СұқбатСырласу қонағы

Ғалымжан МОЛДАНАЗАР, әнші: Асықпаймын, мен үшін мезгіл жоқ

«Көбісі жүзік тақпағандықтан үйленбеген деп ойлайды. Мен үшін жүзіктің аса маңызы жоқ», - дейді Ғалымжан. Иә, ол өмірлік жолдас, екі ұлдың әкесі. Ерекше синтипоп жанрындағы әндерімен, өзіндік пікірімен, бастысы шынайылығымен тәнті етеді.

Мен өнерді сүйгендіктен айналысамын

«Өнерің қазаққа тән емес» дегенді көп естимін. Соны айтатындар, ойланыңыздар! Сіз киіп жүрген киімді, ұстап жүрген телефонды қай атаңыз пайладанды? Үстіңіздегі қара костюм-шалбарды ше? Сол қазақи ма? Киіз үйде тұрыңыз, қоғамдық көлікпен емес, атпен жүріңіз. Көшпенді өмір сүріңіз, сонда қазақ боласыз. Мен – қазақпын. Тілім, жаным – қазақ. «Ұлтқа тән емес» дегенді есту маған ауыр тиеді. Жаңа әндер жазып, әнжинақ шығармақпын. Бар уақытым сол әндерді бітіруге, ән жазуға кетіп жатыр. Бұл жолы ғаламторға тегін жүктемеймін, әлемдік сайттарға саламын. Әлемге танымал болсам деген үлкен арманым бар.

Барлығы өз уақытымен

Расымен де солай ғой. Шынайы болу керек. Асығып, шала-шарпы бітіре салуды ұнатпаймын. Тойдың маусымы келе жатыр деп жанталаспаймын. Мен үшін мезгіл жоқ. Тағдырға сенемін… Бірақ, әркім тағдырын өзгерте алады. 100 пайыз болмаса да, көп нәрсе өз қолыңда.

Көп сөйлемей, жұмыс істеу керек

Әріптестеріме ренжитінім бар. Көбісі той үшін жұмыс істейді. Мәтіні қайғылы, махаббат жайлы болса да, музыкасы тойға арналған. Халық та соған үйренген. Мен сияқты біреу шықса ерсі, ерекше дейді, басқасына ұнайды. Мен өзім үшін жұмыс істеймін. Біреуге ұнап жатса, қуанамын. Бала кезден қиялисың деп көп айтатын. Маған өмірім, ісім ұнайды. Өзін, басқаны алдайтындар, біреудің көңілі үшін жұмыс істейтіндер – бақытсыз адамдар. Өйткені, ол адам – жоқ. Оның өмірі өзінікі емес, әркімдікі. Музыканы тек ақша табу үшін жазып жүретіндерді аяймын.

Көбісі Қазақстан нашар, жаман деп жатады. Халықта сондай сөз көп. Білмеймін, мен ешқандай жамандық көрген жоқпын. Мектепті тегін кітаппен, тегін оқыдым. Орныңнан тұрып қимылдасаң бәріне жетуге болатын мемлекет. Қазір әлем деңгейіндегі жұлдыз кім болса, дәл соныкіндей телефонды біз де ұстап жүрміз. Тура сол техника бар. Бізге тек сөйлей бермей, жасау керек.

Ашыққан, тоңған кездер болды

Ол үшін жыламсырамаймын. Сол кездің де жақсылықтары бар. Қиналдым демеймін. Себебі мен не істеп жүргенімді білдім. Адамдар сәтсіздігін біреуден көреді. Ол – жеңілген адамның ісі. Айыптағаннан гөрі сол жағдайдан шығудың жолын іздедім. Өмір өзі бірде қиындау, бірде жақсы. Ең бастысы тіріміз. Байлыққа жетуге тырыспаймын, оған қызығушылығым жоқ. Менің бір ғана мақсатым бар. Ол менің отбасым, ұлдарым болғаннан кейін өз үйім болса деп ойлаймын. Құдай қалса, үйге де жетеміз. Аш емеспіз, тоңып жатқан жоқпыз.

Музыкалық білімім жоқ

Өтірік алдамайын, кітап оқымаймын. Мектепте нашар оқыдым… Оқушы кезімнен музыкаға ынтам күшті болды. Оқуға емес, үйренуге тырыстым. Нота білмеймін. Музыкалық білімім жоқ. Өзімнің ізденісімнің өзі оқу деп ойлаймын. Қасымда кәсиби музыканттардан құралған тобым бар. Солардан көп нәрсе үйренемін.

Мен уақыт бөле алмай жатқан нәрсе өте көп

Ол – отбасым, әке-шешем, бауырларым, достарым. Маған ренжіп жүргендер көп. Екі тәулікте төрт сағат ұйықтап, сізге сұқбат беруге келіп отырмын. Екі күн ешқайда шықпай студияда жұмыс істедім. Өмірім қанша жылдан бері осылай өтуде. Мен ешнәрсеге өкінбеймін. Осы жолды таңдадым. Шынында жақсы көретін адам мені түсінеді деп ойлаймын. Мен – эгоистпін… Шынымды айтсам, отбасыма аз көңіл бөлемін. Бірақ ешқашан оларды алдаған емеспін. Жолдасымды да. Ең алғашқы күннен бастап: «Егер музыка мен сені қатар қоятын болса, мен музыканы таңдаймын», – дегенмін.

30 мың теңгеге бейнебаян түсірдім

Екі жыл бұрын киноға түсуге шақырды. Актер ретінде өзімді көре алмаймын. Қызығушылығым жоқ. Режиссер бола алатыныма сенемін. Бірақ дәл қазір емес. Бейнебаяндарымды өзім түсіремін. «Ақпен біргенің» бейнебаянына 30 000 теңге кетті. Бірінші ТМД елдерінде, Еуропада хит болып, жақсы қабылдады.