Ақ босағаОтбасы

Заманауи интерьер: Неоклассика

Неоклассика стиліндегі қабырға

Заманауи неоклассикалық интерьерде қабырғаларды мәнерленген жапсырмалы галтельдермен түрлендіруге болады. Олар көлемі мен пішіні, ені мен ұзындығына қарай әртүрлі болып келеді. Мұның бәрі үйдің биіктігіне және тапсырыс берушінің қалауына байланысты таңдалады. Мысалы, тапсырыс беруші үйдің төбесін биік етіп көрсеткісі немесе қабарғаның безендірілуі мен мәнерлілігіне екпін түсіргісі келуі мүмкін. Өрнектеп әсемдеуден бөлек қабырға түсі таңдалады. Оны қандай түспен және қандай тәсілмен сылау керек екенін қарастырамыз. Сонымен қатар, қабырғаны сыламай, орнына түсқағаз жабыстыруға да болады. Неоклассикадағы қабырға бояуларына бейтарап түстер тән. Ала-құла, өте ашық көк, жасыл, ашық қызғылт сияқты көз тартатын түстер қатыспайды. Неоклассикада көбінесе сұр және ашық сары түске жақын реңктер қолданылады. Мұның әсерінен бөлме кең әрі жайлы болып көрінеді.

Неоклассикалық стильдегі үйдің төбесі

Жалпы классикада көлемді жиһаздар таңдалып, алтын жалатылған өрнектер барынша жиі қолданалатын. Ал, неоклассикада біз сәннің заманауи бағытқа өзгергенін байқаймыз. Мұнда жиһаздар барынша заманауи үлгіге сай, жапсырмалы безендірулер мен интерьердегі түстер де бірқалып болып келеді. Бөлменің  төбесі де классикалық үлгіге қарағанда өзгеше. Неоклассикада дизайнер үйдің төбесін тұтастай түзу етіп немесе оны текшелер мен галтельдерге бекітілетін сәулелі таспалардың көмегімен 2 немесе 3 деңгейге дейін күрделендіріп жасауды ұсына алады.

Стильге сай терезелер таңдау

Мен маман ретінде терезе таңдауда үйдің іші суық әрі ылғал болмауы үшін сапасына ерекше мән беремін. Терезе таңдауда аса мұқияттылық қажет. Олардың ағаш және пластик түрлері бар әрі түстері де өте көп. Барлығы өзара үйлесуі үшін тұтынушы өз қалауын дизайнермен бөлісе отырып таңдайды. Мәселен, тапсырыс беруші күңгірттеу ағаштан жасалған терезені таңдаса, біз со­ған сәйкес еден мен есік түстерін ойластыра бастаймыз.

Кеңес

Үйді жабдықтауда жиһаздар ерекше рөл атқарады. Ол тек жайлылық сыйлап қана қоймай, әсемдеуіш элемент ретінде де қолданылады.

 

 Неоклассикадағы аспалы шам

Неоклассикадағы маңызды дүниелердің бірі – аспалы шам. Аталмыш стильде шамдардың салтанатты немесе заманға сай қарапайым түрлерін таңдап алуға болады. Барлығы үй иесінің қалауына және оның үйдегі басқа жабдықтармен үйлесуіне байланысты.