ДенсаулықСаулық үшін

Ішек індеті

Бүгінде обырдың барлық түрі жасарып келеді. Соның ішінде ішек қатерлі ісігіне шалдығушылардың ішінде жастар да кездесуде. Соңғы жарты жылдықта орталыққа 16, 17, 20 жастағы 3 науқас келіп түскен. Бұл - өте ерте келген індет. Статистика бойынша, бұл дерт әлемде екінші орында тұр. Ал, Қазақстан тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдығу жағынан 5-7, тік ішектен 6-орында. Өлім-жітім жағынан 8-орында.

Еліміздегі онкологиялық ауруларға деген мемлекеттік қолдау жылдан жылға күшеюде. Скренингтік жүйе арқылы алғашқы сатысын анықтау жиіледі. Алғашқы сатысында анықтап, емдеуге дереу кіріскендіктен, өлім-жітімнің салдары біршама төмендеген. Оған дәлел – 2016 жылы бұл аурудан өлім-жітім жағынан 5 орында болса, 2017 жылы 7-8 орынға түскен.

 Ішек обыры дегеніміз не?

Ішек негізінен үлкен екі бөліктен тұрады: тоқ ішек және тік ішек.

Ішек обырында тоқ ішек қатерлі ісігі жиі кездеседі. Бұл дерт ғылымда колоректальды қатерлі ісік деп аталады. Ол ішектің шырышты қабатында немесе тік ішекте орналасатын қатерлі ісік. Бұл күрделі, кешенді емдеуді талап ететін қауіпті ауру. Ісік ішектің әр бөліктерінде орналасуына байланысты әртүрлі емделеді.

Қатерлі ісік көбінесе 60% тоқ ішекте, 40% тік ішекте орын алады. Бұл дертпен 50 жас пен 70 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Дерт 50 жасқа дейінгі аралықта да кездеседі. Дегенмен аса көп емес.

 Дерттің пайда болу себептері

Бұл дертке ең алдымен тамақтану себеп. Астың ішекте тұрып қалуы, нәжістің нашар түзілуінің әсері зор. Ағзаға канцерогендердің түсуінен де өршиді. Ішекте әртүрлі аурудың қозуынан да асқынуы мүмкін. Ең әуелі қатерсіз ісік пайда болып, уақыт өте келе қатерлі ісікке айналады. Оған қоса:

  • Тік ішектің ұзақ уақыт қабынуы және ауыруы;
  • Папилломовирусты инфекция және аналды төсек қатынасы (гомосексуалистердің тік ішек қатерлі ісігене ұшырау ықтималдылығы жоғары).

Тік ішек обыры тез дамымайды. Алдымен ісік ішектің айналасында төменге және жоғарыға қарай ұзақ өседі. Ісік тік ішекті толықтай қамтуы үшін 1,5-2 жыл қажет деп есептеледі. Кейін ісік ішек қабырғасына, өзегіне және жамбас сүйегіне, көрші ағзаларға өседі. Обыр тіндері қанмен және лимфамен бірге ағзаға тарап, жаңа ісік ошағы пайда болады.

Белгілері

Қатерлі ісіктің барлық түрінде адамда әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, көп салмақ тастау сияқты белгілер пайда болады. Ал, ішек қатерлі ісігіне тән белгілер: іштің ауырсынуы, іш қатып қалу, іштің кебуі, жиі желденуі. Әсіресе, іштің қатуы аяқ асты пайда болып, ол 1-2 айға созылса, осы дерттің белгісі болуы ғажап емес. Үлкен дәреттегі ауыру, үлкен дәретке шыққысы келген сияқты болу да соның бір белгісі. Ал, потологиялық белгілеріне: нәжіспен шырыш не қан бөлініп, жайсыздық тудыруы.

Дегенмен, бұл белгілердің болуы әрқашан обыр бар дегенді білдірмейді. Ұқсас белгілер геморрой, парапроктит немесе ішектің тітіркенуі секілді аурулардың себебінен болуы мүмкін.

Диагностикалық анықтау жолдары:

Ішекті тексеру әдісінің ең кең таралған түрі колоноскопия деп аталады. Бұл эндоскоп арқылы денеге еш ауырлық түсірмей жасалатын қауіпсіз әдіс. Онда жұмсақ түтік адамның  аналды тесігі арқылы тоқ ішекке енгізіледі. Ол ішекті толықтай, шегіне дейін көріп, онда ойық жара немесе полиптің бар жоғын анықтайды.

Колоноскопияға жібермес бұрын науқасқа бір күн бойы көп мөлшерде сусын, сорпа ішкізіледі. Заманауи ішекті тазартатын дәрілік өнімдер ішкізіп, бүкіл ішекті тазалап аламыз да, тексеруге кірісеміз.

Колоноскопиядан бөлек сигмоскопия және ректоскопия деп аталатын зерттеу әдістері бар.

Тік ішек обырымен проктолог-дәрігер айналысады. «Обыр болуы мүмкін» деген күдік болған жағдайда, бірінші кезекте саусақпен ұстап қарайды. Мұндай қарапайым әдіс аналды өтісте 15 см-ге дейінгі тереңдікте жатқан ісікті анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәрігер нәжіс сараптамасына жолдама береді. Диагнозды нақтылау үшін міндетті түрде ректоскопия жасайды.

 Аурудың анықталуы

Тәжірибем көрсеткендей, бізге 1 немесе 2 сатысында келетіндер өте аз. Адамдар көбінесе үшінші және төртінші сатысында келеді. Өйткені ол жылдар бойы еш белгі бермей, дами береді. Мұнда өте қатты ауырсыну болмайды. Ол тек соңғы сатысында ғана күшейеді. Бұл кезде адам ағзасы айтарлықтай зақымданып, бүкіл денеге әсер ете бастайды. Іш жүрмей, тырсиып қалса, жүйкеге әсер етіп, қатты  ауыру сезіледі.

Дерттің алғашқы және екінші сатысы көбінесе тексерістен кейін ғана анықталады. Елімізде қазір обыр ауруын анықтайтын скренинг бағдарламасы енгеннен бері ішек қатерлі ісігінің алғашқы сатысы жиі анықталуда.

Мәселен, үй жағдайында да бұл ауруды iFOBT тест және гемокульт-тест арқылы білуге болады. Гемокульт-тест кішкентай ішінде сұйықтығы бар контейнер мен тест-картасынан тұрады. Оны жүргізу үшін таза, құрғақ ыдысқа үлкен дәреттің кішкене бөлігін салып, қақпағын жауып, бірнеше рет сілкиді. Сосын тест-картаның арнайы терезесіне нәжіспен араласқан сұйықтықтан 3 тамшы ерітінді тамызады. Тест нәтижесі 3-10 минутта белгілі болады. Мұнда жүктілікке арналған тест сияқты, екі таяқша шықса күдікті, бір таяқша көрсетсе қауіп жоқ.  Екі таяқшаны көрсетсе, бірден қорқудың қажеті жоқ. Ол қатерлі ісіктен басқа да аурулардың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан тест нәтижесін суретке түсіріп алып, дәрігерге көрсетіп, тексерістен өту қажет. Гемокульт-тест бүгінде еліміздің дәріханаларында қолжетімді бағада сатылады. Бұл тестті ішекке қатысты қандайда да бір шағымы болған адам жасап көрсе болады.

Дертті емдеу

Тоқ ішек – түгелдей түтікшелі мүше. Егер қатерлі ісік сол түтікшенің ішінде пайда болып, адамға ешқандай белгі бермей дамыса, адамның іші аяқ астынан түйіліп ауыра бастайды. Бұл кезде шұғыл түрде ота жасау керек болады.

Бізге көбінесе ішек обыры алдын ала анықталған науқастар келеді. Егер қатерлі ісік тек ішекте болмай, маңындағы ағзаларға тарала бастаса, яғни, бауыр, жіңішке ішекке, бауырға жайылса – тек хурург емес, уролог, гинеколог сияқты мамандар да жұмылдырылады. Ал 3,4 сатысында метастаз таралса, химиотарапия жасалады. Яғни, ішек қатерлі ісігінің алғашқы емі ота жасау болса, екінші емі – химиотерапия. Метастаздар бауыр, өкпе, бас, мида болуы мүмкін. Кейде ол сүйекті де зақымдайды.

Тоқ ішек қатерлі ісігі адамды айтарлықтай мүгедектік күйге түсірмейді. Ота сәтті өтсе, ол адам біраз уақытта бұрынғы қалпына қайта келе алады.

Тік ішек обырын емдеудің негізгі әдісі – ісікті хирургиялық жолмен жою. Отаның түрін ісіктің көлемі мен орналасқан жеріне қарай дәрігер таңдайды.  Егер мүмкіндік болса, ісікпен бірге ішектің кішкентай бөлігі ғана алынып тасталады. Ол кейін қалпына келеді. Кейде өте қиын жағдайда колостома жасалады. Адамға ең жағымсыз тиетіні – осы әдіс.

Колостомия – үлкен дәрет тік ішек арқылы шығуы мүмкін болмаған жағдайда, ішектің сау бөлігі іштің алдыңғы жағына шығарылады. Стома қойылған науқастар өмірін және жұмыс түрін күрт өзгертуге, оқуды тоқтатуға мәжбүр болады. Стома науқастың психологиялық жағдайына әсер етеді. Ол уақытша немесе тұрақты болуы мүмкін.

Алғашқы сатысында дерттен 95% жазылуға  мүмкіндік бар. Тәжірибемде осы дерттен емделіп, 20 жылдан кейін ешбір белгісі қалмаған адамдар болды. Демек, медицина науқасқа жақсы көмек көрсете алса, науқас жазылып, бірнеше жыл өмір сүре алады. Бірақ тіркеуде тұрып, үнемі бақылауда жүреді. Алғашқы бір жылда төрт рет тексерістен өтіп тұрса, кейін жылына бір рет қана қаралып тұрады.

Әркім өзінің жергілікті жерінде тіркеліп, белгілі бір тексерістерден өте алады. Сау адамның да жылына бір рет өз аймағындағы онкоорталықтан тексерістен тегін өтіп тұруына мүмкіндігі бар. Бұл дерттің кез келген сатысына қарамастан, мемлекет тарапынан барлық қызмет түрі тегін көрсетіледі.

Қатерлі дерттің алдын алу

Ішек қатерлі ісігіне ең басты себеп тамақтану болғандықтан, ең алдымен дұрыс тамақтануды қолға алған дұрыс. Өсімдік, жеміс-жидек, көкөністерді жиі тұтынуға кеңес береміз. Олар іштің жүруін жеңілдетіп, ішекте кедергілердің болмауын қадағалайды.

Бүгінде бүкіл қоғамды өзіне әуес қылған фастуфуд, газдалған, бояғыш пен жасанды қант қосылған сусындардан барынша аулақ болған жөн. Олар адамның ішек, ас-қорыту жұмыстарына айтарлықтай зиянын тигізіп, қызметін қиындатады. Сондай-ақ, қуырылған тағамдарды, қызыл етті аз тұтынған жақсы. Қызыл ет ақ етке қарағанда ағзаға айтарлаықтай ауырлық түсіреді. Оған қоса, химиялық құрамы өзгертілген жасанды, транс майлар да қауіпті. Бұл майлар ұзақ уақыт бойы бұзылмай тұра беретін: поп корн, чипс, фри, бисквит, вафля, шоколад, кекс, тоңазытылған тағамдар, балмұздақ, дайын шұжықтар секілді т.б. азықтарда қолданылуда. Сонымен қатар, концерогендік  заттардан бойды аулақ салу керек.

Жиі гимнастикамен айналысу, үздіксіз қимыл-қозғалыста болу да маңызды. Фитнес және спортпен айналысу, суда жүзу – іштің жүруін, ішектің жұмысын жақсартады. Алкогольді сусындар, қор-қор шегуден барынша аулақ болған дұрыс.

Қызыл етті аз тұтынған жақсы. Әсіресе 50 жастан асқан адамдар ауыр, ішекке салмақ түсіретін тағамдардан бас тартқаны абзал.

Марат Анатолиұлы КҮЗЕКЕЕВ,  ҚазОРҒЗИ, абдоминалды онкология орталығының меңгерушісі, м.ғ.д., жоғары санатты онколог дәрігері