СұқбатСыр-сұқбат

Жадыра АСАУОВА: Коучинг – өмірімді өзгертті

«Өзінің ішкі сарайына көз жүгірте білетін әр адам – дайын психология курсынан өтеді», – дейді білгірлер. Бірақ сол жан сарайына жол салып беретін адамның болуы да заңды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз көпшіліктің дұрыс жол тауып, жан тыныштығын табуына көмектесіп жүрген танымал коуч – Жадыра Асауова.

С: Жадыра, Ақтөбеден Алматыға бір күнде жиналып, жалғыз өзіңіз келген екенсіз. Осы бір сәтке шегініс жасайықшы, алып қалаға келуге кім себепкер болды және қандай Жадыраны қалыптастыру үшін келген едіңіз?

Ж.А: Иә, бөтен қалаға өзім келдім, бірақ келуіме Салтанат деген құрбымның әсері бар. Салтанат ол кезде тұрмысқа шыққан, Алматыда тұратын. Бірде Ақтөбеге келіп, екеуміз кездестік. Сол кезде «Жадыра, Алматыға жүр! Сен ол жақта жұмыс табасың, Алматыда өмір сүру керемет», – деді. Маған ол аздап қорқынышты болды. Өйткені менің ата-анам, әсіресе әкем, өте қатал жандар. Олар ешқайда жібермейді деп ойладым.

Бірақ Алматыға келдім, негізгі мақсатым – мансабымды қалыстастыру болды. Келген күні-ақ түйіндемемді барлық компанияларға жібердім. Сол аптаның ішінде мені бір компания бөлім басшысы ретінде жұмысқа шақырды.

С: Ал, психологияға деген қызығушылық қай кезде пайда болды?

Ж.А: Соңғы бір жарым жылда осыған түбегейлі ден қойдым. Әрине, оған дейін де бұл салаға қызығып, оқып жүретінмін. Өзім қызметкерлерді басқару саласында сегіз жылға жуық қызмет еттім.

С: Әдетте адамдардың психологияға ден қоюына депрессия секілді түрлі жайттар себеп болып жатады. Сізге не әсер етті?

Ж.А: Менде депрессия болды деп айта алмаймын. Бірінші декреттік демалыстан кейін жұмысқа қайта бардым, ал екінші рет шыққан кезде қайта оралуға мүмкіндік болмады. Себебі жолдасым жұмысымен басқа қалаға ауысқан еді. Сосын төрт жылдан кейін Астанаға қайта келдік. Одан кейін жұмыс істегім келіп, бұрынғы жұмысыма барсам орын жоқ. Сосын сұлулық салонын ашып, бір жылға жуық айналыстым. Бірақ ол менікі емес екенін түсіндім.

Содан бірде бұрынғы әріптесім коучингке байланысты кездесуге шақырды. Негізі оған дейін де өзіме «мен дамимын» деген мақсаттар қойып жүр едім. Бұл мүмкіндік болғандай. Негізі менің жолдасым жұмыс істеуіме қарсы еді, бірақ коучинг туралы айтқан кезімде қолдау білдіріп, оқуға жіберді. Сегіз ай білім алдым, осы уақыт аралығында өзім де түбегейлі трансформацияға түсіп, басқа адамға айналдым. Талғам мен көзқарастарым өзгерді.

Демек адам кез келген уақытта өзгере алады ғой?

Ж.А:  Әлбетте! Өзгере алады! Кейбіреулер «біздікі орындалмайды», «ол тағдыр» деген сияқты сөздермен өздерін тежейді. Негізі барлық арман, мақсат орындалады! Тек ол үшін әрекет ету керек. Қазіргі таңда менде бәрі бар деп айта аламын. Өзімнің алдымдағы қысқа уақытқа қойған мақсаттардың барлығын орындадым, ұзақ уақытқа құрылған мақсаттарым енді орындалып келеді. Көпшілік қауым «алма піс, аузыма түс» деп армандайды. Ал мен барлығы үшін әрекет еттім.

Жалпы бұл сала енді дамып келеді. Психолог, коучтардың көбеюі біздің қыз келіншектерге қандай пайда береді?

Ж.А: Пайдасы өте зор. Қазір коучинге мемлекеттік қызметкердерді де оқытып жатырмыз. Мен осыны барлығы оқыса, білсе деймін. Өйткені өзім осыдан кейін басқа адамға айналдым. Бұрынғы кездерімді есіме алсам ұяламын. Кейбір жұлдыздарды көргенде жүрегім ауырады, оларға да коучинг керек дер едім. Әр адамның өз психологы, коучы, менторы болуы керек.

Қазір өзіңіз жеке кеңес беріп жүрсіз. Сізге кімдер жиі келеді және қандай мәселемен?

Ж.А: Маған кез келген жастағы адамдар келе береді, бірақ басым көпшілігі 25-45 жас аралығы. Десе де, мен 50 не 20 жастағы адам келсе де бетін қайтармаймын. Жалпы сессияларым Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, бірақ Көкшетау, Петропавл, Шымкент сияқты қалаларға жиі шақырып жүр. Маған келетін адамдардың мәселелері әртүрлі. Көбінде өз миссиясына байланысты, мысалы университет, магистратураны бітіріп ол мамандық бойынша қызмет еткісі келмейтіндер көп. Оларды көріп, кеткен уақытты аяйсың. Бизнес бойынша да келетіндер бар, біреулер бизнесте он жыл жүрсе де стратегиялар мен қандай қадам жасау керектігін білмейді. Одан кейін отбасылық, қарым-қатынасқа байланысты да мәселемен келеді.

Негізі сессиядан кейін барлық адам өз сұрағына жауап алып кетеді. Сұрақтарына байланысты сессия бірнеше сатыдан тұрады. Олар алғашқы кездесуде-ақ нәтижені көріп, ризашылықтарын білдіреді. Меніңше барлық адамның кеңесшісі болғаны дұрыс. Өзім де қандай да бір сұрағым болса әріптестеріме барамын.

 

Өзіңіздің отбасыңыз туралы да айта кетсек…

Ж.А: Екі балам бар, отбасым туралы желіге көп сала бермеймін. Өйткені жолдасым ұнатпайды…

Сұхбат соңында психолог-коуч ретінде жетістікке жетудің үш құпиясын атаңызшы.

Ж.А: Ең бірінші адам бойында сенімділік болуы керек, одан кейін әр адамның менторы болуы керек дер едім. Содан соң, міндетті түрде әрекет керек!

Сұхбатыңызхға көп рақмет. Мақсаттарға жете беруіңізге тілектестік білдіреміз!