Ақ босағаОтбасы

Интерьер: Фэн-шуй ілімі сыр шертеді

Кейбір үйге барсаңыз, айналаңыз өте жағымды, үйлесімді болып тұрады. Сіздің онда қайтып барғыңыз келетіні де анық. Оның себебі: үйдегі бізге көрінбейтін және сезілмейтін белгісіз бір күш адамның өміріне әсер етеді. Адам табиғаттан қуат алғаны секілді үйден де, оның ішінің жабдықталуынан да солай қуат алады. Яғни, әр зат өзінен белгілі бір қуат көзін бөледі. Заттар энергиясы Фэн-шуй іліміне негізделген.

Жұмыс орнын қалай жабдықтаймыз? Жұбайлар жататын төсектің қойылу реті қандай? Баланың жұмыс үстелі қалай орналасуы тиіс? Үйге тек паналайтын жер ретінде қарамай, қалай күш-қуатқа толы мекенге айналдыруға болады?

Бұл сұрақтарға фэн-шуй ілімінің маманы Екатерина Мельникова жауап береді. Екатеринаның негізгі мамандығы – журналист. Дегенмен, бес жылдан бері жанына жақын, сүйікті ісін тауып, фэн-шуй кеңесшісі қызметін атқаруда. Ол Алматыдағы фэн-шуй академиясын тәмамдаған. Қазіргі уақытта мәскеулік шеберлерден қашықтықтан оқыту бойынша білім алуда.

Фэн-шуй ілімінің негізі Қытай елінен келген. Фэн-шуй әдістерін бұрын тек Император және оның отбасы ғана қолданған. Уақыт өте келе оның тиімділі мен пайдасы ескеріліп, құпиясы бүкіл әлемге жария болды. Соның арқасында қазір бізге де жетіп отыр.

Осы жерде «фэн-шуйға неге сенуіміз керек?» деген сұрақ туындайды. Психологияда тұрғылықты үйіміз, ондағы жиһаздардың орналасуы, түстері адамның ойлау жүйесіне, өмір салтына әсер ететіндігі дәлелденген. Осы орайда Қытай шеберлерінің білімін пайдалану бекер деуге болмас.

Үйдегі күйді әртүрлі энергияның өзара әрекеттесу заңдылықтарын және белгілі бір «формулаларды» қолдану арқылы басқара аламыз. Айналадағы заттар өзара үйлесім тауып, жайлылық тудырған кезде өмірдің кез келген саласында белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік артады. Сол себепті үйдегі энергия ағындарының өзара үйлесімді әрекеттесуіне әсер ететін бірнеше кеңестерді ұсынамыз:

Үйіңіз орналасқан аймаққа аса мән беріңіз. Егер терезеден жағымсыз әсер қалдыратын көріністерді көрсеңіз, (түрме, аурухана, ЭЖЖ, қараусыз қалған ғимараттар, шашылып жатқан жолдар және т.б.) оларды көзден жасырып, терезеге қалың перде іліп қойыңыз. Терезенің алдына бірнеше әдемі өсімдіктер тұрғаны да дұрыс. Ең бастысы – құлазыған көрініс пен үй арасында қорған болғаны жөн. Осылайша сіз үйіңіздегі жағымды атмосфераны сақтайсыз.

Тазалық. Дарбазаның алды ыбырсып жатпауын, үйге кіретін жолдың таза әрі бос болуын қадағалаңыз. Дәліздің де ұқыпты, жарық және таза болуын ескеріңіз. Бұл әдіс арқылы үйге жақсы энергия кіреді, үйде жайлылық орнап, табысты болуға әсер етеді. Тазалықпен бірге мекеніңізге береке-бірлік кіреді.

Терезе, есік. Бөлмедегі терезе мен есіктің орналасуына мән беріңіз. Егер есік дәл терезеге қарама-қарсы орналасса, терезенің алдына желмен әуендететін темір немесе кристаллды әшекей іліп қойыңыз. Бұл – бөлмеге кіретін энергияның көшеге шығып кетпеуін қадағалайды.

Төсек. Жас жұбайлардың ара қатынасы ұзақ әрі берік болуы үшін олардың ұйықтайтын орны бөрененің астында болмағаны жөн. Өйткені бөрене ұйқыдағы адамға энергетикалық қысым туғызады.

  • Төсек толық екі адамға арналуы тиіс. Ұйқыдағы адамға берік қорған болуы үшін төсектің маңдайшасы төртбұрышты болғаны абзал. Төсек астында қуат алмасу еркін жүруі үшін аяғы бар төсекті таңдаңыз. Кереуетті қабырғаға тақап қоймаңыз, екі жағы да ашық болсын. Әйтпесе қабырғаға жақын жатқан адам аз қуат алып, өмірде өзін басқара білуі қиындайды.
  • Жатын бөлмеге теледидар қоймаңыздар. Ол бөлмеде демалуға кедергі келтіретін артық энергия тудырады. Оған қоса теледидар ерлі-зайыптылардың бір-бірінен назарын аударып әкетеді.
  • Төсекке қабырғаның немесе жиһаздың бұрышы бағытталып тұрмағаны дұрыс. Сондай-ақ, ұйқыдағы жұбайлар өзін айнадан көрмеуі тиіс. Бұрыш бағытталып тұрса, одан кереует өзіне жағымсыз әсерді қабылдап тұрады. Ал, айнадағы көрініс некеде үшінші адамның пайда болуына түрткі болуы мүмкін.
  • Жұбайлардың кереуеті, не жұмыс үстелі бөлмеге кірген адамды бірден көретіндей жерде орналассын. Егер кереуеттің бас жағы мен жұмыс үстелі есік жақтағы қабырғаға бекітілсе, жұмыс жобалары ең аз энергия бөлетін аймақта қалады. Жиһаздар осы айтылғандай етіп орналасқан болса, есіктен басқа қабырғаға бұрып қойыңыз.

Газ плитасы мен ыдыс-аяқ жуатын шұңғыланың бір-бірінен арақашықтығы 20 см-ден кем болмауы тиіс. Егер екеуі тығыз орналасса, өрт пен су арасында қақтығыс пайда болып, үйде жиі және негізсіз дау-дамай туындайды. Тоңазытқыш пен ыдысжуғыш машина екеуін өзіңізге ыңғайлы етіп орналастыруға болады. Ең бастысы – газ плитасына қарсы орналаспағаны дұрыс. Олай орналасқан жағдайда екі элемент арасында қарама-қайшылық туындап, үйдегі қарым-қатынастың бұзылуына әкеледі.

Бөлмедегі картина. Тұрмысқа шықпаған қыздар өз жартысын жолықтыруы үшін сәлдегүлдің (пион) суретін жатын бөлмесінің оңтүстік-батыс жағына іліп қойса болады. Сонда сәтті тұрмысқа шығу мүмкіндігі арта түседі. Тұмысқа шыққаннан кейін сәлдегүлдің суретін басқа бөлмеге апарып ілу керек. Мысалы, романтикалық энергия отбасында қалсын деген ниетпен қонақ бөлмеге ілуге болады. Егер жатын бөлмеде тұрса, бір жұбы өзіне жаңа серік тауып алу қаупі бар.

Үйге кіретін табыс көзі клиенттер саны мен тапсырысқа байланысты болса, жұмыс үстеліңізді немесе кереуетіңізді 2019 жылдың қаңтар айына дейін үйдің оңтүстік-шығысына қарай орналастырсаңыз болады. Өйткені, биыл оңтүстік-шығыста үйге көлемді ақшаның енуіне әсер ететін Ұшатын Жұлдыз орналасады. Мұны міндетті түрде қолданған дұрыс.

Айна мен есік. Фэн-шуйдегі махаббатқа, ақшаға, отбасына әсер ететін ең маңызды тұстардың бірі – айнаның үйдің есігіне қарама-қарсы тұруы. Мұнда үйге кірген энергия айнаға шағылысып, қайтадан сыртқа шығып кетеді деген түсінік бар. Егер оны түзету мүмкін болмаса, айна мен есіктің арасына кедергі қою керек. Ол керме, айнаны жауып қоятын құрал немесе үлкен өсімдік болуы мүмкін.

Дәліз. Егер үйіңізде қиыры жоқ ұзын дәліз болса, оны әртүрлі екпін түсіре түсіре отырып, безендіріңіз. Мысалы, қабырғаға картиналарды шахмат тәрізді орналастырыңыз, еденді көлденең өрнектермен жабдықтап, гүлдер орналастырыңыз. Бұл бөлмедегі жылдам энергия ағынын тоқтату үшін қажет. Бұлай болмаса, ондағы тұрғындар іштей бейберекетсіздік пен алаңдаушылықты сезінеді.

Фэн-шуй ғылымында мұндай ескеретін жайттар өте көп. Ол аса терең және нақты ғылым. Егер осыларды ескерсеңіз, үйіңізде әрдайым жақсы атмосфера орын  алатынына сеніңіз.

Екатерина Мельникова: фен-шуй кеңесшісі

Тел: 8 777 551 21 91

@tvoj_fenshuj