Жан әлеміӨкініш

ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫМ

Ауыл шетіндегі ұзын жолға қарап, күні бойы әрлі берлі жүретін Асылбай қария өткен кеткеннен бүгін қай күн, демалыс емес пе деп, жиі сұрайды. Таяғына сүйеніп тұрып, шетсіз шексіз далаға қарап, о дүние-ай деп, ауыр күрсінеді.

Кеше ғана «кімсің – Асылбаймын» деп кеудесін жоғары ұстап бір әулеттің бас көтерер азаматы Асылбайы еді, өмірдің біраз қызығы мен қиындығын да қатар көрді. Сонау бір жылдары әке – шешесімен бірге асу да асу бел асып, Қытайға да шұбырып өтіп кетпеді ме? Иә бәрін қазір еске алып керегі не? ең бастысы кәрілік келгенде қаладағы жалғыз тұяғының хабарсыз қалғанына қапаланып бір келіп қалады ма деп жолына қарап жүргеніне көп болды. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, алдымда төрімнен көрім жақын, қу жалғыз бен немеремді көкірегіме басып тұрып, бір көрсем деп армандайды. ей балам, әкеңнің көңіл күйін сезіп, бір келіп кетсең болар еді деп Асылбай қарттың кейде балаша солқылдап жылайтыны да бар.

Жыламай қайтсін, сонау алпысыншы жылдары Қытайдан зорға елге жеткенде бәйбішесі қайтыс болды, оң солын танымаған ұлы екеуі ғана үйде сопиып қалды. Содан ағайын туыс көрші қолаң көрші ауылдағы жесір әйел Жәмилаға қолқа салып, шаңырағына кіргізіп берді. ой, Жәмила пысық қой, үй шаруасын дөңгелетіп, шаңырағымен дәулетінің иесі болып шыға келді, екі қыз туып берді. Сырттай қараған адамға бәрі де дұрыс сияқты. Бірақ, Асылбайдың аузын ашып сүйгені, көзін ашып көргені тұңғыш ұлы Санаты жырақтай берді. Өгей шеше өгейлік танытпай тұрмады. не керек, жалғыз ұлы қалаға оқуға кетті. Сол жақта отау құрды. Бір орыс кемпірдің пәтерін жалдап жүріп балалы болды, бірде бар жиған тергенін алып ұлына қаладан үй әпермек болып еді, кемпірі мен қыздары өре түрегелді, не керек жылдар бойы жиған ақшасы бір күннің ішінде құнсызданып кетпеді ме? Жалғыз ұл анда-санда болса да ат ізін салып тұрушы еді. Бірақ, іздеп келген әке шаңырағынан жылы қабақ, мейірімділік көрмеген соң, соңғы уақыт хабарсыз қалды. е, қарттық деген де төртке бөлінеді дейді ғой, біріншісі шал, екіншісі қария, үшіншісі ақсақал, төртіншісі абыз дейді. Асылбай ақсақал домбырасын қолына алып, ауыл аймағына қос ішектен күмбірлете күй төгіп, түрлі аңыз қиссаларды, терме жырларды айтып отырған ортасын думанға бөлейтін.

Қанша көңілді отырса да көкірегіндегі жалғыз ұлға деген сағыныш жанын сыздатып, сырын адам баласына айта алмай қалаға жете алмай әжімді жүзін мұң басатын. Көкірегі зерек қария бүгін де ақсақал атанды. Өмірдің ащы тұщысын татып, өткен өміріне шүкіршілік дейді. Алладан бұйрық келсе, бәріне дайын. Тек жалғыз ұлымды бір көрсем деген тілегі арманы бар. Әкенің күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүдеп жүрген көңілінің әсері ме қаладағы жалғыз ұлы Санат та соңғы уақыт әкесін жиі түсінде көріп мазасызданып жүр еді.

Бір күні колледжде оқитын жалғыз ұлы Айбат сенбі күні сабақтан ертерек келіп «көке, қолыңыз бос болса ауылға атама барып қайтайық» дегенде қуанып кетті. Күндіз түнгі тілегі қабыл болып жаратқанға мың алғыс айтқан Асылбай қарт жалғыз ұлы мен немересін жолға шығарып салып келіп, төсегіне қисайып жатып, мәңгілікке көз жұмып еді. Қалаға жақындай бергенде жүрегі әлде нені сезді ме сабырсызданған Санат жалғыз ұлы Айбатты құшағына алып жалғыз ұлым менің әкемнің ұрпағы, сен аман болшы деп маңдайынан сүйді. мына бес күндік тіршілікте әке мен баланың татулығына, ағайын туғанның силастығына жетер не бар дейсің. Санат көптен көрмеген әкесіне деген сағынышының басылмағанын енді сезгендей өзегін өксік қарып: жалғыз ұлын бауырына басып, жалғыз ұлым, жалғыз ұлым дей берді…

Ләззат ҚАПЫШЕВА