Бала саулығыДенсаулық

«Ерекше» балалар

Жазғытұрым қала аулаларының бірінде бір топ бала шу-шу етіп топтасып, ойын қызығына кіріп кеткен болатын. Тек 5 жасар Ислам ғана жиырма шақты ойын баласына қосылмай, алысырақта тұрған әткеншекке сүйеніп, қарап тұрды. Терезеден мұны байқаған анасының ғана «ерекше» бүлдіршінінің бұл қылығына жүрегі сыздайтын...

120Қаралымдар

Өкінішті. Бұл XXI ғасырда балалар індетіне айналған аутизм диагнозы еді. Ғасыр індеті деуге себеп – 2013 жылдан бері дүниежүзінде өмірге келген әрбір 50-ші бала аутизм індетіне шалдығуда екен. Ең ауыры Қазақстан да шетте қалған жоқ. Күн санап аутизм дертімен ауыратын балалар бізде де көбейіп келеді.

Ғасыр дерті

Аутизм – адам дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі. Егер баланың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасқа түсуге құлықсыз болса, сыртқы дүниеден оқшауланғанды құп көріп, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынатынын байқасаңыз дереу дәрігердің көмегіне жүгінуді ойлаңыз. Себебі баланың ми қызметінің бұзылуы аутизмді туындатуы мүмкін. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (ЕБА) синдромы дейді. Ол болса психикалық дамудың зақымдалу нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса, оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Аутизм терминін алғаш рет 1932 жылы Э. Блейлер есімді ғалым қолданған.

Каннер синдромы деген не?

Психикалық дамудағы ауытқудың бөлек түрі ретінде балалар аутизмін алғаш рет 1943 жылы доктор Л.Каннер ұсынды. Ол балалар арасында кездесетін дамудағы ауытқуды сипаттай келе бұл құбылысты «ерте жастағы балалар аутизмі» (Каннер синдромы) деп атады.

Оның негізгі белгілері мыналар:

· айналадағы адамдармен эмоциялық байланыс орнатудағы елеулі қиындықтар;

· үнемі қайталанатын, біртекті әрекеттерді орындауға деген зор құлшыныс;

· белгілі бір нысандарға қатысты істерге шамадан тыс ден қою;

· сөйлеуге мүмкіндігі бола тұра сөйлемеу (мутизм), немесе адамдармен қарым-қатынаста сөйлеу әдісін қолданбау;

· белгілі бір салаларда ерекше қарым-қабілетінің болуы.

Біле жүргейсіз

· Бұл жұғатын ауру емес.

· Қоғамға еш қауіптілік келтірмейді. Тек ол балаларды дұрыс қабылдағайсыз.

· Аутизм білім алуға кедергі келтірмейді. Керісінше ондай балалардың қабілеті өте жоғары болады.

· Бұл ауруға шалдыққандар өздерін ортада белсенді көрсете алмаса да, өздерін қоғамның белді мүшесі болғысы келеді және солай санайды.

· Егер аутизмді ертерек анықтап, науқастың сырқатының ұлғайып кетпеуіне үлес қосуға болады.

· Түрлі деректер бойынша Каннер синдромына шалдыққан ұлдар мен қыздардың үлесі 3:1 не 4:1 болып келеді. Яғни, бұл дертке шалдыққан ұлдар саны қыздардан 3-4 есе көп.

· Атақты ғалым, адамзатқа электр шамын сыйлап кеткен Томас Эдисон да бала кезінде осы ауруға шалдыққан деген болжау бар. Оған мектепте оқуға қабілеті жетпегендіктен, оны үйде анасы сабақ оқытқан.

Емдеу шарасы қандай?

Емдеу шарасы әр науқастың жеке ерекшеліктерін ескере отырып тағайындалады. Көбіне адамға жақын жануарлар арқылы емдеу тәсілін де пайдаланып жатады. Бұл сырқатты емдеуде дельфинотерапияның артықшылықтары күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Суда делфинмен ойнаған баладан бақыт гормандары бөлініп, сәйкесінше ол гормондар мидың қызметін әлдеқайда оңтайландыра түседі екен.

БІРЛІК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

2000 жылдан бері Қазақстанның косметика нарығында белді орын тепкен «Мэри Кэй» компаниясы – «Өмірді өзгертетін сұлулық» ғалами қайырымдылық акциясы шеңберінде жыл сайын балаларға, олардың өмірлерін жақсартуға бағытталған іс-шараларын үзбей іске асырып келе жатқан әлеуметтік жауапкершілікті компания. Кеше ғана тарихқа айналған 2016 жылдың қорытындысын шығарған бұл компания қайырымдылық нысаны ретінде «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының бастамасымен жүргізіліп келе жатқан «Аутизмді жеңуге болады!» жобасын қолдауды таңдап алған екен. Бұл, әрине, атап айтуға тұрарлық, өзгелерге үлгі боларлық оқиға. «Біздің қоғамдық қорымыз қолға алған барлық игі іс-шараға «Мэри Кэй» компаниясы көп жылдан бері белсене араласып, көмек қолын созып келеді, – дейді «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аружан Саин. – Бұл компанияның игі істері өзгелерге үлгі болып, қайырымдылық жұмыстарына басқа да ірі компаниялар ат салысады деген үміттемін».

Елімізде аутист балалар мен олардың ата-аналарын мемлекеттік қолдау бағдарламалары әзірше жоқ. Ал осындай «ерекше» балалардың аналары істеп жүрген жұмыстарын тастап, балаларының қасында болуға мәжбүр. Сондықтан да қазіргі сәтте оларды аутист балаларды қоғамдық өмірге бейімдеуге, оларды өздерінің «ерекше» әлемінен шығаруға үйрету маңызды болып отыр. «Мэри Кэй» компаниясының қолдауымен биылғы жылы осы жоба іске аспақ. Нәтижесінде аутист балалармен жұмыс істеуге үйренген аналар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрғылықты жерлеріне барып, өздері секілді басқа аналарды да үйрете бастайды. Бұл аутизмді жеңу жолындағы үлкен бір белесті бағындыру болса керек.