Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сыңаржақ: Еріңіздің тосын мінезінің сыры

Швейцариялық психиатр Карл Густав Юнг барлық адамның санасында ер мен әйел деп аталатын бөлік бар дейді. Аяқ астынан жолдасыңыздың ішіндегі әйел оянып, күтпеген жағдайға тап болуыңыз мүмкін.

210Қаралымдар

Юнг әйел санасындағы ер адамның бастауын анимус, ал ер адамның санасындағы әйелге тән элементті анима деп атаған. Анима сезімге, көңіл-күйге, сүюге және қоршаған ортаның сұлулығына сүйсінуге жауапты дейді ғалым.

Еріңіздің ішіндегі махаббат күңі

Екеуіңіз көшеде кездейсоқ жүздесіп қалып таныстыңыздар. Ол қалай тартымды киінуді білетін жігіт, қолында соңғы үлгідегі телефон, шашы қайрылған, өте сәнді. Тәуекелге бел буғанды және табан астында шешім қабылдағанды ұнатады. Ол десе, әйелдердің есі шығады. Дегенмен, барлығы оның көңіл-күйіне байланысты. Алып-ұшқан үміті лезде ауыр ойға ұласа салады. Алайда, оған қошемет көрсетсеңіз, әсерленіп, көңіл жықпас жұмсақ мінезіне қайта оралады. Кейде ашуға мініп, тым қатал болып кетеді.  Мұндайда жаман ойдан алуақ болуға тырысыңыз.

Не үшін оның мінезі осындай?

Егер анасымен қарым-қатынасы қалыпты болса, онда сүюші анима ер адамға сұлулықты бағалау қабілетін бойына сіңіріп, балаға сүйкімділік сыйлайды. Ол жебеуші әйел мен музасын талмай іздеп жүрсе де, жолында тек қарапайым бикеш жолығады. «Мәңгілік бозбала» бейнесі өмірге реалистік тұрғыдан қарамайды, ол әрдайым өзін көп сериалы фильмге түсіп жүрген бас кейіпкердей сезінеді.

Не істеу керек?

Оның құбылмалы жоспарларына сенудің қажеті жоқ. Жоспары әдемі сөзге толы болғанымен, орындалуы сирек. Көңілі көкте, басы жерде жүрген кезде әзіл-шыны аралас сөзіңізбен оны өз орнына қоя аласыз.

Сана адамды өзгеріске итермелей алатын күшке ие.  Оған қарсыласу үлкен даңдарыс пен күйреуге алып келеді. Дегенмен, бұл  – есеюге мүмкіндік. Ер адам құр қиялын саналы түрде ұғыну үшін дәл осы дағдарысты дұрыс пайдалануға тырысыңыз.  Оның жебеуші әйелі емес, сенімді досына айналыңыз!

Еріңіздің ішіндегі кесір әйел

Адамды үйіріп алар көшбасшы. Сіз оның дәл осы қасиетін көріп, жанына «байланып» қалдыңыз. Ал ол болса, сізге сену керек пе, жоқ па деп сырттай ұзақ бақылаған. Уақыт өтеді, «Бір қаһарлы ескертуімен барлығының бетіне күйе жағу оның қолынан қалай келеді?»,-деп түсініне алмайсыз. Оның көңіл-күйі жоқ, жанында сіз барсыз, күнді жап-жақсы өткізуге болады, алайда, сіздің бұл ойыңыздың күлі көкке ұшады. Соңында бәріне кінәлі сіз болып шығасыз. Не нәрсе ұнамай қалғаны сол күйі беймәлім. Кейде керісінше де болады: оның екі езуі екі құлағында, сіздің мұңайып отырғаныңызға көңіл де бөлмейді. Ал, енді бірде «Ол менен қорқатын сияқты»,-деп те ойлайсыз.

Не үшін оның мінезі осындай?

Көңіл-күйінің құбылуы – «іштегі әйелдің» билігінен босап шығуға әрекет етіп жатқандығының белгісі. Дәл сол жағымсыз анимадан арылғысы келеді. Мұндай сәтте барлығы қауіпті. Ол айналасында болып жатқандарды елемей, өз әлеміндегі сүреңсіз картиналарды ойлап, мұңаяды. Ер адамның тұнжыраған бейнесі – сыңаржақ айқастың қаншалықты ауыр екенінің айғағы.

Не істеу керек?

Шымбайыңызға бататын ауыр сөздерін көңіліңізге алмауға тырысыңыз. Ішіндегі ұрысқақ әйелмен егесі – оның өз шаруасы. Ойдан құрастырып алған тамұғынан ер азаматты шығару үшін әрдайым ашық сөйлесуге тырысыңыз. Ерте ме, кеш пе ол сіздің аяр мыстан емес, қарапайым қыз екеніңізді түсінеді.

Еріңіздің ішіндегі ұлы әмірші

Ол жұмысқа тұрып, алғашқы сыйақысын алған кезде екеуіңіз таныстыңыздар. Содан кейін барып барлығы қайтадан басталды: жұмыстан қысқартып тастады, бордай езіліп, қайғыруды шығарды. Мұның барлығына өзінен басқаның бәрі кінәлі: бастығы, әріптестері, әрине, сіз! Тіпті, ашуыңызға тигені сонша, кейде «Сен менің балам емессің, өз мәселеңді өзің шеш»,-дегіңіз келіп тұрады.

Не үшін оның мінезі осындай?

Кезінде анасы, қазіргі ішіне қонақтап алған анимасы: «Сен түкке тұрғысызсың. Осы істеп жатқаныңның барлығы құр қиял. Жұрттың өзіңдей баласын қарашы…»,- деп миына құйып тастаған. Осының өзі қол қусырып отыруға айтарлықтай себеп. Қанша дегенмен, барлығын анасы жасап береді емес пе?!

Не істеу керек?  

Анасы сияқты сөйлесуді ойыңызға да алмаңыз. Керісінше, сіздің алдыңызда бала емес, ер азамат тұрғанына басымдық бере әңгімелесіңіз. Адам өзінің мықты екенін сезіну үшін, өзінен әлсіздеу біреуге көмектесуі керек. Ол не нәрсені жақсы біліп, істей алады, соған қатысты кеңес пен көмек сұраңыз. Серігіңіз сізге қорған екенін сезінсін. Әрине, мұндай өзгеріске қол жеткізу уақытты талап етеді.

Еріңіздің ішіндегі мінезді бикеш

Оған екеуіңіздің де күрескер екендіктеріңіз ұнайды. Ол әрдайым сізді қауіп-қатерге толы жолға жетелейді. Өзіне тым сенімді және аяққа тұруына біреудің көмектескенін қаламайды. Осы орайда, логикасын түсіну қиындау. Өжет жігіт ойындағысын бетке айтқанды жақсы көреді. Оның қайтымы тез: бүгін есікті тарс жауып кетсе, ертең ештеңе болмағандай қайтып келіп, баяғы әңгімесін жалғастырады.

Не үшін оның мінезі осындай?

Ер адам көңіл-күйі жоқ аниманың билігінен босап шыққаннан соң тең дәрежеде ойын жүргізуге дайын болады. Оның ішкі әйелге тән аспектісі – құрбы, әпке. Ол ер адамға тапқырлық, батылдық, қорғау мен күресу қабілетін береді.

Не істеу керек?

Мұндай адаммен бірге өмір сүру үшін әзілге бір табан жақын болуыңыз керек. Биіктен көргіңіз келсе, онда оны сайысуға шақырыңыз. Мысалы, «Кім осы айда көбірек депозитке ақша салады?» деген ойын ойнасаңыз болады. Оған көмектесудің қажеті жоқ.

Еріңіздің ішіндегі қар ханшайымы

Бірбеткей, тұйық, суық әрі жұмбақ. Өз әлеміне ешкімнің ентелеп кіруіне жол бермейді. Алайда, оның жанында өзіңізді ешкім ала алмайтын сенімді қамал ішінде отырғандай сезінесіз. Сіздің қаһарманыңыз табысты, жұрт оны ақылды, алайда, сезімсіз деп санайды.

Не үшін оның мінезі осындай?

Ер адамның санасындағы әйелге тән аспект бәрінен бұрын бауырмалдыққа, жылулыққа жауап береді. Егер бұл аспектпен арадағы байланыс үзілген болса, онда бұл сіздің алдыңызда сезімсіз адам тұр деген сөз.

Не істеу керек?  

Ол ақылды адамдарды жақсы көреді. Егер өзіңіздің дұрыс айтқаныңызды дәлелдегіңіз келсе, онда ең бірінші қисынды дәлел мен айғақ жинап алыңыз. Сезімін сыртқа шығаруға мүмкіндік беріңіз және оның ешқандай да ұят емес екенін айтып көріңіз.

Еріңіздің ішіндегі қайырымды сиқыршы

Ол  өмірдің құнын біледі, бағалайды. Сондықтан әр күнін барынша әдемі, жайдары өткізгісі келеді. Өзгеге жақсы көңіл-күй сыйлағанды да, өзіне солай басқаның жауап қатқанын да ұнатады. Сондай-ақ, ол реалист. Отбасының берекесі, жайлы үй, жылы қарым-қатынас секілді табиғи құндылықтарға басымдық береді. Осының барлығын екеуіңіз бірлесе жүріп жасайсыздар.

Не үшін оның мінезі осындай?

Егер ер адам өзінің сезімін, көңіл-күйін, үміті мен қиялын сол күйінде қабылдаса, онда оның ішінде мейрімді әйел бейнесі пайда болады. Анима ер азаматтың түйсігі мен сана арасындағы байланысты нығайтады. Мұндай «одақтан» керемет көркем шығармалар, мінсіз кескіндеме, тамаша музыка туындылары өмірге келеді.

Не істеу керек?

Қуаныңыз! Сіз оған арқа сүйей аласыз. Қандай да бір мәселе мазаласа, дереу оған айтыңыз. Ол бәрін өз орнына қояды. Бірақ, есіңізде болсын: мұндай адамға шығармашылық ауадай қажет. Егер ол өз ісіне берілсе, сізді ұмытты деген сөз емес. Ер адамның жеке шекарасын бұзбай, өз әлемінде қалуға мүмкіндік беріңіз. Еркіндік сыйлаңыз. Кедергі болмаңыз, сонда бармағыңызды шайнайсыз.