі жай-күйіңізге, болашағыңызға және өзіңізге деген қамқорлықты өз қолыңызға аласыз. Енді үлкен азамат ретінде шешім қабылдауға тура келеді. Өз-өзіңізге сұрақ қойып көріңіз. Күйеуіңізге қайтып оралсаңыз ары қарай сол қарым-қатынас моделімен өмір сүруге дайынсыз ба? Бөлек тұруға күйеуіңіз дайын ба? Бұл сұрақтардың жауабын алу үшін күйеуіңіз екеуіңіз ашық әрі үлкен азаматтарша әңгімелесулеріңіз қажет. Егер дайын болмасаңыздар, екеуіңіз де жауаптарыңызды қабыл алып, өмірлеріңізді өз қалауларыңызша сүруге қақылысыздар.

Егер сіз өз қалауыңызды нақты түсініп, шешім қабылдай алсаңыз Омармен қосылу қажет пе, жоқ па, анасы екеуінің іс-әрекеттеріне күш-қайратыңызды жұмсау қажет пе, жоқ па деген сауалға өзіңіз-ақ жауап бере аласыз. Қалай болғанда да оңай жолы жоқ. Ең бастысы – жұмыс істеңіз. Ол сізге қаржылай тәуелсіз және эмоционалды тұрақты болуға көмектеседі. Ата-анаңызға қатысты айтатын болсам, бір отбасы болғандықтан олардың көмегін елемеуге болмайды. Сіз қандай болсаңыз да, олардың қызы болып қала бересіз.

 

Ұқсас мақалалар:

Енемнен көрген қорлығым таусылар емес

Ене мұны: Келінім жерге қаратты