СұқбатСырласу қонағы

Жайна Сламбек: «Мықты» екеніме күмәнім болмайтын

Астарлы сөйлеп, ақиқатын айтудан танбайдың қазақ қызы эфирден қайта жарқ етті. Ол қоғамдағы сан құпияның астарын ашып, мемлекеттік мәселелерді «Біздің уақытта» ортаға салып жүрген өз ісінің шебері.

С: Сіздің даусыңызға елең етпейтін көрермен аз шығар. Алайда, мына «жұлдыздар» қаптаған заманда сізді танымайтын жастар да бар екен. Сол үшін туып-өскен жеріңіз, өмір жолыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.

Мен Сыр бойы, дәлірегі – Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылында дүниеге келгенмін. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не оқуға түскен жылы еліміздің әр түкпірінен жиналған курстастар туған жері жайлы: «Шіркін, асқар-асқар тауларға не жетсін!» десе, енді бірі көкорай шалғын ауылына тамсанып, қызғалдақ теріп өскендерін мақтанышпен әңгімелейтін. Ал мен «жер жәннаты» Қуаңдария екеніне еш күмәнданбаймын. Шөл даланың сұлулығын түсінген адам табиғатты бар бояуымен қабылдап, жалпы сұлулықты бағалай алатын адам. Менің тележурналистік қызметіме 22 жыл. Университетті аяқтаған соң, бірден өзім таңдаған – телевизия саласына «сүңгідім» де кеттім. 5-курстың соңғы семестрінде ашылғанына бірнеше ай болған «Хабар» агенттігінде тәжірибеден өттім. Соңында басшысы Дариға Назарбаева «арнамызға жұмысқа қабылдаймыз» деген анықтамаға қол қойып берді. Бірнеше студенттің арасынан таңдап алған соң мен әрине, марқайып қалдым. Бірақ «бақыттан басым айналды» дей алмаймын, себебі өзімнің «мықты» екеніме күмәнім болмайтын адам едім. Ол жастық, максимализм уақыты ғой. Дегенмен өзіңді құрметтеу, бағалау керек қасиет.

Осы жылдарда бірнеше деректі фильм түсірдім. Мен үшін негізгі сала – ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар. Сол салада жұмыс істеу журналист болуды армандаған адамды қанағаттандырып ғана қоймайды, тіпті ләззат сыйлайды. Егер «босағада» тұрып қалмасаң, онда сенің құның бар.

С: Биыл құрылғанына 60 жыл толып отырған Қазақ телевизиясының қазанына түскеннен бері қандай қызыққа, қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Әрине, 22 жыл қызығы да, шыжығы да жететін уақыт. Осы уақытқа дейін көп адамға көмегім тиді. Оларға есеп беру үшін көмектескен жоқпын. Тек бір мәселеге тоқталғым келеді. «Заң алдында адамдардың бәрі бірдей, мамандарды білімі мен білігіне қарай бағалайтын мемлекет жылдам орнауы мүмкін» деп ойлайтын аңғал едім. Жемқорлықтың ауқымын түсінбеппін. Дегенмен, уайым «мұхитына» батып кетпеуге ықпалдасатын факторлар бар. Ең маңыздысы – «адамша» өмір сүруге әркімнің қақы барын түйсіну шкаласы қоғамда өсіп келеді. Маған солай сияқты көрінеді. Жалпы, журналистің негізгі міндеті – ақпарат тарату. Бірақ біздің қоғамда журналистер ағартушы да болуы керек. Мәселелер мен оқиғалардың, құбылыстар мен процестердің астарын ашып, себебін түсіндіріп, дамыған мемлекеттердің неге көштің басында екенін «салыстырмалы кестелер» арқылы ұқтыратын сарапшы болғаны дұрыс.

С: Эфирде ештеңеден тайсалмай сөйлейсіз. Мұндай қайсар мінездің әйел қауымына зиянды әсері де кездеспей ме?

Мінез – болмыс қой. Қан мен жан. Ми мен жүрек. «Бүгіп қалу» мен «бұғып қалу» әркімде бар. Бірақ солай істесе ұйықтай алмайтын адамдар оны екінші рет қайталамауға барынша тырысады. «Әйел затына керек емес» деп күлбелтегім жоқ. Адам солай жаратылса, қанша жерден «таяқ жесе» де, өзгере алмайды. Қиын. Әрине, сабыр уақыты жеткенде өкінуі мүмкін. Онда да жұмысқа емес, жеке өмірінің кейбір сәттеріне.

С: Фотограф ерекше көріністі және мүлдем қайталанбауы мүмкін құбылысты ұстап қала алса, ол оның шеберлігін танытады екен. Ал нағыз журналист өзін осылай бір іспен таныта ала ма?

– Комментарийді қажет етпейтін керемет фотоларды ерекше ықыласпен қарайтын жанның бірімін. Дегенмен, сөз – құдірет! Бір ғана материал арқылы мықты журналист екенініңді дәлелдеу өте қиын. Бірақ мүмкін нәрсе. Мамандығын сүйетін және іштегі «оты» сөніп қалмаған адам ылғи да қызық. Әрекеті ерекше.

С: Кедергілерге қаншалықты жиі жолығасыз? Кездескен жағдайда оларды қалай еңсересіз?

Кедергі – тіршіліктің айнымас бір бөлігі және жылжытушы күш. Анам математика пәнінен сабақ берді. Ол жәй сабақ берген жоқ, мықты мұғалім болды. Менде де математикалық ойлау жүйесі бар сияқты. Бірақ эмоция да жетеді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап…» – бұдан артық айтпаспын.

С: Қанша жыл өтсе де, әркімде кездесе бермейтін кербездігіңіз бар, даусыңыз еш өзгермеген. Құпиясы неде?

Дауыс та, мінез де «қолдан» жонылмаған соң шығар. Тиісінше, құпиясы жоқ. Бет-әлпетіме келсек, жасыма сай өзгерістер бар. Әсіресе көздерден байқалады. Уақыттың жылдамдығына бас шайқайсың. Алайда 25-тегі кезімдей көрінгім келмейді. Ол бірінші кезекте өзіңді өзің да алдау ғой. Жалпы, дене шынықтырып, күнделікті қолданатын кремдерді пайдаланамын. Контрасты душ қабылдаймын. Басқа тәсілім жоқ.

С: Достарыңыз көп пе? Қаншалықты шынайы?

Меніңше, достың көп болуы мүмкін емес. Болмысымды бар «иірімімен» түсінетін құрбыларым бар. Ал ең жақын досым Қазақ радиосының журналисі Альмира Тілеуханқызы.

С: Сұхбаттарда бала тәрбиесіне толықтай үш жылымды арнадым депсіз. Ана атанар алдында дайындық жасадыңыз ба?

Дайындалдым. Нәрестенің жатырда қалай дамитыны туралы ғылыми фильмдер қарадым. Балаға әсер ететін факторлар туралы мақалалар оқыдым. Көп жаяу жүрдім. Арнайы жаттығулар жасадым. Ең бастысы, миымды «қоқыстан» тазартып, барынша жағымды оймен өмір сүруге тырыстым.

С: Сіз үшін бақыттың кілті неде?

Бақыттың кілті дейсіз бе? Сөзбен жеткізіп бере алмайтын, жүректі елжіретіп, көзге жас үйірілетін сәттерді айтып отырсаңыз, бәрі де баламмен байланысты. Алтайды 36 жасымда көруімнің өзі Жаратушының «мамандығынан да әбден ләззат алсын» дегені сияқты. Жо-жоқ, мамандығымды әлі де жақсы көремін. Тек Алтайдан кейін. Дауыс ырғағынан ызғар байқаса, «сыйлап, құрметпен айт» дейтін ол, Адам құрметтелетін қоғамның мүшесі болады деп үміттенемін. Бала адамның меншігі емес. Оған барынша сабырмен, барынша құрметпен және бар махаббатпен қарасаңыз, «бүгежек біреу» болмайды.

С: Сізді мақсатына қол жеткізген адам деп айта аламыз ба? Айта алсақ, мақсатқа жету жолында қандайда бір қағиданы ұстанып немесе айла-тәсілдерді қолданасыз ба?

Қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырған кезінде болашақ курстасым «мына сұрақтың жауабын айтып жіберші», – деп тықақтап қоймағасын жауап бергенмін. Емтихан алушы ағай: «Әй қыз, көп білесің бе, шық бері!», – деп, белгіленген уақытқа жеткізбей алдарына шақырып алды. Оқуға түспей қалу туралы титімдей күдік болмағаны білімге сену ғана емес, «біліп тұрсам неге құлатады?» деп, әділдіктің «құламайтынына» сену ғой. Мен үшін жеке танымаса да, бір азаматтардың қызына, немересіне менің құрметіме «Жайна» деп есім беруінен артық марапат жоқ. Кейбірі арнайы хат жазып, хабарлайды. Мысалы, жақында Таразда тұратын Жайнаға балаларға арналған энциклопедия мен қуыршақ жібердім. Ал мұндай қуанышты сәттерге жетуіме «себепкер» әкем Сламбек пен анам Раушан, солар берген қан мен жан, солар жабдықтаған бір бөлме кітапхана, тыңдағанда құйқам шымырлайтын Сыр сүлейлерінің термесі, шөл даламның табанды күйдіретін құмы, сексеуіл отына піскен таба нан мен жусаннан нәр алған түйенің шұбаты және 3-сыныптан армандаған журналист мамандығы. Бірақ оқитын дүние әлі де көп…

Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Гүлназия Әбуова