Жан әлеміӨкініш

 Жақынын жоғалтқанның дерті қайтпас…

Дәрігер қайғылы хабарды жеткізгенде – бүкіл өмірім көз алдымнан өте шықты. Тынысым тарылып, бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. ..Анамнан айрылып қалдым! Жоқ! Бұлай болуы мүмкін емес! Бұл түсім шығар!...

331Қаралымдар

…Анашымның қазасынан кейін бір жылдай ауыр халде жаттым. Дүниеден озғанына бір жыл болды дегенде, әкемнің обырға шалдыққанын білдік. Бір жылдан кейін жан құрбымның өкпе обырынан қайтқанын естідім. Ол менен бір жасқа үлкен болатын. Артында тоғыз жасар қызы еңіреп қалған еді. Міне, үш ай бұрын әкем де дүниеден озды. Әкемнен кейінгі халім тіпті мүшкіл еді. Жан жарам одан ары ушыға түсті. Иә, туысқандарым, достарым барынша қолдау көрсетіп, демеу бола білді. Дегенмен, кейде мұның өзі жеткіліксіз. Сүйікті адамыңды жер қойнауына тапсырғаннан кейін, өмір мүлде қиындап кетеді екен. «Себебі, жан-дүниеге түскен сызат емін таппай, үш жылға не одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін», -дейді ғалымдар.

Жан күйзелісінің белгілері

Өмірімнің қиын-қыстау кездеріне төтеп бере алмай, күйзеліске түстім. Төсек тартып, жатып қалған күндерім де болды. Өмір сүргім келмеді… Анам жоқта өмірдің рахатын қалай көрмекпін?! Ол болмаса, мен қалай ғана күлімдеп жүремін? Бір білгенім – өткен өмірім қайта айналып келмейді. Осының барлығын бастан кешіргеннен кейін бір нәрсені анық түсіндім. Егер адам жақынының қазасынан кейін 3 айдың ішінде өз-өзіне келмесе, міндетті түрде маманның көмегіне жүгінгені абзал. Әдетте, туыстарымыз бізді «уақыт емші» деп қана жұбатады. Ал кейбіреулері мүлде үнсіз қалады. Себебі, олар мұндай жағдайда не айтарын білмейді. Бізге қайғыны жеңуді ешкім үйретпеген. Бір өкініштісі –  елімізде Америкадағыдай адамдарды қолдау ұйымдары жоқ. Қайғымызды ешкіммен бөлісе алмаймыз.

Адам ағзасының күйзеліске түсуінің көрсеткіші

  • Әлсіздік, күштің сарқылуы.
  • Тәбеттің жоғалуы.
  • Ұйқысыздық, не керісінше, ұйқышылдық.
  • Ауыз қуысының құрғақтығы.
  • Дененің ауырсынуы.
  • Жеке бас тазалығына неқұрайлы қарау.
  • Марқұмды ойлап, қиялға бату.
  • Ол қайта оралады деген сенімде жүру.
  • Ашушаңдық.
  • Әдеттегі шаруаларды атқара алмаушылық.

Психолог кеңесі:

Қайғыны жеңіп, өзіміздің қаз қалпымызға қалай келеміз?

  • Күйзелісті мойында. Адам ең алдымен күйзелісті бастан кешіргенін түсінуі керек. Жақынымыздан айырылғанда терең әрі созылмалы күйзеліске ұшыраймыз. Сондықтан өз-өзімізді күтіп, одан шығудың жолдарын іздеуіміз қажет. Қайғы – жазылатын дерт емес. Дәрі қабылдап, қашан өз-өзіме келемін деп, қол қусырып отыруға болмайды. Ұзақ уақыт бойы қайғы жұтып, бір күні барлығы өздігінен аяқталады деп күткен дұрыс емес.
  • Өмір заңын қабылда. Өмірге келу бар да, кету бар. Бірақ, жақынын жоғалтқанның жан-дүниесінде аласапыран болып жатыр. Ол өзі құрметтеген, қымбат жанынан айырылды. Сол адаммен бірге оның махаббаты мен қамқорлығын жоғалтты. Десе де, бұл – өмірдің заңы екенін ұғыныңыз.
  • Қиналысыңызды жасырмаңыз. Қайғылы хабарды естігенде әр адам әртүрлі сезімде болуы мүмкін. Бірі жүрегі қан жылап тұрса да, салқынқандылық көрсетеді. Ал, екіншісі жерді соқпақтап, көз жасын тия алмай, құса болады. Соңында екеуі де өз әрекеттері үшін өкініп, өздерін кінәлай бастайды. Адам бұл жағдайда өзін қалай ұстаса да қиналатыны сөзсіз. Өзіміздің қаншалықты әлсіз екенімізді сыртқа білдірмеу үшін «менде барлығы дұрыс» деп ақталамыз. Әрине, бұл жалған! Біз, ең бірінші өзімізді алдаймыз. Сол үшін күллі әлемге ашулансақ та сезімімізді жасырмағанымыз жөн.
  • Өз өзіңізге көмектесіңіз. Бұл бұрыңғы қалыпқа қайта келу үшін өте маңызды. Әдетте бұл күйге түспес үшін теледидар көріп, құрбыларымызбен тілдесіп, өз-өзімізді алдаусыратамыз. Қайғы жұтқан адамның жаны жаралы. Денесі тітіркеніп, тамағына тас тірелгендей күйде жүреді. Мұндай сәтте ол ауыртпалықтан қашпай, керісінше, оны жан-дүниесімен сезінуі қажет. Ауырсынған жерін қолымен басып, 1-2 минут терең демалып жатуы керек. Осылай бірнеше рет қайталаса, көп ұзамай жеңілдеп қалғанын сезеді. Ішіндегі барлық ашу мен ызаны сыртқа шығарып алғаны жөн. Осыдан кейін адамның едәуір жеңілдеп қалатыны сөзсіз.
  • Ұйқының дұрыстығын қадағау маңызды. Әкем дүниеден озғанда 1,5 ай ұйқы дегеннің не екенін ұмыттым. Көзімді жұмсам болғаны, әкемнің соңғы қиналғаны елестейтін. Бір апта бойы тау жалбызының 20 тамшысын ішіп жүрдім. Дегенмен, қайғыға толық беріліп, құсалығымды мойындағанымнан кейін көзім іліне бастады.
  • Көмек сұраудан қашпаңыз. Әдетте достарымыз «көмек керек болса хабарлас» дейді. Дегенмен, адам қиналып, жақынының көмегіне шынайы мұқтаж болғанда, қоңырау шалып, хабарласуды мүлде ойламайды. Осыдан кейін жалғыздық сезімі пайда болады. Мұның алдын алу үшін досымызға «қиналған сәтімде саған хабарласамын» деп ескерткен дұрыс. Кей достар өздері күйзелісте жүргендіктен бізге көмек қолын соза алмауы мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда ешкімге ренжудің қажеті жоқ.
  • Тек өзіңіздің күш-жігеріңізге сеніңіз. Кей кездерде өзгелер қайғымызға ортақтаса алмайтындай көрінеді. «Олар жақынынан айырылмаған соң, мені қайдан түсінсін? Әрине, оларға айту оңай» дейміз. Тіпті бізді іздемей, хабарсыз кеткендей де көрінеді. Ең бастысы, өзгелерден көмек күтпеген жөн, себебі, сіздің қайғыңыз тек сізге тиесілі. Өзгелердің жанашырлықпен қарағаны – біздің жағдайымызға енді дегені емес. Адам тек өзінің күш-жігерімен бұрынғы қалпына қайта келуі керек.
  • Құшақтасыңыз немесе массажға жүгініңіз. Кейде көңілімізді біреу аулап, құшағына басса екен деп тұрамыз. Қайғыдан құса болып, ары қарай өмір сүруге дәрменіміз қалмағанда – жақындарымыздың жанымызда болғаны абзал. Егер ондай жандар болмаса, массажға жазылған жөн.
  • Жұмысыңыздан қол үзбеңіз. Егер адамның тұрақты жұмысы болса, көп ұзамай өз қызметіне кіріскені абзал. Әріптестерімен сөйлесіп, жақын күндері дәл бұрыңғыдай белсенді жұмыс істей алмайтынын, бірақ міндетті түрде қалпына келетінін жеткізгені жөн.
  • Айтылмаған сырды ақтарыңыз. Мен анаммен қайта тілдесе алмаймын деген ой жанымды жегідей жеді. Бұрын анашым  «Ау, балам» деп тіл қататын. Бірақ бұл бақытты күндер енді ешқашан қайтып оралмайды. Анама көп нәрсені айта алмадым. Одан барлық жасаған істерім үшін кешірім сұрағым келді. Жақынымыздан айырылғаннан кейін ғана, біз айтып үлгермеген сөздеріміз, жасамаған игі істеріміз үшін өкініп жатамыз. Бір күні ішімдегі сезімді сыртқа шығармақ болып, анамды көз алдыма елестете бастадым. Екі үстелді бір-біріне қарама қарсы қойып, біреуіне өзім отырдым. Ал екіншісінде анам отыр деп елестете бастадым. Анашыма сырымды ақтара бастадым. Осыдан кейін айтарлықтай жеңілдеп қалдым.  Шерімді тарқатып, қолымдағы жастықтың үстіне еңіреп, жылап сала бердім. Қайғы жұтқан әрбір адам осылай істеп көруі керек деп ойлаймын. Мұндай сәттерде көз-жасқа еріп беріп, дауыс көтеріп, айқайлап алған дұрыс. Адам қайғы жеп, ауыртпалықты сезінгеннен кейін ғана сауыға алады.
  • Жақыныңызды екі дүниенің ортасында сенделтпеңіз. Анамның қайда кеткенін түсінбей жүрдім. «Ол дәл қазір қайда жүр?», «Оның жағдайы қалай?» деген ойлар жаныма маза бермеді. Күндердің күнінде бір әйел: «Анаңмен қоштасуың керек. Оны Жаратқанға жібер», – деді. Таңертең мешітке барып, анашымның Жаратқанға кетіп бара жатқанын елестеттім. Алладан оны қорғап, көмектесіп жүруін өтіндім. Ол осы өмірде көрмей кеткен қызығын арғы дүниеде көрсін деп тіледім. Маған жасаған бар жақсылығы үшін алғыс білдіріп, оны жіберетінімді айттым. Мен анамды ешқашан ұмытпаймын. Бір кезде мен өзімді оның орнына қойып көрдім. Анам менің бұлай қан жұтып, қиналғанымды қаламас еді…

Уақыт өте келе біздің жүрегіміздегі жара жазыла бастайды.  Өмірден кеткен жақындарымызды есімізге алғанда – жанымыз бұрыңғыдай сыздамайды. Бұл – біз оларды жақсы көрмейді, ұмыта бастады деген сөз емес. Сүйікті адамдарымызды ешқашан ұмытпасымыз анық. Олар мәңгі біздің жүрегіміздің түкпірінен орын алған. Біреу бұл фәнидің есігін ашса – қуанамыз. Алайда, біз, оның күндердің күнінде қайта кететінін ойлай бермейміз. Тіпті, бұл дүниеден қалай және қашан өтетінін де білмейміз. Адам жақынын жоғалтқанда өзіне кінә тақпауы қажет. Болған іске ешкім кінәлі емес.

Өзіңізді күтіңіз!