Ата-анам 8 жасымда жол апатынан қаза болып, кішкентайымнан анамның туған әпкесінің қолында өстім. Тәтем мені үлде мен бүлдеге орап, аялап өсірді. Ешқашан аманатқа қиянат жасамаған, ары да жаны да таза, дара жан. Сол үшін ол кісіге өмір бойы қарыздар болып өтетінімді білемін.
Мектепті бітірген соң, өз күшіммен Алматыға оқуға түстім. Бірінші курста оқып жүргенде Бағдәулет есімді жігітпен танысып, араласып жүрдім. Басында оның ұсынысын қабылдай алмай, тек дос ретінде сырласып жүрдім. Ол өзінің маған деген қарым-қатынасы арқылы менің жүрегімді жаулап алды. Айтқанымды екі етпей, барынша көңілімді табуға тырысатын. Мен оның мінезіне, жүрегінің кеңдігіне тәнті болдым. Сөйтіп жүргенде оған қалай ғашық болып қалғанымды түсінбей қалдым. Көп ұзамай жігітім маған сөз салып, анасымен де таныстырды. Анасы өте жақсы, кең пейілді, жұмсақ мінезді жан болып көрінді. Бізге батасын беріп, тойдың қамына қуана-қуана кірісіп кетті. Жігітім отбасындағы жалғыз бала, сонымен қатар әкесі өмірден ерте озған екен. Бала күнінен анасына масыл болмай, еңбек етіп, баршылыққа тырмысқан.
Тойды аман есен атқарып, қонақтарды шығарып салғанымыз сол-ақ еді, енемді біреу алмастырып кеткендей, аузына келгенді айтып, мені балағаттайтынды шығарды. Мен өзім өте байсалды жанмын. Өмірімде біреумен бақталасып, жаға жыртысып, жанжалдасып көрген емеспін. Оның үстіне сүйгенімнің анасы болғандықтан, ол кісіге бір де бір рет аузымды ашып, дауыс көтермедім. Барлығына осы күнге дейін шыдап келемін. Ең қызығы, күйеуім үйде жоқ кезде «Сен жетімсің! Сенің туыстарыңнан пайда жоқ. Өңшең келімсектер. Қайыршы!» деп ашшы тілімен сабап алады. Ал, күйеуім үйге келгенде, мені аяқ асты «Алтыным, күнім-айым, қызым» деп еркелете қояды. Ұлына сыр білдіргісі келмейді. Себебі, күйеуімнің мені қатты сүйетінін біледі. Кейде Бағдәулетке жылап, бар шындықты айтсам, «Өтірік айтуға ұялмайсың ба? Қарияға кінә тақпа! Анам сені менен де қатты жақсы көреді. Ал сенің айтып отырғаның мынау», – деп менен көңілі қалғанын жасырмайды. Осылай күндер жалғаса берді. Өзім үйленгенге дейін Алматыдағы белді компаниялардың бірінде қызмет атқардым. Келіндік міндетімді де қатар алып жүруге тырысатынмын.
