Жан әлеміӨзіңді дамыт

Ерлі-зайыптыларға неліктен бөлек ұйықтауға болмайды?

1.4K (1000)Қаралымдар

Мамандардың көпшілігі жұбайлардың бірге ұйықтауы – бір-біріне деген сенімділіктің, сүйіспеншіліктің көрінісі деп санайды. Сондай-ақ, сексологтар ерлі-зайыптылардың бөлек жатуы жыныстық қатынас жиілігінің төмендеуіне және өзара түсініспеушіліктің туындауына әкеп соғады дейді.

Әрбір әйел жан-жарының құшағында жатып ұйықтағанды қалайды. Осылайша, бірге ұйықтайтын қос ғашықтың арасында эмоцияналдық байланыс орнап, қарым-қатынас нығая түседі.

Биоэнергетика сарапшыларының айтуынша, жұбайлардың біреуі ауырып қалса, екіншісі оған ұйқы кезінде қуат беріп, емдеп ала алады екен. Дейтұрғанмен, мұндай құбылыс бірін-бірі шын сүйетін, үйлесімділікте өмір сүретін жұптардың арасында ғана болуы мүмкін.

Осы орайда егде жастағы ерлі-зайыптыларға да бірге ұйықтауға кеңес беріледі. Өйткені жұбайлардың бірі әдетте түнде ауырып қалады, екіншісі оған дәрігер шақырып немесе қажетті дәрі-дәрмектерді беріп, дер кезінде көмек көрсете алады.

Негізінде, жатын бөлме ерлі-зайыптылар үшін ерекше орын болып саналады. Фэн-шуй іліміне сенетіндер немесе өздерін эзотерик деп санайтын жандар дәл осы бөлмеде оңай таусылатын қуат бар деген ойда.

Ұйқыда жатқан адам сыртқы ортаны, рухтар әлемін ерекше сезе алады. Сондықтан ерлі-зайыптылар демалатын бөлмеге қатысты түрлі наным-сенімдер бар. Мәселен:

  • Ерлі-зайыптылар әртүрлі төсекте ұйықтай алмайды, себебі оның арты ажырасуға әкеп соғуы мүмкін.
  • Жұбайлардың бір төсекте жатып, бөлек көрпе жамылуы да дұрыс емес.
  • Қос ғашық төсенетін матрас та біріккен болуы тиіс. Егер олардың астында екі түрлі матрас жатса, отбасында гормония жоғалуы ықтимал.
  • Жатын бөлмеге өзгелерді кіргізбеген жөн. Себебі өзгелердің қуаты бөлменің аурасын бұзуы мүмкін.

Бір төсекте қартаю – ғанибет

Зарина Тайыр, сексолог

Жыныстық сауаттылық қажет

Бұрындары халық арасында айтуға болмайтын дүниелер көп болған. Сол себепті көптеген тыйымдардың салдарынан ол заманда білімнің жетіспеушілігі жіті байқалатын. Бұл, әрине, біздің өмірімізге тікелей әсер етті. Бұл ретте мысал ретінде қазақ отбасындағы жыныстық сауаттылықтың төмендігін атап өтуге болады. Әрбір адам балалық шағынан өз тәнін зерттеп, жыныстық тұрғыдан сауатты болуға құқылы. Алайда біздің бұл бағытта біліміміз өте аз екендігін мойындауымыз керек.

Мәселен мен ата-әжемнің бір бөлмеде, екі түрлі төсекте жатқанын көріп өскенмін. Бұл дұрыс емес. Неге? Тіпті, шариғат бойынша, ерлі-зайыптылардың бір бөлмеде екі бөлек жатуына тыйым салынған. Одан бөлек, қазақта «бір жастықта қартаю» деген әдемі сөз бар. Оның өзі жайдан жай айтылмаған. Яғни, бұл ерлі-зайыптылар ажырамасын, әрдайым бірге болсын деген мағынаны білдіреді.

Ер азамат – альфа

Сондай-ақ, ер азаматта туа біткен альфалық сезім болады. Яғни, ол – басшы, отбасының қорғаушысы, асыраушысы. Сол себепті әйелге ер адамның жылулығы мен махаббатын, өзінің қорғаушысы бар екенін сезіну маңызды. Ер мен әйел бірін-бірі қуаттандырып отыруының арқасында дүниеге сау ұрпақ келе алады.

Жыныстық қатынас маңыздылығы

Жұбайлар бір бағытта жүруі тиіс. Сонымен қатар, физикалық тұрғыдан белсенді болғаны абзал. Яғни, спортпен шұғылданып, төсек қатынасы туралы да ұмытпаған жөн. Қос ғашық бір-біріне жақын бола түсуі үшін жыныстық белсенділіктің болғаны маңызды.

Ғылыми тұрғыдан алсақ, ер адам денсаулығына дұрыс күтім жасамаса, 30 жастан асқан кезде күші сарқыла бастайды. Ал нәзікжандылардың, керісінше, 40 жастан кейін әйелдік болмысы арта бастайды. Әдетте, біз арулар, үй шаруашылығы мен бала-шағаның қамымен жүріп, өз-өзімізге қарайлауды ұмытып кетеміз. Алайда әйел адам үнемі өзін дамытып отыруы керек. Тіпті, 40 жаста әрдайым күйеуінің жанынан табылып, бір төсекте жатқан әйел одан әрі сұлуланып, жасара түседі. Сол себепті ерлі-зайыптылар бір-біріне демеу болып, отбасы беріктігі үшін бірге әрекет етуі қажет»