Бала тәрбиесі

Ішкиім ережесі: Балама қалай айтамын – 2

«Іш киім ережесін» 3 жастан (тіпті 2 жастан да деп жазады) бастап айтуға болады. «Түсінбейді» дерсіз. Біріншіден, сіз 3 жасар балаға көбейту кестесін үйреткелі жатқан жоқсыз. Киіндіріп жатқанда, «мынадай ереже бар (үйіңіздегі басқа ережелерді айтқан сияқты), мына іш киім жауып тұрған жерді ешкім тиіспесін, сен де ешкімнің ол жеріне тимеуің керек, біреу тисе маған айт» дейсіз. Болды. Бұл психолог ханымның сөзі. Кешегі мақаламызды одан әрі жалғастырамыз. Толығырақ төменде.

803Қаралымдар
Сая БАҚИМОВА, @bakymova_saya психолог

3 жасар бала бір айтқаннан қағып алмайды. Ютубта видеолар бар. Бірінші, сабақта бастауыш оқушыларына «көшеде бейтаныс адамнан ештеңе алмаңдар» деп айтқан. Кейін жасырын камерамен сол балаларға біреуді жіберіп ұсынған нәрсесін алып жатқанын түсірген. Баланың аты бала. Ол сіз айтқан нәрсені бірден 100 %-ға істемейді. Жалғыз жолы – жиі айту.Біз балаға ыстық зат қауіпті деп үйретеміз. Баланың күйгенін күтпейміз, қайта алдын аламыз. Бұл жерде де сондай.Одан кейінгі жыныстық сауаттылық жайлы айтудың ең дұрыс кезі – сұраған кезде айту.

Сізден келіп сұраса:

а) оған осы кезде қызық

ә) ол сізге сенеді. Темірді қызған кезде соқ!

Егер сіз сол сұрап келген кезінде «иттің ғана баласы, пәленшенің баласымен ойнап, бұзылдың, жаныңды шығарамын!» десеңіз ол сізге енді келе ме? Одан да көршінің балаларынан түрлі өтірікті миына құйып алады.Әлеуметтік желідегі парақшамдағы пікірлер арасында «Басқа балалардың жыныстық ойындарын көрдім де, (ондай ойын балаларда жиі болады, ойын – баланың әлемді зерттеу құралы, ал жыныстық қызығушылық – әлемінің бір бөлігі), сосын өз баламды ұрдым» деген пікір болды. Әрине, мамасы қорқып, сасып қалған болар. Балама жаман істейін демегені анық. Бірақ қалай ойлайсыз ол бала келесіде өзінің басына түскен жайды «мама, былай болды» деп жүгіріп айта қоя ма? Күмәнім бар.

Осы жерден екінші мәселе шығады.

Бала дайын емес деген жоқ. Тым болмай бара жатса, бала жыныстық мәселе жайлы әңгімеңізді тыңдамай жүгіріп кетіп қалады да, бірақ кезі келгенде «мама, сен сол кезде не дедің?» дейді. Көбіне ата-ана өзі дайын емес. Бала дүниеге келді ме, оның өміріне жауаптысыз ба, кешіріңіз, бірақ дайын болмасаңыз, дайындалуға тура келеді. Екеуіңіздің арасында үлкені – сіз, демек, сіз балаға қарағанда физикалық та, психикалық та күштісіз. Сіз интернеттен тез-тез ақпарат оқи аласыз, қаласаңыз өзіңіз үшін не қиындыө тудыратынын білуге психологқа бара қоясыз. Кітаптар оқисыз, сосын аспай-тұспай даусыңыз бұзылмай аспай-саспай сөйлесесіз. Мен қазір қалай айтсам (немесе айтпасам), ертең балам да біреуден көрген қысымын дәл солай айта алады (несеме айта алмайды) деп қабылдаймыз.

Шетелдік зерттеулер бойынша балаларға зорлық жасайтындар көбіне таныс адамдар екен.

Қазақстанда да жағдай шамалас деп ойлаймын.
Украин псиxологы, жасөспірімдерге жыныстық сауаттылық жайлы тренинг өткізетін Юлия Ярмоленко блогынан мына ақпаратты келтіргім келеді.
10-12 жасар балалар “зорлық жайлы ата-анаға неге айтпас едің” деген сұраққа былай жауап беріпті:

– Ұрсады.
⠀Онсыз да бірдеңе бүлдірсем ұрыс естимін, мұндай жағдайды айтсам үйдегілер “өлтіреді”.

– Ренжіткім келмейді, көңілін түсіргім келмейді, мамам жылайды.
⠀Ата-ана псиxологиялық тұрғыда естияр, сенімді болмаса, бала оны сезеді де, қиын жағдайда арқа сүйер адамым жоқ екен деп түсінеді. Сондықтан “бірдеңе болса, мамама да көмектесу керек болады, одан да күшімді үнемдеп, тек өзім қайғырайын” дейді.

– Өзің кінәлісің! деп айтады.
⠀Бала үйде “пәленше зорлық көрсе, үйіне ұры түссе өзі кінәлі! Секеңдеп жүрген да, телефонын артқы қалтасына сала салған” деген әңгімелерді естісе,әрине ертеңгікүні үлкендер өзін кінәлайды деп күтеді.

– Маған бәрібір сенбейді
⠀”Бала ойдан шығарған шығар?”. Мүмкін. Тіпті жақсы. Бірақ баланың жағында болыңыз. Кейін отырып талқылап, өтірік айтса, неге олай істегенін білуге болады. Бірақ бірінші кезекте сіз баланың адвокатысыз. Себебі келесіде сенбейді деп айтпай қалуы мүмкін.

– Аңдып үйден шығармай қояды.
⠀Өзіңіз қандай бала болып едіңіз? Тыйым салған нәрсені істегіңіз келетін еді ғой? Құр тиым салатын емес, әңгімелесе алатын ата-анаға бала көбірек шағым айтып келеді. Ал ол сенеді деген сөз.

– Біз мұндай тақырыпқа сөйлеспейміз!
⠀Әрине, сөйлеспесеңіз, бала сізге мұны айтуға болатынын қайдан біледі? Телеграм каналда балалармен қай жаста қандай тақырыптан бастап жыныстық сауаттылық жайлы айтуға болатынын салдым. Қарап шықсаңыз болады. Қатып қалған заң емес, өз отбасыңызға, өз ережелеріңізге икемдеп алуға болады. Жыныстық сауаттылық тек бала қалай пайда болатыны жайлы әңгіме емес. Сіздің әр нәрсені өз атымен айта білуіңіз, батылдық пен шынайылығыңыз баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

Дайындаған Балғын ӘДІЛБАЕВА