ДенсаулықСаулық үшін

Еріншек жандар қалай арықтайды?

Мақсатқа жетемін деп тез жүгіру міндетті емес. Оған ақырын әрекет етіп, елеусіз қадам жасап отыру жеткілікті. Өзіңізге байқалмайтын бұл болмашы іс-әрекеттер көп уақытты қажет етпейді. Есесіне спортзалда шыныққанмен және дұрыс тамақтанғанмен бірдей нәтиже береді.

Ұйқыны қандыру

Жеткілікті ұйықтау – ағзадағы зат алмасуды реттеп, күнделікті каллорияны жоюдың ең тиімді жолы. Зерттеулер күніне алты сағат не одан аз ұйықтайтын адамдарда зат алмасу баяу жүретіндігін көрсеткен. Олар семіздік пен созылмалы ауруларға бейімділік жағынан тәулігіне сегіз сағат ұйықтайтындардан гөрі жоғары екендігін көрсетеді. Сондықтан ұйқыны жақсылап қандырып жүріңіз. Бұл өте маңызды.

 Ақуызды жиі тұтыну

Егер тез әрі оңай арықтағыңыз келсе, күнделікті ас мәзіріне құрамында ақуызы бар тағамдарды қосыңыз. Өйткені, ағза ақуызды тағамдарды өңдеуге көп энергия жұмсайды. Осылай тамақтанып жүріп-ақ артық салмақтан арыла аласыз.

 

Бір аялдама жаяу жүру

Жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайтын болсаңыз, онда автобусқа үй немесе жұмыстың дәл қасындағы аялдамадан емес, келесісінен барып мініңіз. 10-15 минуттық жаяу жүріс аптасына қажетті 90 минуттық жүктеменің орнын толтырады. Жүрек-қантамырларының саулығын және дене мүсінін бір қалыпта сақтауға көмектеседі.

 6/60 ережесін қолдану

Еш әдетіңізді өзгертпестен өмір салтын белсенді етудің ең оңай жолы – 6/60 ережесін үйрену. Бұл ережеде 6 минут қимылдап, әр 60 минут сайын үзіліс жасап отыру керек. Зереттеу нәтижелері көрсеткендей, 6 минуттық белсенділік сағаттар бойғы қозғалыссыздықтың әсерінен баяулаған зат алмасуды қалпына келтіруге толықтай жеткілікті.

Салқын суды көп ішу

Ағзадағы зат алмасудың жылдамдығын сақтауда көп су ішудің маңызды екені бәрімізге белгілі. Ал, суық су көп каллорияны жойып, зат алмасуды одан әрі белсенді ете алады. Өйткені ағза асқазан-ішек жолдарын зақымдамас үшін салқын суды жылытуға энергия жұмсайды. Міне, сол энергия майлардан алынады.

Жұмысты тұрып істеу

«Бір орында тапжылмай отыру» ресми түрде «денсаулыққа зиян» деп танылғаны қашан. Қызмет бойынша көп уақытыңызды компьютердің алдында өткізуге тура келсе, оны отырып емес, тұрып істеп көріңіз. Тағы бір ұтымды жолы – кеңсе креслосынан бас тартып, фитбол шарын пайдаланыңыз. Бұл омыртқа жотасы мен қан тамырларына мол пайдасын тигізіп, спортзалдағы жаттығулардың орнын алмастыра алады. Соның арқасында сағатына 100 каллориядан құтылуға мүмкіндік бар.

Сағыз шайнау

Асқазан жолдарының жұмысын бұзып алмас үшін сағызды ұзақ шайнауға болмайды. Бірақ күніне 10-20 минут сағыз шайнау – бет бұлшықеттеріне керемет жаттығу. Сондай-ақ, ол иек асты қатпарынан арылуға да көмектеседі. Ең бастысы – сағызды аш қарынға шайнауға болмайтынын ескеріңіз.