Жан әлеміӨзіңді дамыт

Ғаламтордағы күйеу

Әлеуметтік желі – бүгінде қызықты демалыстан естеліктер қалдырып, баланың жетістіктерімен бөлісе алатын өмірдің маңызды бөлшегіне айналды. Бірақ, күйеуіңізге сізбен болғаннан гөрі желіде отыру әлдеқайда қызықты болса ше?

Оған не керек?

Анар: Мен күйеуімнің әлеуметтік желідегі парақшасын желікпелі түрде жүргізетінін анықтадым. Ол қыздармен танысып, олардың суретін «лүпілдетіп», бірнеше еркін қауымдастықта белсенді түрде жазба қалдыратындығын білдім. Мәтіндеріне қарасам, жай ғана қарым-қатынас емес, ашыналыққа көбірек ұқсайды. Маған бұл мүлдем ұнамайды. Бірақ, ол бұл қарым-қатынасты шын өмірде жалғастырғалы жатқан жоқ қой және менің әр қадамымды да бақылап, мазаламайды. Десе де, бұған бәрібір бейжай қарай алмаймын!

Шындыққа жанаспайтын ақиқат

Біз әлеуметтік желіге өміріміздегі кез-келген оқиғаларды жариялаймыз. Ондағы достар біздің еңбек демалысымыз, отбасылық мерекелер, құрбылармен кездесу және кеңседегі көріністер туралы білсе екен дейміз. Өкінішке қарай, оның салдары неге әкеліп соғуы мүмкін екенін әрқашан ойлай бермейміз.

Шынайы сатқындық – көп күш жұмсалатын және жалықтыратын өмірлік сабақ. Ол үшін әуелде көп нәрсені есте сақтау керек және соңында жадымызда шектен тыс жағымсыз оқиғалар қалып қояды. Ал, виртуалды «сатқындық» – ар жағындағы адамның шынайы әсерін сезініп, өзін көре алмайтын, тек пернетақта түймелерінен тұрады. Ондағы әр адам өзгеге өзін танытқысы келген жағын ғана көрсетеді. Тіпті кей суреттің артында азғыруына қарсы тұру мүмкін емес, тіпті өте қиын, ер адамдар жасырынып тұрады. Бір ескеретіні – серігін алдауға дайын тұратын адамдар ғаламтор мен әлеуметтік желілер болмағанның өзінде көзге шөп салудың басқа жолын міндетті түрде табары анық.

Бұл оған не үшін керек?

Ерлі-зайыптылардың бірі әлеуметтік желілерде отырса, оның өзіндік себеп-мақсаты болуы мүмкін. Кейде «Маған өз-өзіммен оңаша қалып, армандауға мүмкіндік беріңдерші» дегенді мүлде жаман ойсыз айтатын болар. Ал, кейде бұл ажырасу алдындағы соңғы қадам болуы да ғажап емес. «Арада бәрі біткенін қалай жеткізерімді білмеймін. Бірақ, ажырасуға жауапкершікті өз мойныма алмаймын» деген сөз туындаса отбасы құлдыраудың аз алдында екені анық.

Ерлі-зайыптылардың әлеуметтік желілерден бас алмай отыруы – күнделікті қақтығыстардан аулақ болудың бір әдісі. «Тыңда, мен ашулымын!» немесе «Байқа, саған ешкім лүпілді жаудыртып жүрген жоқ па?!» деген ескертулер де әлеуметтік желі астарында жатуы ғажап емес.

Десе де, әлеуметтік желіге байланысты өте ауыр кезеңдер бар. Бұл – желіге тәуелді ерлі-зайыптыларға қатысты. Егер күйеуі немесе әйелі әлеуметтік желілерде жеке өмірін паш етумен отыратын болса, желіде отбасылық мәртебесін төмендетсе – онда ол жұбын сыйламайды немесе сезімін оятуға тырысады. Оған қоса, өзара эмоциялық күйзелісті тудыратын мазохизмдік іс-әрекетке бейім қатынаста болуы да мүмкін.

Мұнымен күресуге болады. Ол үшін жұмыс істеу керек. Отбасылық психологтар мұндай жұппен жұмыс жасау кезінде екі мәселеге ерекше назар аударған. Біріншіден, ерлі-зайыптылар талап-тілектері мен жеке қиындықтарын ашық талқылауы тиіс. Сонда ғана бір-бірінің жүрегіне жара салу біртіндеп азаяды.Екіншіден, жұптағы әр адамның ішкі күйзелісі және тәуелділігімен жеке-жеке жұмыс істелгенде ғана ерлі-зайыптылардың арасындағы қиындықтарды жеңу мүмкін бола бастайды.

Не істемек керек?

Ақ некеңізді бағалаңыз. Жұбайлардың екеуі де қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге дайын болса ғана олардың күткен нәтижесі ойдағыдай шығады. Олар арадағы жанжалды өз ісінің дұрыстығын дәлелдеудің құралы деп қабылдамайды. Ал, екеуі де өзімшіл жан болса –  өте қиын. Өйткені олар жұпта тек алуды ғана көздейтін жандар.

Кез-келген одақтың маңызды аспектісі – барлық мәселені ашық талқылай алатын, бір-бірінің талап-тілегін тыңдай алатын кеңістіктің болуы.

Шектеулер туралы келісіп алу. «Телефон мен планшетті кешке немесе белгілі бір уақытта, отбасымен серуендеп жүргенде қолданбау» дегендей жаңа ережелерді енгізіңіз. Бұл қарым-қатынастың басты орында екенін ұғынуға көмектеседі.

Құпия сөзбен алмасу. Қиындау, бірақ тиімді қадам. Бір-бірінің құпия сөзін білсе, оны қолдану керек деген сөз емес. Бұл – бір-біріне деген сенімнің шынайылығын көрсету. Ең маңызды шарт – өзара жеке кеңістікті құрметтей отырып, дербес ақпаратты ешқашан пайдаланбауға дайын болу.

Сұрақтан бастау. Күйеуіңіздің парақшасынан басқа әйелмен түскен суретін көріп қалсаңыз бірден жаман ойлайсыз. Оның орнына «Мен сенің парақшаңнан N-мен түскен суретіңді байқап қалдым, ол әйел туралы айтқаның есімде жоқ екен. Ол кім?» деп сұрап көріңіз. Айырмашылығы – айыптау емес, тікелей сұрақ болып шығады.

Әлеуметтік желіні байланыс құралына айналдыру. Мессенджерлерді пайдаланып үйренгенсіз бе? Онда желілерге кіріңіз де, жарыңызға сәлемдеме, қызықты сілтемелер және көңілді суреттер жіберіңіз. Бұл арадағы сүйіспеншілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Оңаша қалу. Кейде үйде жүріп-ақ күйеуіңізді асүйге хабарлама арқылы шақырасыз ба? Мұндайда бір-біріне кеш бойы «ләм-мим» демитіндер еске түседі. Оның орнына телефонды жайына қойып, күйіңіздің жанына баруға ешқашан ерінбеңіз.

Өз сезімдеріңіз жайлы айту. Сізді не ашуландырады, сізге не ұнамайды және шын ниетіңіз болмаса, не нәрсеге келіспейсіз – соның бәрін айтыңыз. Не сезінесіз, сізді не нәрсе алаңдатады, өзіңіз үшін және күйеуіңіз үшін де қандай нәтиже көріп тұрсыз осының бәрін айтып жеткізу өте маңызды. Бұл айыптау емес – бұл жаныңызды жаралайтын не нәрсе екенін білдірудің жолы. Өз сезімдеріңіз туралы неғұрлым ашып айтсаңыз, күйеуіңіз де сізді жақсы түсініп, тыңдайды.

Кикілжіңді ушықтырмаңыз. Күйеуіңізбен арадағы сөзді бүкіл ғаламторға жаюдың қажеті жоқ. Өйткені, у қосып жариялаған постыңыздың «бізде қиындықтар бар» деген жарнамалық билбордтан еш айырмасы болмайды.

 

Соңғы зерттеулер былай дейді…

әйелдер мен ерлердің 50%-ы серігінің парақшасын үнемі тексеріп отырады, ал әрбір жетіншісі ол жерден сенімсіздіктің дәлелдемелерін іздейтіндігін мойындаған.

«ғаламторлық-белсенді» жұптардың үштен бірі құпия сөздерін серігінен қатаң түрде жасырын ұстайды.

жұбайлардың 58%-ы серігінің әлеуметтік желідегі парақшасында не нәрсе болып жатқанын білсе де, одан білетінін жасырады.

… сондай-ақ, отбасылық өмірін онлайн режимде көрсетуден қымсынбайтын жұбайлар – өздерін өте бақытты сезінетіндер.