Жан әлеміӨзіңді дамыт

Ерлер үшін қауіпті кәсіптер

Британдық Манчестер университетінің ғалымдары ер азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, сезімге құштарлығын бәсеңсітетін мамандықтар тізімін жасап шығарды. Зерттеу жұмыстарының қорытындыларына сүйенсек, ерлер айналысатын негізгі мамандықтардың барлығы дерлік олардың денсаулығын қыл үстіне қоятын көрінеді. Ендеше, денсаулыққа ғана емес, ер азаматтардың сезіміне, қалауына қауіп төндіріп, еркекке тән «батылдығын» бәсеңсітетін кәсіптер қандай екен?

Бизнес азулылары әлсіз келеді

Таңнан кешке дейін күн ұзақ кеңседе отыру, уақытылы әрі дұрыс тамақтанбау және күнделікті қауырт жұмыс кестесі — кәсіпкерлер мен кеңсе қызметкерлері үшін әдеттегі іс. Бұған кәсіпкерлер үшін нарықтағы тұрақсыздық пен бас пайдасын ойлаған бәсекелестерін қосыңыз. Бұл жағдайды өз басыңыздан өткізбек түгіл, жай ғана осы картинаны көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты, жүйкеңіз бірден сыр беретіндей. Шынымен де, өміріңіз нарықтағы орныңыз үшін арпалыс пен қызмет сатысындағы талас-тартысқа ұласқан сәттен бастап-ақ махаббат пен денсаулыққа уақыт та, күш те қалмайды. Психологтардың айтуынша, көптеген табысты кәсіпкерлер — бұл өмірде тұтынушыға тән бар қызықтың дәмін татып көргенімен, сырлы сезімге бөленіп, оның ләззатын сезіне алмаған жандар көрінеді.

Әскерилердің әлегі көп

Нәзік жанды әйел заты, әрине, өзіне қорған болар ер азаматты іздейді. Демек, қыздардың әскерилерге неге жиі ғашық болып жататыны түсінікті. Десе де, олардың бұл сезіміне әскерилер тарапынан үнемі жағымды жауап бола бермейді. Оның басты себебі — қатаң тәртіп пен қатерге толы қиын қызметі. Бұған бойынсұнған ер азаматтар арыға бармай-ақ, көз алдында әйел затының жүргеніне шүкіршілік ететін көрінеді. Олар бал сезімнің дәмін татпақ түгіл, ғашық жігіттің сүйіктісіне арнап айтар әдемі сөздерін де білмейтін болып шықты. Қызметтегі темірдей тәртіп, қауіпті қылмыскерлермен болған жағымсыз сұхбаттар әскерилердің сезімге берілуіне кедергі келтіретін көрінеді.

Шығармашылықтың шырмауындағы жандар

Әдетте, шығармашылықпен айналысатын жандар сезімге берілгіш, жиі ғашық болып, үнемі махаббаттың құшағында жүреді деп жатамыз. Десе де, қиял-ғажайыппен, арманның қанатында өмір сүретін олар да нағыз махаббаттың бал дәмін дұрыс ала алмай жүргендер қатарынан екен.

Қара жұмыс қауіпті

Білек түріп кірісетін, ақыл-оймен қатар қара күшті де қажет ететін ауыр жұмыстар ер азаматтарды физикалық тұрғыдан шаршатып қана қоймай, ұйқы мен тыныш демалыстан өзгеге ынта-ықыласын жоятын көрінеді. Әсіресе, зауыт-фабрикаларда, құрылыс алаңдарында әртүрлі химиялық қоспалардың арасында және ыстық пен суық күрт ауысатын қоймаларда жұмыс істейтін ерлер тез шаршағыш болып келеді екен. Жұмыс істейтін орындары мен ондағы атмосфера олардың сезімге құштарлығын басып, тіпті кей жағдайда әйел затына деген қызығушылығын мүлде ұмыттырып жіберетін көрінеді.

Worker Hands.

Бұлшықеті бұлтыңдағанмен…

«Спорт — денсаулық кепілі» дегенді бәріміз ұрандатып-ақ жүрміз. Алайда, сағаттап созылатын жаттығулар, қатаң тәртіп пен алтын медальға деген ерекше махаббат еркектердің әлеуетін төмендетіп, күшін жоятын көрінеді. Сондықтан бұлшықеті бұлтыңдаған, мығым денелі жігіттердің өзі сеніміңізден шықпай жатса, таңқалмаңыз. Керісінше, оларды да түсінуге тырысыңыз. Ер жігіттің әлеуетіне кері әсерін тигізер мамандықтарды тізбелеп бергенімен, британдық ғалымдар оларға қалай көмектесуге болатыны жайында ауыз ашпапты. Ал бұл тұрғыда сексолог мамандар не дейді?


Уақытылы медициналық тексеруден өтіп, жыныстық қатынастар арқылы жұғатын түрлі инфекцияларға анализ тапсырып отыру керек. Әсіресе, жай ұшықтың өзінен абай болған жөн. Ол асқынып кетсе, қуық түбі безінің қабынуын тудырады. Үнемі кеңседе отырып жұмыс істейтіндерге көбірек қозғалыс керек. Қарапайым қозғалыстар бұлшықеттерді бір қалыпта ұстап тұруға жақсы. Уақытылы, дұрыс тамақтану да маңызды. Шоколад, теңіз өнімдері мен көкөністер — ер азаматтардың денсаулығына таптырмас дәрумен. Бәрін айт та, бірін айт — бастысы, интимді өміріңіздің тұрақты болғаны дұрыс. Әрине, мұнда қатып қалған қағида жоқ. Десе де, араға ұзақ уақыт салып жүріп, қалай қаражаяу қалғаныңызды түсінбей отырмаңыз, ер азамат!