СұқбатСырласу қонағы

Гузель Мұратбекова: Ең бастысы – өз таңдауыңа адал бол!

Гузель Мұратбекова – бүгінде қыз-келіншектеріміздің сәнді әрі тартымды көрінуіне үлес қосып жүрген дизайнер әрі фешн-блогер. Өзін сән әлемінен тапқан Гүзел аруларымызға өмірден түйген кеңестерін ұсынды.

Сәнге деген махаббат анамнан дарыған

Бала күнімнен сән әлеміне қатысты дүниенің барлығын жақсы көрдім. Шамамен, бұл махаббат маған анамнан дарыған болуы керек. Ол өзі сондай сәнқой адам. Мен үнемі Париждегі және Мерседес Бенс сән апталықтарын бақылап жүремін. Мемлекеттік қызметте біраз жыл жүргеннен кейін өзімді сән саласына арнағым келді. Бұл менің бұрыннан келе жатқан қызығушылығым еді. Сөйтіп, Жоғары дизайн және сән мектебінде бір жыл оқып, дизайнер курсын тәмамдадым. Содан кейін мектебіміз ұйымдастырған Global Fashion start up бағдарламасы бойынша Парижге барған кезде елдегі Paris Art School мектебінде топтама жасау курсы бойынша білім алу мүмкіндігін жеңіп алдым. Ал қазіргі уақытта өзімді фешн блогер ретінде сынап көргім келеді.

Карл Лагерфельдті пір тұтамын

Мен аты аңызға айналған Карл Лагерфельдті пір тұтамын. Ол нағыз талант иесі! Әлемге әйгілі Chanel мен Fendi  топтамалары сөзсіз керемет! Қазіргі таңда оның арқасында бұл сән үйлері ең жоғары рейтингте тұр.

Таңдауыңа адал болған маңызды

Адам өзі ұнатқан, жанына жақын ісімен айналысқан жөн деп ойлаймын. Ең бастысы өз таңдауыңа адал болған абзал. Сол кезде іс нәтижелі әрі берекелі болады.

Айналамнан шабыт аламын

Мені Еуропа елдері, олардың тарихы, интерьер, тағам, табиғат шабыттандыра алады. Кез келген дүниеден шабыт алуға болады деп есептеймін, алайда әркез ісің алға баса бермеуі мүмкін. Кейде бір топтаманы дүниеге әкелу үшін бір апта да жеткіліксіз. Ал кей кезде небәрі 30 минутта болашақ өнер туындысының кескінін салып алуға болады.

Кәсіпкерлікпен айналысу жоспарымда бар

Сән әлемін таңдамағанымда міндетті түрде кәсіпкерлікпен және инвестициямен айналысар едім. Қазір дизайнерлікпен қатар осы саланы меңгеріп келемін. Жұбайым екеуіміздің болашаққа қойған мақсаттарымыз көп. Соны орындасақ деп отырмыз.

Күллі әлемге ризашылығымды білдіремін

Мақсатымды айқын көре алу қабілетімнің арқасында өзімді мықты сезінемін. Айналамдағының бәріне алғыс айту арқылы бойымдағы күш қуатты арттырамын. Осылайша өз-өзімді алдыға жетелеймін. Сондай-ақ, жетістікке жетпес бұрын оны үнемі көзіме елестетемін.

Өзімді бар болмысыммен қабылдадым…

Өзін бар болмысымен қабылдап, жақсы көре білген әйел – нағыз бақытты әйел. Мен өзімді осындай нәзікжандылар қатарына жатқыза аламын. Өз-өзіңізді шын сүйіп қалыңыз, сол кезде міндетті түрде бақытты боласыз.