СұқбатСырласу қонағы

Юлия мен Ширин: Фотосессия – клиентпен әңгімелесуден басталады

Юлия мен Ширин – бес жылдан бері жеке брендін қалыптастырып, өз кәсібін сәтті дөңгелетіп отырған арулар. Бүгінде кретивті фотостудияның негізін қалаған Юлия мен Ширин түсірілім уақытын ұтымды өткізудің қыр-сырын ашып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Өз фотостудияңызды ашу туралы ой қайдан келді?

Бірде құрбым екеуіміз дүкен ашуға бел буып, кеңістік іздей бастадық. Содан аумағы 250 шаршы метрді құрайтын, терезелері үлкен бутикті таптық. Құрбым екеуіміз оған бір көргеннен ғашық болдық. Екеуіміз де шығармашылық жандармыз, сол себепті жөндеу жұмыстарын қалауымызша өзіміз жасадық. Бутиктің кіреберіс бөлігін дүкенге арнап, қалған аумағын фотостудияға айналдырдық.

О баста бутиктің ол бөлігіне өзіміз тігетін киімдерді суретке түсіріп жүргенбіз, кейіннен көршілеріміз де бізге келіп киімдерін суретке түсіруімізді сұрайтын болды. Уақыт өте келе өзімнің сурет түсіруге қызығушылығымның барын байқадым. Мен Мәскеу мен өзге де шет елдерде 15 жыл бойы модель болып жұмыс істедім. Сол себепті камера мен жарыққа жақындағанда не істеу керек екенін сезіп тұрдым. Ал құрбым мамандығы бойынша сахна костюмдерінің дизайнері. Алайда қазіргі уақытта стилист болып қызмет етуде.

Пандемияның салдарынан бүгінгі таңда киім тікпейміз. Тек фотостудиямыз жұмыс істеп тұр. Көпшілікке танылып келе жатырмыз. Фотостудиямызға жұлдыздар жиі келеді.

Фотостудияларыңыздың өзгелерден қандай айырмашылығы бар?

Фотостудия лофт стилінде жасалған. Яғни біз өзге студиялар секілді екпінді интерьерге қоймаймыз. Ондай жерлерде love story, отбасылық түсірілімдер жасауға болады. Ал біздің студиямыз киімдерді түсіруге бағытталған. Сондай-ақ блогерлер мен жұлдыздар сәнді фототүсірілім жасау үшін бізге жүгінеді.

Фотосессия қалай өтеді?

Фотосессия клиентпен әңгімелесуден басталады. Себебі клиент ақшаны тек бірнеше сағаттық фототүсірілім үшін ғана емес, сондай-ақ суреттерді өңдейтін фотографтың күні мен түні үшін төлейді. Фототүсірілімнің алдында барлығын егжей-тегжейлі анықтап, нақтылап алу керек. Кейде оған да бірнеше сағат кетеді. Біреулер жеке фототүсірілім ұйымдастырады. Оған арнайы образ дайындау қажет. Кейде арнайы клиент үшін киім тігу керек болатын жағдайлар да бар. Ол кезде іске стилист келіп қосылады. Содан соң түсірілім уақыты мен күні таңдалады.

Фотостудияны тиімді пайдалану үшін қандай кеңес берер едіңіз?

Фотосессия болмай тұрып локациялар бойынша біз жіберетін видеоны алдын ала қарап алған жөн. Нақты бір идеяны ұстанудың қажеті жоқ. Себебі бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Түсірілім алаңына келіп, бірден бастап кеткен дұрыс. Бұл орайда фотографтың рөлі зор. Кейде түсірілім кезінде фотограф аса көрікті емес дүниені суретке түсіріп жатқандай көрінеді. Алайда кадрға қарағанда оның шын мәнінде керемет болып шыққанын байқаймын.

Фотосессияны қанша уақытқа тапсырыс беру керек екенін қалай анықтауға болады?

Фототүсірілім уақыты клиентке байланысты анықталады. Мәселен, ол үш образ болғанын қаласа, мен ол үшін бір сағаттың жеткілікті екенін айтамын. Әрине бұл орайда түсірілім идеясы да зор рөл атқарады.

Фотосессияға не алып барған дұрыс?

Түсірілім кезінде киімге аса назар аударған жөн. Киімде артық суреттердің, жазулардың болмағаны абзал. Өзіңізбен бірге міндетті түрде туфли алып жүрген дұрыс. Алайда ол болмаған жағдайда біз өзіміз ұсынамыз. Егер кроссовки кисеңіз, оның бір түсті болғанын қадағалаңыз.