Ақ босағаОтбасы

Фэн-шуй және интерьердегі минимализм

Бұл стильде геометриялық пішіндер кеңінен қолданылады. Демек интерьерде бұрышты заттардың жиі кездесетіні анық. Яғни, осы тұста бұрыштар пәтер тұрғындарының төсектеріне немесе жұмыс үстеліне бағытталмауын ескеріп, кеңістікті дұрыс жоспарлау маңызды. Олай болған жағдайда өткір бұрыштар адамның энергиясына кері әсер етіп, үнемі шаршаңқы және өмірге наразы болып жүреді.

Шкафтардың есігі мүмкіндігінше жабық болып, ашық сөрелер болмағаны дұрыс. Өйткені, көлденең орналасқан сөрелер бөлме энергиясын кесіп өтіп, адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Сондықтан сөрелерді әуел баста-ақ түгел жауып тұратын есіктермен жабдықтаған жөн.


Терезе

Понорамалық, еденнен төбеге дейінгі биіктікті алып жатқан терезелерден бөлмеге көп мөлшерде энергия енеді. Сондықтан мұндай терезелердің алдына минимализм стиліне сай келетін декоративті бөлшектерді қойған жақсы. Бұл үй иесінің немесе дизайнердің шешіміне байланысты болуы мүмкін. Ең бастысы – терезенің алдында сырттағы энергияны ұстап тұратын қандайда бір зат болғаны жақсы.

Айна

Бөлмеге қойылған айна терезе және есікке қарама-қарсы орналаспауы тиіс. Себебі есік не терезеге қарсы орналасқан айна бөлмеге енетін Ци энергиясын кері қайтарып, керекті энергияны жояды.

Төсек

Бұл стильде ауада қалқып тұратын төсек түрлері жиі кездеседі. Мен бұл таңдауға аса кеңес бермес едім. Өйткені керует пен ол орналасқан жерде демалған адам қорғанысты және толыққандылықты сезінуі тиіс. Сондықтан төсек аяғымен жерді тіреп, барынша қауіпсіздікті сездіріп тұрғаны дұрыс. Негізінде минимализм стилі өте оңтайлы шешім. Өйткені онда тек қана қажетті жиһаздар орналасып, функционалды заттар қолданылады. Ұсақ-түйектермен шамадан тыс жүктелмейді. Яғни, нағыз осы интерьер заттардың ыбырсуына жол бермей, энергияны тыныштықта ұстап тұрады.