Екеудің құпиясыЖан әлемі

Әйелдердің орта жас дағдарысы

Сенбі күні таңғы сегізде күйеуім мені оятып, досының әйелі демалыс күндері таңғы асты төсегіне әкелетiнiн мысалға келтіріп, ренішін білдіреді. Ал, түнде бала ауырып, менің ұйқым қанбағанында оның шаруасы жоқ. Оған коса, достарымен түн ауғанша сыра iшiп, олардан кейін тау-тау ыдыс жууыма тура келді. «Ыдысты жуа салмадың ба?» деген назыма «бұл еркектің жұмысы емес» деп жауап қатты. Сонда менің соңғы 3 жылда одан 2 есе жоғары айлық алатыным оның еркектік намысына тимейді екен ғой? Осындай әрбір жанжалдан кейiн сабырлық сақтау қиынға соғып барады, шыдамым шырқау шегіне жеткен секілді…

Үйленген сәттен бастап бүгінге дейiн өзiме «неге уақытымды зая кетіріп жүрмін?» деген сауал қоюмен келемін. Сырт көзге берiк отбасы болып көрінгенімізбен, ажырасу туралы ойлар жиі мазалайды. Дұрыс түсініңіздер, мені аяудың керегі жоқ. Бірге өткізген 192 ай отбасылық өмiрiмiз бекер өткен жоқ, әрине. Қандай қиын жағдайларға тап болсақ та, біз ерлі-зайыптылармыз. Бірақ, мен онымен өзiмдi жалғыз сезінемін.

                                                                                                                                                                                                                            Нұрила.

Ащы шындық

Мұндай сан-саққа жүгірген ойлар әйелдердің көпшілігін мазалайтыны жасырын емес. Барлығымыздың iшiмiзде жасырын «MEHiмiз» бар. Ол еркіндік пен романтиканы, киялға беріліп, сүйіктімізбен айлы аспан астында аймаласқанды, тау боп үйілген ыдыс-аяқ пен ешқандай үй iшiлік күйбеңі жоқ өмiрдi аңсайды. Алайда, біздің патриархалды әлемiмiзде жанұяның берiктiгiн сақтап қалу мен шаңырақтың түтінін түзу түтету әйелдердің мойнына артылып қойған. Сондықтан, әйел адамның қажитынын, оларда да орта жас дағдарысы болатынын ешкім елеп-ескермейді.

Шыдамдылық ақысы

Бiздiң аналарымыз бұл мәселе туралы айтпақ түгілі, ойламаған да. Сондықтан, аналарымыз отбасылық өмірде де бiздерден шыдамдырақ болған. Жалғыздық пен коғамдық пiкiрден қорыққан. Бiзге келер болсақ жұмысымыз бар, табысымыз тұрақты. Былайша айтқанда, ешкiмге тәуелді емеспіз.

Қазіргі заман әйелi өзiне көбірек көңіл бөліп, өзiн жақсы көргендi қалайды. Бүгінгі күн кейiпкері ӨЗІ ҮШІН өмiр сүргенді армандайды. Қазіргі кыз-келіншектердің ой өрісі жақсырақ өмір сүруге, жетістікке жетуге бағытталған. Нәтижесiнде – жұптар тұрақты емес, шайқалған шаңырақтар саны өсіп барады. Ол аздай, ажырасқандардың жартысынан астамы әйелд калауы бойынша айырылысуда.

Заманауи әйелдер күйеуiмен ажырасуды баласын басқа мектепке ауыстырғандай көреді. Ажырасуды жан күйзелтетін ауыр трагедия деп ойламайды. Сондықтан, көтеріліп жаткан шаңырақтар да шатқаяқтап тұрады. Біз махаббатсыз неке де тұрғымыз келмейді, болмашы нәрсеге ызаланып, шыдамымыз таусылады. Тіпті, «қартайған шағымызда бір жұтым су әкеп берер ешкім болмайдыау» дегенге де бас қатырмаймыз.

Десек те бiр қуантатыны – жанұяның қажеттігіне, шаңырақты сақтап қалуға кішкентай ғана мүмкiндiк болса, соны қолдану керектігіне сенетiн әйелдер де аз емес.

Неке дегенiмiз – жұлдызды аспан астындағы екеудің биі емес. Неке – бірлескен кәсіпорын. Осыны түсініп барып некелескен жұптар ғана берік болады. Ол аз десеңіз, неке – өз-өзіңді тану, өмірлік тәжірибе жинақтау, жақсырақ болуға ұмтылу. Сол себепті, күйеуіңіздің кемшіліктері де сіздің шыдамсыздығыңыз, өзімшілдігіңіз, қызғаныш пен еріншектігіңізге тікелей байланысты.

Демек, өзіңіз не қалайтыныңызды түсініп, барлық кемшіліктеріңізді біліп алған соң ғана отбасын құру туралы шешім қабылдаған абзал.

Ер адамдардың орта жас дағдарысы

Орта жас дағдарысы әрбір еркек кіндіктінің де басынан өтеді. Төмендегі мысалдардан оның көбірек тараған түрлері мен мәселені шешу жолдарын біле аласыздар.

1) «Көмектесіңіздер! Менің күйеуім бала болып кетті!»

Жуырда жұбайым көтеріңкі көңіл күйде үйге келіп, маған түбіртекті көрсетеді. Өзіне мотоцикл сатып алыпты. «Жаңа өмір бастадым, қуанышым қойныма сыймайды» деп, мәз бо- лады. Менi қынжылтатыны: неге біздің қызығушылықтарымыз қиыспайды, бір ортақ нәрсемен неліктен шұғылдана алмаймыз?

Психолог кеңесі: Бұл кезеңде ер адамдардың ағзасында ержеткен кездегідей гормондық ауысулар болады. Әрқайсысы өздерін бала сезінеді, оған қоса еш нәрсеге қарамастан өздеріне түрлі «ойыншықтар» сатып алу еркектерге тән қасиет. Екеуіңіздің бірге уақыт өткізуіңізді қамтамасыз етпей, қомақты қаражатты өз қалауына қарай жаратқаны үшін қатты ренжисіз. Көңіліңізде «жастыққа тым салынып кетті, мүмкін менен басқа біреуі бар шығар» деген күдік ұялайды. Бұл жағдайда не істеуге болады? Бала кезде армандаған нәрселерді сатып алу қауіпті нәрсе емес, бұған сеніңіз! Әйелдерге қарағанда, еркектер кәріліктен қаттырақ қорқады. «Еркектік функциясын» жоғалтып алып, қауқарсыз болып қалу – кез келген ер адамды шошындырады. Сондықтан, оны түсінуге тырысыңыз. Ренішіңізді сәл де болса саябырсыту үшін өзіңізді оның орнына қойып, жұбайыңызбен бірге жастығыңызды ұзартыңыз. Бойжеткен кезімізде қалаған нәрсеміздің бәрін алуға мүмкіндік болмайды. Ал, қазір ақшамыз бен мүмкіндігіміз бола тұра, неге сол армандарды iске асырмасқа? Би үйірмелеріне жазылыңыз, көзге бірден түсетін көйлек сатып алыңыз, сүйікті дүкендеріңізді аралаңыз, тым болмаса, шашыңызды қиып, бояп тастаңыз.

2) Бiз неке төсегін ләззат алу үшін емес, ерлі-зайыптылық міндеттерді атқару үшін ғана бөлісеміз.

Төсек қатынасына қалауымыз бойынша емес, денсаулыққа қажет болғандықтан ғана баратын секілдіміз. Маған бұл ұнамайды, мен романтиканы қалаймын.

Психолог кеңесі: Бұл тым кірпияз мәселе. Сарапшылардың барлығы «жүйелі төсек қатынасынсыз бақытты отбасы болмайды» дегенді бір ауыздан айтады. Бірақ, құрылғанына біраз жыл болған отбасылар мұнымен айына 2-3 рет айналысады. Жиі болатын ерлі-зайыптылық жақындық жанұядағы берекеге кепілдік бола алмайды. Бір-біріне деген сенімділік, түсіністік, ойларының ұқсастығы мен адалдық отбасылық жұп үшін анағұрлым маңыздырақ. Дегенмен, күйеуіңізбен өткізген түндер көңіліңізден шықпай, өзіңізді бақытсыз сезініп жүрсеңіз онымен ашық сөйлесіп көріңіз. Өйткені, бұл да – жанұялық өмірде айрықша орын алатыны сөзсіз. Тек, кез келген некеде бір-бірінен төсек қатынасы жағынан алшақтап кететін кезеңдер болатынын ұмытпаңыз. Бұл қалыпты жағдай және бір-біріңізге деген сүйіспеншіліктің жоғалып кеткенді білдірмейді. Жұбайыңызды кінәлай беруді доғарып, өзіңіз әрекет етіңіз. Сізге деген махаббат пен жарыңыздың назары аздық етіп, көбірек болғанын қаласаңыз өзiнiз де соншалықты беруіңіз керек. Күйеуіңізді жиірек мақтаңыз, еңсесі көтеріліп қалсын. Оның жақсы қасиеттерін де жиі айтып отырсаңыз құба-құп. Көбінесе, әйелдер ерлерiне ықылас пен жылылықты қалайтынын айтуға қорқады. Ал, ер адамдар жарларының тілектерін бірден дөп басып біле алмайды. Сондықтан қорықпаңыз, ашығын айтыңыз.

Жанұя беріктігін анықтайтын сынақ сұрақтар:

Отбалысық өміріңізге қандай қауiптер төнiп тұрғандығын түсіну үшiн өзiңiзге келесi сұрақтарды қойыңыз.

1.Төсекке бір уақытта және бірге жатасыздар ма?

Егер ерлі-зайыптылар бiрге төсекке жатуға асықпаса – бұл бір бiрiңiзден алыстап кетуге соқтыратын алғашқы белгі. Мұндай жағдай неліктен орын алғанын түсініп, өмір ырғағын өзгертуге талпынып көріңіз.

2. Күн өткен сайын күйеуінізге деген тәуелділігіңіз жойылып бара ма?

Өзіңіздің жеке қызығушылықтарыңыздың барында еш әбестік жоқ. Бірақ, бұл қызығушылықтарыңыз уақытыныздың басым бөлігін алатын болса, қиындық сол кезде туындайды. Сондықтан, тепе-теңдікті сақтап, жұбайыңыз бен отбасыңызға сіздің ықыласыныз бен жылылығыңыз үнемі қажет екенін естен шығармаңыз.

3. Сіз үшін кім маңыздырақ – күйеуіңіз бе, әлде балаларыңыз ба?

Көбінесе әйел адам бар ынтасы мен жылуын баласына беріп жатады. Бірақ, балалар өсіп, ер жетіп, өз орнын табатыны, қартайған шағында қасында жұбайы ғана қалатыны ұмыт болып жатады.

4. Бір қателікке қайта-қайта бой алдырып жатасыз ба?

Кей кездері отбасындағы ұрыс пен жанжалға бір ғана тұрмыстық жағдай себеп болып жатады. Бұл ретте жанжалдың себебі – басқаның сіздің өтінішіңізге құлақ аспағанында. Келесіде бірден жанжал шығармай, неліктен ашуланғаныңызды түсіндіріңіз.

5. Ойыңызда басқа жан бар ма?

Бұл сiздiң жұбайыңыздың көзіне шөп салғаныңызды білдірмейдi. Бiрақ, егер басқа адамға көңіл бөлсеңіз, СМС хабарламалар жіберіп отырсаңыз да, мұның өзі сіздің отбасылық қарымқатынасыңызға қаяу түсіреді.

Ұқсас мақалалар:

Күйеуім отбасын асырағысы келмейді

Ынтық сезім қайда екен?